Мәртебелі мейманмен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Ильхам Әлиев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-әзербайжан байланысы барлық бағытта қарқын алғанын атап өтті. Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Орта дәлізде ортақ мүдде тоғысады
Мемлекеттер басшыларына қазақ-әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бергені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.
Мемлекеттер басшыларына Орта дәліздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды.
Одан соң Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысын өткізді. Жиынның күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының ерекше сипатын паш ететінін атап өтті.
– Кеңес екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша ортақ шешім шығаратын тиімді алаңға айналды. Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани-мәдени мұра біріктіреді, менталитетіміз бен ұстанымдарымыз ұқсас. Сан қырлы ынтымақтастығымыз осы мызғымас құндылықтардың негізінде дамып келеді. Ильхам Гейдар оглу, Сіздің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыздың маңызы зор. Сіздің сапарыңыз екі ел арасында Стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толған сәтте өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде біз белсенді саяси диалогты жолға қойып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың үздіксіз дамуына берік шарттық-құқықтық негіз қаладық. Осынау жан-жақты әрі дәйекті жұмысты екі ел азаматтары да қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынастарының жоғары деңгейге жетуіне, ең алдымен, Президент Ильхам Әлиев елеулі үлес қосқанына назар аударды.
– Сіздің тұрақты қолдауыңызды жоғары бағалаймын. Бүгінгі Әзербайжанның айтулы жетістіктері Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен тікелей байланысты. Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін арнайы атап өткім келеді. Сіз саяси ерік-жігер мен стратегиялық көрегенділік танытып, күрделі түйткілдерді шешудің және келешек ұрпақ тағдыры үшін жауапкершілік арқалаудың парасатты жолын нұсқадыңыз. Екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластық жаңа кезеңнің бастауы ретінде бүкіл аймақтағы және өңірден тысқары ынтымақтастық көкжиегін кеңейткеніне еш күмән жоқ. Біз бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шын жүректен қуанамыз, мықты әрі прогрессивті мемлекет құру жолындағы асқақ мұраттарының орындалуына тілектеспіз. Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының әлеуеті орасан зор. Оны толық іске асыруға еш кедергі жоқ. Оған берік саяси сенім де, ортақ құндылықтарымыз да, ең бастысы, халықтарымызды жақындастыруға деген шынайы ұмтылыс та бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі.
Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ынтымақтастық көкжиегі кеңейіп келеді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің мемлекеттік сапарын елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды.
– Ильхам Гейдар оглу Әлиев – тарихи масштабтағы көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда және нығайтуда шешуші рөл атқарды. Президент Ильхам Әлиевтің ерен еңбегінің арқасында Әзербайжанның халықаралық аренадағы абыройы мен ықпалы еселеп өсті. Оның қуатты көшбасшылығымен Әзербайжан көптеген салада, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамуда керемет табыстарға жетті. Ауқымды реформалардың нәтижесі еліңіздің қарқынды өзгерісінен, экономиканың орнықты өсімінен, азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Әзербайжанның макроэкономикалық көрсеткіштері орнықтылығымен ерекшеленеді және ел өркендеуінің айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз екіжақты ынтымақтастықты өрістетуде зор табысқа жетті.
Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.
– Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын (немесе жол картасын) қабылдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Әзербайжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумының маңызы зор, – деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.
– Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақмерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни, жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізуде. Шетелдік, соның ішінде қытайлық серіктестердің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының келешегі зор. Келіссөз барысында жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром жүйесін құру мүмкіндігін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.
– Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.
– Қазақстан мемлекеттік қызметті цифрландыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық ерекше орын алады. Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
– Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды.
Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты.