Шаһар шежіресін түгендеген басылым

Астанадағы Достық пен Мәңгілік ел даңғылы қиылысындағы редакциядан адам аяғы үзілген емес.

Бірде алғысын арқалап ақсақалдар келсе, енді бірде мұң-зарын айтып көпбалалы аналар келеді. Бәрі де мәселесінің қала әкіміне, билік орындарына жететініне үмітті. Себебі ASTANA AQSHAMY газеті елорданың ғана емес, елдің де сөзін сөйлеп, жоғын түгендеп жүрген басылым.

Биыл бас қаланың басты газет­тері «Астана ақшамы» мен «Ве­черняя Астанаға» 35 жыл толып отыр. Бұл – бір ұрпақтың ғұмыры­мен пара-пар уақыт. Жақында айту­лы мерейтойды Elorda aqparat медиахолдингінің бас директоры Олжас Сыдықбектің ұйытқы бол­уы­мен қос газет дүркіретіп атап өтті. Осы кезең ішінде басылым ел өміріндегі сан түрлі өзгерістер мен тарихи бетбұрыстардың куәсі болып қана қойған жоқ, сол өзге­ріс­тердің ортасында жүріп, қоғам­мен бірге өсіп, елмен бірге кемел­денді. Газет алғаш рет 1990 жылы жарық көрді. Ол кезде астана әлі Ақмолаға көшпеген еді. Дегенмен жаңа елорданың қалыптасуымен бірге газет те жаңа тыныс алды. Тә­уелсіздіктің алғашқы жылдар­ын­дағы қиындық пен қуан­ыш­, елордаға көштің басталуы, жаңа қала құрылысының қарқыны бәрі-бәрі осы басылымның бет­ін­де айшықталып отырды. 

Ақмола атауын қаладан бұрын иеленді 

– Осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылдың қоңыр күзі... Михаил Гор­бачевтің Кеңес Одағы деген алып елдің тізгінін ұстағанына бес жыл­дан асқан, қайта құру, жеделдету, жариялылық сияқты тың науқан­дар нәтижесінде қарыштап ілгері басып, гүлдене, өркендей береді деген қызыл империя керісінше кері кетіп, көбесі сөгіле бастаған сәт еді. Міне, осындай сәтте Одақ құрамын­дағы Қазақстан Тәуелсіз­дік деклара­циясын жария етті. Бұл 1990 жыл­дың 25 қазаны болатын. Қызыл им­перия шеңгелі босаңсып, көбесі сетіней бастаған сәтте әр ұлт өтке­ніне көз жүгіртіп, жоғалғанын тү­гендеуге кірісті. Ғасырлар бойы ең­сесі езілген қазақ жұрты да қарап қал­ған  жоқ. Ең алдымен, газет ашты. 1989 жылы еліміздегі ірі шаһар – Шымкентте «Шымкент келбеті» басылымы дүниеге келсе, 1990 жыл­дың 13 қазанында Халық депутат­тары Целиноград қалалық кеңесінің шешімімен «Ақмола ақи­қаты» апта­лық газеті оқырманға жол тартты. Қала ол кезде әлі Ақ­мола атын алған жоқ, нағыз ақи­қаттың да ауылы алыстау еді. Сол тұста қазақы рух­тың, тәуелсіздіктің ақжолтайындай болған басылым қала тұрғындары­ның тек 18 пайы­зы ғана қазақ бол­ған, ұлт саны аз қалада ұлттың еңсе­сін көтеріп, жо­ғалғанын түгендеуге алғашқы нөм­ірлерден-ақ атсалыса бас­та­ды, – деп өткенді еске алды «Аста­на ақшамының» бас редакторы Еркін Қыдыр. 

