Антқа адал «Жас сақшы»

Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Алматы облысында ішкі істер органдарының ардагері Бахтияр Лұқмановты еске алуға арналған үстел теннисі бойынша жарыс ұйымдастырылды.

Отан қорғаушы – жай ғана мамандық емес, бұл – елге адал қызмет етудің, хал­қы­на қалтқысыз берілудің белгісі. Әскери қыз­меткерлер үшін Республика күні – олар­дың адал еңбегі мен елге деген сүйіс­пеншілігінің маңызын сезінетін күн. Себебі мем­лекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығы, ты­ныштығы мен қауіпсіздігі тікелей осы са­ла қызметкерлерінің жанқиярлығына бай­ланысты. Мереке қарсаңында еліміздің түк­пір-түкпіріндегі әскери бөлімдерде сал­та­натты жиындар, саптық шеру, марапаттау рә­сім­дері өтеді. Бұл – ерлік пен батыр­лық­тың, антқа адалдықтың көрінісі. Сонымен қа­тар жас сарбаздарға әскери ант беру рә­сімі де осы күндері жиі ұйымдастырылады. Қа­зір Қазақстан Қарулы Күштері – за­ма­науи техникамен жабдықталған, кәсіби дең­гейі жоғары, жауынгерлік қабілеті мы­ғым армия. Әскери қызметкерлер ел қауіп­сіз­дігімен қатар халықаралық бітімгершілік миссияларда да өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп келеді. 

Осыған орай ұйымдастырылған іс-шара Ішкі істер департаментінің тәлімгерлер кеңе­сінің қолдауымен өтті. Шараның бас­ты мақсаты – ішкі істер органдары арда­герлеріне құрмет көрсету, қызметкерлер ара­сында салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық рух пен достық қарым-қа­тынасты нығайту. Жарысқа барлығы 47 ар­дагер мен тәлімгер, сондай-ақ 35 жас қыз­меткер қатысты. Қатысушылар тартыс­ты ойын көрсетіп, жоғары спорттық дайын­дық пен ерік-жігер танытты. Турнир қо­рытындысы бойынша үздік ойыншылар ал­ғысхаттармен, медальдармен және ку­бок­тармен марапатталды. Осындай спорт­тық шаралар ұрпақтар сабақтастығын ны­ғайтып, қызметтік және адамгершілік дәс­түрлердің сақталуына ықпал етеді.

Республика күніне арналған шаралар мұ­нымен тоқтап қалған жоқ. Алматы об­лы­сында құқықтық тәртіп пен патриоттық тәр­биеге арналған «Жас сақшы» полиция сы­ныптарының кезекті маңызды іс-ша­расы сәтті өткізілді. Іле ауданының №38 гим­назиясында өткен салтанатты кездесуде 7-сынып оқушылары полиция қатарына қо­сылудың алғашқы қадамы ретінде ант қа­былдады.

«Жас сақшы» жобасы – жас ұрпақты құ­қықтық мәдениетке баулу, тәртіп пен отан­сүйгіштік рухты қалыптастыру мақ­са­тында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұ­мыс. Бұл жобаның жоспарына сәйкес ұйым­дастырылған шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа құқық қорғау орган­дары­ның қызметін таныстыру, олардың пат­риот­тық сана-сезімін арттыру және тәр­тіп­тілікке баулу.

Жиынға 300-ге жуық жасөспірім мен 50-ден астам арнайы қонақ қатысты. Олар­дың қатарында Алматы облысының құқық қор­ғау органдарының өкілдері, аудандық жә­не облыстық білім басқармаларының қыз­меткерлері, ата-аналар комитетінің мү­шелері болды. Бұл көпшілік жиналған ша­ра оқушылардың бойында отансүй­гіш­тік, жауапкершілік және адалдық сияқты адам­гершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталғаны ерекше атап өтілді.

Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сақ­шыларға Калашников автоматының құры­лы­мы толықтай түсіндіріліп, оны бөлшек­теу және жинау тәртібі тәжірибелік түрде көр­сетілді. Бұл оқу қаруын дұрыс қол­дану­ды үйрету ғана емес, сондай-ақ техникалық қауіп­­сіздік пен әскери дайындыққа қызы­ғу­шылықты арттыруға бағытталған. Со­нымен қатар оқушыларға көрсетпелі күрес тәсілдері мен саптық дайындық элементтері көрсетіліп, оларды саптық тәртіп пен әскери дәстүрлерге баулу жүзеге асырылды.

«Заң мен тәртіп» және «Міндет. Ерлік. Абырой» атты тақырыптарда арнайы ұйым­дастырылған әңгімелер оқушыларға құ­қық­тық білім беру мен патриоттық сезімді тереңдетуге септігін тигізді. Бұл дәрістер бары­сында жас сақшыларға елдің қауіп­сіздігіне жауапты болу, қоғамдағы тәртіпті сақтау және құқық қорғау орган­дары қыз­метінің маңыздылығы жан-жақты түсін­дірілді.

Одан әрі іс-шараның көркін көтерген мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы болды. Сонымен қатар гироскутермен мемлекеттік Туды алып шыққан «Жас сақшы» тобының әсерлі кө­рі­­нісі көпшілік назарына ілікті. Бұл көрініс пат­риоттық рухты оятып, жастардың мем­ле­кеттік рәміздерге деген құрметін арт­тыру­ға ықпал етті.

«Жас сақшы» жобасы – еліміздің құ­қық­тық мәдениетін дамытуға және жас ұр­пақты елге қызмет етуге, Отан қорғауға тәр­биелеуге бағытталған маңызды бастама. Мұн­дай іс-шаралар арқылы балалар өзде­рі­нің азаматтық борышын түсініп, қоғам­да­ғы құқықтық тәртіпті сақтау жолында бел­сенділік танытады.

Алматы облысының құқық қорғау ор­ган­дары мен білім саласының бірлескен күш-жігері арқасында патриоттық және құ­қықтық тәрбие жұмыстары одан әрі ны­ғая түседі деген сенім бар. Осы бағыттағы бар­лық бастама еліміздің тұрақтылығы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге жасалып жат­қан маңызды қадамдардың бірі.

Көктем ҚАРҚЫН