Биылғы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы» екенін ерекше атап өтті. Осы ретте Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Берік Бейсенғалиев әсіресе, ТҮКШ саласындағы жылумен қамту мәселесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының басты факторы айналып отырғанын айтты. Оған соңғы жылдарда Риддер, Екібастұз және МАЭК-тегі сияқты Қазақстанның жылу электр орталықтарында болған апаттар дәлел, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жылу жүйелерінің жалпы тозуы негізгі күн тәртібінде, бұл мәселе – «AMANAT» партиясында да Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңес аясында тұрақты түрде қаралатын мәселелерді бірі.
Мәселен, биыл жылыту маусымының алдында өңірлерге барып, олардың дайындығы мәселесін бақылау нәтижесі бойынша бірқатар жылумен қамтамасыз ету нысандарында апаттық немесе төтенше жағдай болып қалу қаупі анықталған.
- Атап айтқанда, жылу желілерінің тозуы – Жамбыл облысының Шу қаласында 70%-ға, Орал қаласында ЖЭО 86%-ға дейін, Қарағанды қаласында 81%-ға, Павлодарда 79%-ға жеткені және Қостанай облысының Арқалық қаласында 70%-ға дейін тозғаны белгілі болды. Мұндай жағдай қаралған аймақтардың барлығына дерлік тән, - деп нақтылады Мәжіліс депутаты.
Тексеріс нәтижесіне сүйенсек, ескірген желілердің жарылып, істен шығуынан басқа да теріс салдары жеткілікті. Оларға үлкенді-кішілі апаттардың жиілеп кетуін, температураның төмендеп кетуі және жылу энергиясының шамадан тыс жұмсалуы сияқты жағдайларды жатқызуға болады. Бірінші кезекте олардан түпкілікті тұтынушы, яғни қарапайым халық зардап шегеді.
Биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ерте басталып, тұтынушылар жылумен қамтылды.
- Дегенмен "жаман айтпай жақсы жоқ" демекші, еліміз бойынша жылу желілерінің орташа тозығы 52% екенін және жылу электр орталықтарының 76%-ы 50 жылдан, одан қалғандары 30 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқанын ескерсек, кез келген елді мекенде апат туындап қалу қаупі мүмкін, - деп атап өтті Берік Бейсенғалиев.
Осыған байланысты депутат мынадай іс-шаралар кешенін ұсынды:
- Өңірлердегі тозығы 60%-дан асқан жылу желілерін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жаңғырту бойынша жұмыстарды жеделдету және жылумен қамту бойынша жеке блокты бөліп шығарып, Ұлттық жоба мен өңірлік бағдарламалардың үйлесімділігін қамтамасыз ету;
- Неғұрлым тозығы жетіп, апаттық жағдай алдында тұрған, жылу трассаларын, жылу электр орталықтары мен қазандықтарды қайта жаңарту үшін, әсіресе тозу деңгейі сын көтермейтін өңірлерге Орта және ұзақмерзімді бюджет жоспарлау аясында жеткілікті әрі тұрақты қаржыландыруды қарастыру;
- Ескірген жылу желілеріне түсетін жүктемені азайту және олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін энергия үнемдеу технологиялары мен баламалы энергия көздерін пайдалануды кеңейту;
- Жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инвестиция тартуды күшейту, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері мен «жасыл» облигацияларды шығару;
- Саланың кадрлық және ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру, жылу электр орталықтары үшін мамандарды даярлаудың мақсатты бағдарламаларын енгізу және отандық жабдық өндірушілерін қолдау.