«Ақмола ақиқаты» бұрынғы Целиноград қаласында қазақ тіл­інде шыққан алғашқы басылым бол­ды. Бұған дейін өңірде тек обл­ы­с­тық деңгейдегі «Коммунизм нұры» (кейін «Арқа ажары») және «Қараөткел» газеттері ғана шыққан еді. Осылайша, ақиқат шындыққа айналып, уақыт өте келе Арқаның төсіндегі шаһардың байырғы «Ақ­мола» атауы ресми түрде қалпына келтірілді. Кенже Жұмағұлов «Ақ­мола ақиқаты» газетінің алғашқы бас редакторы болды. Ол кезде жур­налистика факультетін енді ғана бітіріп келген жас маман мұн­дай жауапкершілікті жатсынған жоқ. Керісінше, қазақ руханиятына жаны ашитын, шағын, бірақ жі­герлі ұжым құрды. Бастапқы сәт­тен-ақ ұжым аптасына бір рет шы­ғатын газет бетінде қаланың күн­делікті тіршілігін, тұрғындар­дың мұң-мұқтажын, ұлттық рухан­ият­тың жаңғыруын бейнеледі. Қиын кезеңде, егемендікке бет бұрған тұста, әр жазылған сөздің салмағы ауыр болды. Дегенмен жас редактор мен ұжымы жария­лы­лық­тың жаршысы ретінде қо­ғам­дағы өзекті тақырыптарды көт­еруге, шын­айы пікірді жеткізу­ге барын салды.

Басылымды басқарған редакторлар

1997-1998 жылдары астананың Алматыдан Ақмолаға көшуі газет атауына да әсер етпей қоймады. Сол тұста басылымның кейбір саны «Ақмола ақшамы» деген атау­мен шықса, кейін «Астана ақшамы» атауына тұрақтады. Де­ген­мен біраз уақыт басылым «Ас­тана хабары» деп те жарияланған кездер болды. Ал газетті әр жыл­дары Жұмагүл Саухат, Мағжан Сады­ханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Ерболат Тілек­қа­былұлы, Аяған Сандыбай, Зейін Әліпбек сынды білікті журналистер басқарып, басылымның өркен­деуіне аянбай үлес қосты. Бірі га­зет­те өндіріс пен экономика тақыр­ыптарына бас­ым­дық берсе, енді бірі руханият пен мәдениетке ден қойды. Ал Амантай Шәріп жетек­шілік еткен жылдары газет «Айна­лайын», «Айқаракөз», «Алқоңыр» сынды қос­ымшалармен шығып, ауди­то­р­иясын одан әрі кеңейтті. Ерболат Қамен басқарған тұста, редакция оң жағалаудан Бәйтерек­тің іргесіне көшіп келді. 

– Арман артынып Астанаға келген кезіміз еске жиі оралады. Оралған сайын ен елордадан алғаш танығандарымның бірі Амантай Жарылқасынұлынан ой айнал­ды­рып өту қиын. Амантай Жарылқа­сынұлы өзімізді жас тілші кезіміз­ден ресми-бейресми көп ортаға тартып, көп жайсаңға таныстырды. Елордалық ұғымға еркін енуімізге елеулі үлес қосты. Әсіресе, біз байқаған бас редактор Амантай Шәріптің мәтін тексеру мұқият­тығы – жөні бөлек әңгіме. Екі сөйлемдік газеттік хабарламаға тақырып қою үшін екі сағат ойла­нуға бар. Ойлау жылдамдығы ша­бандығынан дей алмаспыз, әрине. Ғалымдық адалдықтан сіңіргені. Қазақ қара сөзіне көзқарасы кір­пияз қаламгер Мақсот Ізімұлының былай дейтіні есімде: «Амантайдың сөздерінің арасына қыл сыйғызу қиын. Ол ол ма, бір сөзін алып тас­тасаң, жазғаны түгел ақсап қала­тындай қаланып тұрады», – деп өткенге көз салды Ерболат Қамен. 

Иә, «Астана ақшамы» талай жур­налистің бағын ашқан баспа­сөз. Отыз жылдың ішінде газет тек ақпарат таратушы ғана емес, шынайы кәсіби мектепке айналды. Бүгінде «Ақшамның шеберха­на­сынан» шыққан мамандар елі­міз­дің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, қазақ журналистикасының дамуы­на өз үлестерін қосып жүр. Себебі, басылым әр журналиске ойлы пікір айтуға, қоғамдағы өзекті мәсе­лелерді көтеруге мүмкіндік береді. 

