Тағы бір соғысқа дайындалып жатыр ма? АҚШ ұшақ тасымалдаушы кемелер тобын Оңтүстік Америкаға жібереді

Пентагон өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа әскери топтың басты міндеті — АҚШ пен Батыс жартышардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

АҚШ Латын Америкасы мен Кариб теңізі аймағында әскери қатысуын күшейту мақсатында USS Gerald R. Ford ұшақ тасымалдаушы кемесі мен оған ілескен соғыс кемелер тобын аймаққа жібереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Reuters мәліметінше, бұл шешім аймақтағы шиеленістің күшеюімен және қауіпсіздік мәселелерінің ушығуымен байланысты.

Пентагон өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа әскери топтың басты міндеті — АҚШ пен Батыс жартышардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Кемелер есірткі саудасына және трансұлттық қылмыстық топтардың әрекетіне қарсы операцияларға қатысады.

USS Gerald R. Ford кемесі аймақта бұрыннан қызмет етіп жүрген соғыс кемелері, ядролық сүңгуір қайықтар және F-35 ұшақтарымен бірлесіп әрекет етеді.

Бұл қадам Венесуэламен және Колумбиямен қарым-қатынастың нашарлаған тұсында жасалды. АҚШ Венесуэла үкіметін есірткі саудасына қатысы бар деп айыптаса, Николас Мадуро әкімшілігі мұны елдің ішкі ісіне араласу деп бағалады.

Вашингтонның бұл әрекеті аймақтағы ықпалын күшейтуге және Латын Америкасындағы тұрақсыздық қаупіне жауап ретінде қарастырылып отыр.