«Заң мен Тәртіп»: ШҚО жастары жауапкершілік пен әділеттілік жолын таңдайды

Спикерлер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Республика күні қарсаңында Қазақстан-Американдық Еркін Университетінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында диалог алаңы өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараға университет студенттерімен қатар, Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Спикерлер ретінде сөз алғандар:

Қайырбек Қызырбекұлы Хайдаров — ШҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры;

Сағатбек Қуатбекұлы Малтугелов — ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры;

Жандос Баурланұлы Музтауов — ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі.

Ашық диалог барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы, сондай-ақ заңға бағыну мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Ерекше назар құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке, цифрлық қауіпсіздікке және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтудағы жас ұрпақтың рөліне аударылды.

Спикерлер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Жастар белсенділік танытып, талқылауға қызығушылықпен қатысып, өз пікірлері мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын білдірді.

Іс-шара жылы әрі конструктивті атмосферада өтіп, өңір жастары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда диалог форматының маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді.