Қызылорда облысында Республика күніне және Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толуына орай мерекелік шаралар тізбегі бастау алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мерейлі мезетте «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Менің елім – Менің туым» акциясы аясында қала орталығының көрікті жерлеріне ту ілуде Сыр жастарының жоғары белсенділігі байқалды. Жалпыұлттық бірлігіміздің нышанына айналған бұл шара көпшіліктің қолдауына ие болды.
Жалпы партия ықпалымен еліміз бойынша бұл игі бастама төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын шараға «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері, еріктілер және қала тұрғындары атсалысып жүр.
Мәліметке сәйкес, биылғы акцияға еліміз бойынша 2 мыңнан астам жастар қатысып, 10 мыңға жуық туды қала мен аудандарда, ауылдарда аулалар мен орталық көшедерге ілуге күш салып жатыр екен. Өз кезегінде Қызылорда қаласы бойынша «Жастар рухы» Жастар қанатының 20 жас буын өкілдері белсенділік танытып, 45 туымызды көк жүзінде желбіретті. Осылайша Сыр халқына мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Жалпы биылғы Республика күні мен дербестікке жол ашқан Декларациямыздың қабылданғанына 35 жыл толған мерейлі мерекенің еліміз үшін мәні ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Республика күні мерекесі халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді. Осы ретте «AMANAT» партиясының 25 қазан – Республика күні қарсаңында ұйымдастырған «Менің Елім – Менің Туым» акциясы Отанға деген сүйіспеншілік пен ел бірлігінің жалпыұлттық нышанына айналды. Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бастамаға Қызылорда қаласының «Жастар Рухы» Жастар қанаты белсенділері, еріктілері мен қала тұрғындары атсалысуда. Нәтижесінде биылғы жылы 20 жас рухтастар Қызылорда қаласындағы Сол жағалауға өтетін аспалы көпірге 30 ту және қаламыздың орталығындағы “Grand plaza” ғимаратына 15 ту ілді. Осы арқылы бекем бірлігімізді айшықтап, Сыр жастарының бойынан Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімін арттыруды мақсат тұтамыз», - деді бұл жайында "Жастар рухы" Жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Әсетхан Баймұрза.
Сыр өңірінде мерекелік шаралар мұнымен шектелген жоқ. «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының мерекелік арнайы салтанатты марапаттау шарасы өтті. Жиында партия ұйымының белсенді мүшелері мен қоғам өміріне елеулі үлес қосқан азаматтар партия Төрағасының Құрмет грамотасы, сондай-ақ, партияның облыстық филиалы Атқарушы хатшысының алғыс хаттарымен марапатталды.
Сол сияқты, облысқа қарасты Сырдария ауданында Республика күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясының қатары жаңа мүшелермен толығып, бір топ азаматқа партиялық билет табысталды.
Жалпы Сыр өңірінде мереке күндері бірқатар ауқымды шара өткізу жоспарланған. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, «Қыран елім - Қазақстан» тақырыбында жастардың мәнерлеп оқу сайысы ұйымластырылса, қала тұрғындарына «Республика күні – елдігіміздің белгісі» атты ақысыз негізде білікті заңгерлердің құқықтық кеңес беру акциясы өткізілді. Бұған қоса мереке күні Мемлекеттік Әнұранды жаппай орындау, поэзия кеші, театрландырылған қойылым, «Үздік келін-2025» байқауы, «Чемпионмен бірге жүгір» атты мерекелік жүгіру марафоны, «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Таза Қазақстан – Таза аймақ» жастар эко-акциясы сынды бірқатар мерекелік шаралар өткізу көзделіп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.