Баспасөздің бүгінгі белесі

Бүгінде «Астана ақшамы» газеті абырой биігінен ешқашан төмен­демеген. Басылымды 2017 жылдан бері белгілі журналист Еркін Қы­дыр басқарып келеді. Ол редак­ция­ға келген әр журналиске жанашыр­лық танытып, жазудың қыр-сырын үйретуден ешқашан жалыққан емес. Біз де сол «Еркін ағайдың мек­тебінен» өтіп, жур­налистика­ның алғашқы әліппесін үйрендік. Ал бас редактордың орын­басары Ғалым Қожабеков – газетке алғаш­қы толқынмен кел­ген тәжірибелі журналистердің бірі. Газеттің ши­рек ғасырлық тарихын ол он жыл бұрын арнайы кітапқа айнал­дырып шығарған. Бұл – әр ақшам­дықтың газетке деген адал махаб­батының айғағы. Сол себепті «Ас­та­на ақшамы» тек ұжым емес, нағыз үлкен отбасы, әр мүшесі өзге мүшелерін қолдап, бірге дамып келе жатқан біртұтас рухани орта. 

– Облыстық және респуб­ли­калық басылымдарда отыз екі жыл еңбек еткен соң тағдыр тартуымен 2017 жылы «Астана ақшамының» табалдырығын аттадым. Өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұйымшыл ұжым үнемі ізденіс үстінде. «Қала мен сала» айдарымен үлкен мега­по­лис тіршілігінің сан қатпарына үңілсек, «Шаһар шежіресі», «Та­лайғы тарих» арқылы өткенге көз жібердік, ескі ғимараттар тарихын бедерледік. Әлемдегі өзге үлкен қалалардан не үйренуге болады деп «Әлем астаналары», «Үйренетін үрдіс» атты тұрақты ай­дар аштық. Ал «Көрші ақысы» деген бетте бауырлас, іргелес ел­дердегі назар аударып, үлгі алатын мәселелер ортаға салынды. «Ұлт ұпайы», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Мемле­кет­тік мәселе», «Иман­та­ра­зы» ай­дарлары арқылы еліміздің киелі жерлері, агломерация, инно­вация, цифрландыру, демография, мигра­ция, қазақыландыру, имандылық сияқты тақырыптар үнемі қозғал­ып отырды. Әсіресе, газетті бұр­ын­ғы ірі өндіріс орындарында, аудан­дарда шығатын көптиражды басы­л­ымдардың кіші ауқымдағы А2 форматынан әлемдік, еуро­па­лық стандарт – Д2 форматына көшіруіміз оның мазмұны мен безендірілуін тартымды етуге қол жеткізді. Ұжым ізденісі бағаланып, 2018 жыл соңында Қазақстан Пре­зидентінің Алғыс хаты мен респуб­ликалық «Нұр сұңқар» сыйлығына ие болдық, – дейді бас редактор Еркін Қыдыр.

Қазір «Астана ақшамы» қағаз және онлайн форматта қатар жұ­мыс істеп, оқырманға заманауи үлгіде ақпарат ұсынуда. Жас жур­налистер мен тәжірибелі қалам­герлер тізе қосып, елорда өмірінің айнасына айналған материалдар легін үзбей жариялап келеді. Газет­тің әлеуметтік желідегі белсенділігі де артып, оқырман қауымымен байланыс нығая түсті.

35 жыл ішінде бұл басылым талай журналистің шығарма­шы­лық мектебіне айналды. Мұнда қалыптасқан дәстүр – кәсіби адалдық, шынайылық және елге қызмет ету. Осы ұстаным газет ұжымының әрбір мүшесіне ортақ қағида.

«Астана ақшамының» 35 жыл­ды­ғы – елордалық журн­алисти­ка­ның жетістігі ғана емес, тұтас отан­дық бұқаралық ақпарат құрал­дарының даму тарихындағы маң­ызды белес. Басылымға жаңа та­быс­тар мен оқырман ықыласы толастаусыз болсын дейміз!

Көктем ҚАРҚЫН