Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Финляндия президенті Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.
– Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Қазақ-фин бизнес форумының табысты өтуіне тілектеспін. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халықтарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Финляндия президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Бүгін президент Александр Стуббпен жүргізген келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенімізді растадық. Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты миллиард долларға жуықтады. Финляндия инновация және технология салаларындағы көшбасшылығымен дамыған елдердің бірі ретінде әлдеқашан мойындалған. KONE, Nokia, Fortum секілді компаниялар – ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өркендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Финляндия президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.
– Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық, – деді Александр Стубб.