Қазақстан Республикасы Бельгияның Көркемөнер корольдік мұражайында өткен  Global Tourism Forum 2025  халықаралық форумына қатысты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

 World Tourism Forum Institute  (WTFI) ұйымдастырған бұл форум «Өзгермелі әлемдегі туризмді қайта ойлау» ұранымен өтіп, әлемнің 50-ге жуық елінен келген мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Форумның ашылуында БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының жаңадан сайланған Бас хатшысы Шейха әл-Нувайс, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және ЕО-ның туризм және көлік жөніндегі комиссары Апостолос Цетзекостас сөз сөйледі.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен және  Almaty Tourism Bureau  қатысуымен еліміздің ұлттық стендінің тұсаукесері өтті. Онда Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуеті, табиғи және мәдени мұрасы, сондай-ақ тұрақты туризмді дамыту перспективалары таныстырылды.

Форум аясында Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко мен  Global Tourism Forum  президенті Булут Багджы арасында кездесу өтті. Тараптар туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Б.Багджы келесіні атап өтті: «Қазақстан туристік саланы дамытуда заманауи тәсілдерді ұлттық табиғи және мәдени құндылықтарды сақтаумен тиімді ұштастыра отырып, әсерлі прогресс көрсетуде. Біз бұл елге жаңа туристік және инвестициялық бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын байқаймыз».

 Global Tourism Awards 2025 марапаттау рәсімі барысында Алматы қаласы  Tourism Innovation and Urban Transformation  саласындағы арнайы марапатқа ие болды. Бұл жүлде Алматының туристік тәжірибені жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдер енгізу және қалалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жеткен нәтижелерін мойындау болып саналады.

Сонымен қатар Global Tourism Forum  президенті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арналған хрусталь панноны Р.Василенкоға табыс етті. Бұл сыйлық Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты нығайту және тұрақты туризмді әлемдік деңгейде ілгерілету жолындағы жасаған қолдауының жоғары бағасы ретінде берілді.

Қазақстанның  Global Tourism Forum 2025  форумына қатысуы елдің тұрақты туризмді дамыту мен халықаралық серіктестікті тереңдету бағытында нығаюдағы рөлін тағы да айқындады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.