Сенімге құрылған саяси серіктестік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббпен келіссөз жүргізді.

Жоғары деңгейдегі келіссөздерге дейін Ақорда резиденциясында Финляндия Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Протокол тәртібіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалғаннан кейін президенттер шағын құрамда кездесу өткізді.

– Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынты­мақтастықты дамытуға тың серпін беру тұр­ғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара тү­сіністікке негізделген ықпалдастық орна­ған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сау­да салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіз­дің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-фо­румның орны ерекше. Бүгін аталған жиын­ға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іс­керлік байланыстарды өрістетуіне зор сеп­тігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бө­лек, гуманитарлық ынтымақтастыққа ай­рық­ша мән береміз. Қазақстандықтар Фин­лян­дияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көпте­ген отандасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер ара­сындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүм­кін­діктерге жол ашатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Александр Стубб қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын біл­діріп, бұл сапарды асыға күткенін айтты.

– Бұл – менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финлян­диядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компания­ның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты таны­мал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Бір­шама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдай­лардың шешімін табуға бірлесе ұмтыла­мыз, – деді Финляндия Президенті.

Бұдан кейін Қазақстан мен Фин­ляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты. Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады.

Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкерші­лік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стан­дарттары әлемдік деңгейде мойын­далғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі.

– Сіздің басшылығыңызбен Фин­ляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүниежүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Фин­ляндиямен достық қарым-қаты­насқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтас­тықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкіметаралық комис­сиясының жұмысы маңызды рөл ат­қарады. Президент фин делегация­сының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды.

Еліміз Финляндия компания­лары­мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көр­сетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Өз кезегінде Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нары­ғындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

– Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкер­лердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюро­кратияға жол беруге болмайды» деді. Бұл дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай, – деді Финляндия Президенті.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тараптардың ортақ ұстаным­дары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапты. Александр Стуббтың елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды.

Олардың арасында:

1. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндия Республикасының Радиа­циялық және ядролық қауіпсіздік бас­қармасы (STUK) арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пай­да­лану бағытындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы мин­истрлігі арасындағы су ресурстарын бас­қару мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Фин су форумы (Finnish Water Forum) және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ара­сындағы су ресурстарын цифрландыру және басқару бағытындағы зерттеушілік және білім беру әлеуетін қалыптастыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

4. «Бурабай» курортында туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;

5. Қазақстанда экологиялық ауылды дамыту жобасы жөніндегі өзара түсін­істік туралы меморандум;

6. «Теңіз жасағы» АҚ мен Lamor Corporation Plc компаниясы арасындағы мұнайдың апаттық төгілуін жою және теңіз операцияларын қолдау саласын­дағы ынтымақтастық туралы мемор­андум секілді басқа да келісімдер бар.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатыс­ты. Осы орайда Қазақстан басшысы елімізге ресми сапармен келген Фин­ляндия Президенті Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.

– Финляндия – халқымыз өте жақ­сы білетін ел әрі Қазақстанның страте­гиялық деңгейдегі аса маңызды серік­тесі. Қазақ-фин бизнес форумы­ның табысты өтуіне тілектеспін. Пре­зидент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтер­гені үшін ризашылығымды біл­діремін. Басқосу­дағы пікірталастар қос мемлекет ара­сын­дағы сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық ынтымақ­тастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктес­тігіміз шынайы достыққа, өзара түсініс­тік­ке, сондай-ақ халықтары­мыз­дың ин­новация, орнықты даму және өркен­деу жолындағы ортақ ұмтылыс­тарына негізделген, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

– Бүгін Президент Александр Стуб­бпен жүргізген келіссөз барысында Қа­зақстан мен Финляндия арасындағы серік­тестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екен­імізді растадық. Былтыр Фин­лян­дия­ның Қазақстанға құйған тікелей инвес­тициясы 80 пайыздан асып, жал­пы есебі жарты миллиард долларға жуық­тады. Финлян­дия инновация және технология салалар­ындағы көш­бас­шылығымен дамыған ел­дер­дің бірі ретінде әлдеқашан мойын­далған. KONE, Nokia, Fortum секілді компания­лар – ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өр­кендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қаз­ақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олар­дың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nur­minen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кең­ейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвес­тициясының және іскерлік тобының артуына бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биылғы үшінші тоқсанда Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйым­дардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады деп күтілуде.

– Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бі­рінші орынға ие. Дегенмен бұл көр­сеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 миллиард долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіп­орын­дар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үл­есі шамамен 40 пайыз. Біз бұл про­грес­­ке экономикада, сонымен бірге сая­сатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отыр­мыз. «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» стра­тегиялық қағидаты – еліміздің саяси бағытының негізгі өзегі. Бұл 2027 жылы жалпыұлттық референдум барысында қабылданатын конституциялық рефор­ма­лардан кейін де Қазақстанның пре­зи­денттік республика болып қала бере­тінін көрсетеді. Сәйкесінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ішкі саясаты­мыздың басты бағдарына айналды. Заң үстемдігі экономикалық реформаларды табысты жүргізуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы UNCTAD мәлі­меті бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвес­ти­цияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 миллиард доллардан асатын жобалар­дың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жет­кізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан мен Финляндия арасындағы ынты­мақтастықтың бірқатар перс­пек­тивті салаларына назар аударды.

– Еуразияның қақ төрінде орна­ласқан Қазақстан – Шығыс пен Ба­тысты жалғастыратын стратегиялық аймақ. Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүк­тің 85 пайызға жуығы еліміздің аумағы­мен өтеді. Бұл құрлықтағы қатынастың маң­ызды күретамыры саналады. Жұрт­шылық Орта дәліз деп танитын, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағ­дар­ын дамыта отырып, Қазақстан құр­лы­қаралық сауданың орталық арнасы ретіндегі рөлін нығайта түседі. Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo біре­гей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаң­ғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.

– Біз тәжірибе мен озық техно­ло­гиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атом қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стра­те­гиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өс­еді, ал 2040 жылға қарай екі есе артады.

– Еліміз жаһандық ірі уран өн­дірушілердің бірі саналады, яғни әлем­дік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның Атом энергия­сы жөніндегі агенттігі мен Финляндия­ның Радиациялық және ядролық қауіп­сіздік басқармасы (STUK) ядролық отын­ды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатты. Біз бұл ынтымақтастықты құп­таймыз. Осы орайда Суомидің қау­іп­сіздік және орнықты ядролық шешім­деріне арқа сүйей отырып, ядро­лық қалдықтарды басқару бойынша бірлесе әрекет етуге әзірміз. Сонымен қатар Қа­зақстан көмір энергетикасы сала­сын­да таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады. Біздің стра­тегиямыз шығарындыларды бар­ынша азайту үшін заманауи техноло­гияларды енгізуге және өнеркәсіптің, әсіресе электр энергиясы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сон­дықтан біз келешегі зор ынтымақ­тас­тыққа фин сарапшыларының қатысуын қуаттай­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде инно­вациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Фин­ляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген.

– Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өн­діреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финлян­дияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті авто­маттандыру салаларында озық шешім­дер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүм­кіндік мол екенін байқаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айту­ынша, Қазақстан егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 миллион тоннаға жуық бидай және 2 миллион тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.

– Елдеріміздің өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірлескен кәсіпорын құру­ға мүмкіндігі бар. Осылайша, аграрлық өндірістің бүкіл тізбесінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға болады. Біз ынтымақтастықтың нақты тетік­терін қалыптастырдық. Акаде­миялық алмасу­ды жандандыру және Erasmus+ бағдар­ламасы аясында бірлескен жобаларды ілгерілету мақ­сатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универ­ситеті мен Шығыс Финляндия универ­ситеті серік­тестік орнатты. Қазақ­стан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруа­шылығының иннова­циялық, орнықты әдістерін енгізу сала­сында бірлескен зерттеулерді дамытуға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жасанды интеллект сала­сындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бизнес форум қатысу­шы­лары­на Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді.

– Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттар­ында серіктестікті жолға қоя аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халық­аралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сала­ларындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуде мол әлеует бар екенін атап өтті.

– Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар. Біз ағаш кесудің эко­логиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдар­ламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз. Финляндияның осы салалардағы озық тәжірибесі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Бұдан бөлек, бірлескен зерттеулер мен инвестицияға жол ашады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақ­мерзімді серіктес болуға ұмтыла­тынын айтты.

– Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолын­дағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасал­майды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байлан­ыс орнатылып, сенім нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.

Финляндия Президенті қазақ­стан­дық кәсіпкерлер жұмысының тиімді­лігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылым­дарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.

– Біз құбылмалы, болашақты бол­жау қиынға соғатын, күрделі геоэ­ко­номикалық әлемде өмір сүріп жатыр­мыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақ­стан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осын­дай уағдаластықтар тұрақтылықты қам­тамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсініс­тік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық, – деді Александр Стубб.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Ұлттық музейге барды. Музейде Қазақстан мен Финляндия президенттеріне ежелгі заманнан бастап қазіргі дәуірге дейінгі кезеңді қамтитын бірегей тарихи-мәдени құндылықтар таныстырылды.

Мемлекеттер басшылары Көне түркі өркениеті, Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялары, Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залдарын аралап, аса құнды тарихи жәдігерлерді көрді.