Республика күні қарсаңында өткен спорттық нысанның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төр-ағасы Нұрбек Қарасаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай тұрғындарды жаңа спортзалдың ашылуымен құттықтады. Аталған нысандар ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, бұқаралық спортты дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерде бұқаралық спортты дамытуға және жастарды спортқа тартуға ерекше назар аударылып келеді. Ашылып отырған залдар – соның нәтижесі. Осындай заманауи спорт нысандары арқылы ауыл жастарының денсаулығы нығайып, ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар өсіп шығады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Мұнайшы мен Жетібайда бұрын-соңды мұндай заманауи үлгідегі ангар типті спортзал болмаған. Осы орайда жобаның сәтті әрі уақытылы орындалуы «AMANAT» партиясының, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаевтың және облыстық мәслихат депутаттарының бақылауында болды.
«AMANAT» партиясы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде спорттық нысандарды көбейту бағытында жүйелі жұмыстарды жүргізуде. Бұл ретте партия әрбір жобаның сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстайды. Жетібай мен Мұнайшы ауылдарында ашылған ангар типтегі спортзалдар – соның айғағы. Мұндай нысандар ауыл жастарының спорттағы жетістіктерін арттыруға зор мүмкіндік береді», – деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Әр нысанның аумағы – шамамен 1 500 шаршы метр. Бір мезетте 50-ге жуық адам жаттыға алады. Залда күрес түрлері, футбол, волейбол және баскетбол үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары қос спорттық нысанның ашылғанына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жетібай ауылында алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі салынды. Алдағы уақытта аталған қос спорт нысаны осы мемлекеттік мекеменің теңгеріміне беріледі.