Әлемді бағындырған қос талант

Алтын күз – береке мен ырыстың бастауы. Бұрын егістіктен жиған молшылықты ел-жұрт әндетіп, қыстың амандығын тілейтін. Бүгінде сол тілек өзгермеді. Күз – ырыс пен берекенің мерекесіне айналды. Мерекелік шара ретінде балабақшадан бастап, барлық білім ордалары атайтыны белгілі. Астана қаласы Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназия оқушылары, яғни көзі нашар көретін және көзі мүлдем көрмейтін балалары да жылдағы әдеттен аспады.

Мектеп басшылығы алтын күз шарасына қатысушыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.

– Біздің мектеп үшін әрбір оқушының орны ерекше. Олардың әрбірі талант, дарын иесі. Осындай ерекше жандардың бізде біліммен сусындап жатқанына қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, бізде дені сау балалармен бірге білім алатын ереше оқушыларымыз да бар. Біз оларды емес, олар бізді мейірімділікке, қажымас қайрат пен жігерге тәрбиелеуде. Осы балаларға қолдау көрсетіп, әрдайым демеп жүрген әр ата-анаға шексіз ризамын, – деді мектеп директоры Бақытжан Шарапбекұлы.

Кешті 9 «Е»-сынып оқушылары Ералы Сабина мен Бақыт Жансая ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Күз» өлең жолдарымен ашты. Әсем әуеннен жалғасқан шарада 2 «Е»-сыныбы Абай атамыздың «Көзімнің қарасын» фортепианода ойнап берді. Көрерменін «Лапылда» флешмобымен тамсандыртқан оқушылар өздерін өнерден құр алақан еместігін көрсетті. Артынан күзгі балға арнап тігілген киім үлгілерінен сән көрсетілімі жасалды. Талантқа тұнған оқушылардың арасында республикалық ғана емес, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, жеңістің биік тұғырынан елімізді танытқан жасөспірім өте көп.

Соның бірі – Абылай Мұстафин. Жақында ғана Англияда өткен халықаралық байқаудың гран-при иеленген. Өзі пианинода 2018 жылы ойнай бастаған. Сөйтіп, Роза Бағланова атындағы №2 музыкалық мектеп биыл қызыл дипломмен бітірген.

– Өзіме фортепианода ойнаған ұнайды. Әсіресе, Фредирик Шопен, Иоганн Себастьян Бахтың шығармаларын көп тыңдаймын. Қазір Моцарттың шығармасына дайындалып жатырмын. Күніге мұғаліммен екі сағат  айналысып, артынан үйде де жаттығамын. Одан бөлек, IT технологияға қызығамын, – дейді Абылай Мұстафин.

Анасының айтуынша, Абылай тумасынан ән тыңдағанды жақсы көрген.

– Абылай дүниеге келісімен шала туған нәрестелердің патологиясымен жансақтау бөліміне түскен. Сол он күнінен әнші Мейрамбек Беспаевтың әнін тыңдайтын. Өзіміз «бір айлық бала не түсінеді» деп ойлайтынбыз. Бірақ 1 жасында Петр Чайковскийдің «24-ші симфониясын» тыңдайтын, – деді анасы Әлия.

Қазір Абылайдың үй іші оның мектеп бітіруін күтіп жүр. Қызыл аттестатқа үмітті оқушы өзі де есептен осал емес. Ол болашақ мамандығы ретінде IT саласын таңдап отыр. Ал оның өнерін анасы қаннан берілген қасиет деп санайды. Себебі ол кісінің әкесі көзі тірісінде фортепиано да, мандалин да ойнаған.

Өнерімен елді бағындырған осы мектептің тағы бір түлегі – Мөлдір Жантөре.  Үш жасынан әуезді әнді тыңдаған ол, 7 жасында ән айта бастаған.

– Маған Андреа Бочелли, Стиви Уандердің орындауындағы әндерді тыңдаған ұнайды. Вокалдан сабақ аптасына екі рет өтсе де, өзім күнбе-күн дайындықтан бас көтермеймін. Мектеп бағдарламасына ілесу  ауыр емес, тек математика пәнінен кішкене қиналамын. Арманым – кәсіби опера әншісі атанып, әлемдік сахналарда шырқап, жер жаһанның әр түкпірін шарлағым келеді. Бос уақытымда кітап оқимын. Оған қоса, компьютер мен телефонды еркін пайдаланамын, – дейді Мөлдір Жантөре.

Жақында ол Алматыда өткен инклюзия бойынша бүкіләлемдік конгреске еліміздің атынан қатысып, «Қазақ вальсін» орындаған. Оған әлемнің 50 шақты мемлекеті қатысқан. Бұған дейін Мәскеудегі Диана Гурскаяның «Белый трость» фестиваліне қатысып,  Александр Панайотовпен бірге ән шырқаған. Сонымен қатар «Бала шабыты», «Жұлдыз-ай»,  Mеga Star секілді республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанған.

Анасы Хадиша оның кішкентайынан қасықтарды ұрып, әуендетіп отыратынын еске алды.

– Бірде Мөлдірге кішігірім ойыншық фортепиано алып бердік. Содан өзі ноталарды теріп ойнағаны бар. Кейін фортепианоға жазылып, 4-сыныбына дейін оқыды. Мөлдір музыкалы мектепке түспек болады. Алайда жасы жетпегендіктен, оны қабылдамады. Қазір Жастар сарайындағы қосымша дайындыққа өзім апарып жүрмін, – деді Мөлдірдің анасы Хадиша. 

Бүгінде Мөлдір француз, ағылшын, португал, түрік, италиян тілдерін біледі.