2026 жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 триллион теңге бөлінеді

Мәди Тәкиев Үкіметтің басты міндеті – құрылымдық реформалар мен шығыстардың тиімділігін арттыру арқылы, азаматтардың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті.

Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасап, келесі жылы әлеуметтік төлемдерге қанша қаражат жұмсалатынын мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

 Бюджет әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. 2026 жылы 10,7 трлн теңге бөлу жоспарлануда, оның ішінде 6,8 трлн теңге – әлеуметтік төлемдерге, ал 3,9 трлн теңге – адами капиталға салынатын инвестицияларға қарастырылған,  деді министр.

Осы ретте Мәди Тәкиев Үкіметтің басты міндеті – құрылымдық реформалар мен шығыстардың тиімділігін арттыру арқылы, азаматтардың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті.

- Осылайша, 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға – 6,8 трлн. теңге бағытталды. Әлеуметтік саладағы негізгі шешімдердің бірі – әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамытуды бастау, және проактивті форматқа көшу болып табылады. Бұл адами факторды азайтуға, бюрократияны қысқартып,  көмек көрсетуді жеделдетуге алып келеді, - деп атап өтті Тәкиев.

Сондай-ақ Қаржы министрі келесі жылы денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларына бөлінетін қаржы көлеміне тоқталды.

Денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге көзделген.  Биылғы жылмен салыстырғанда бұл қаражат 107 млрд теңгеге артық. Бұл шаралар медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Білім және ғылым саласына – 902 млрд теңге жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, бұл бағытта білім берудің сапасын арттыру, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамыту бойынша барлық басымдықтар сақталды.

Мәдениет, туризм және спортты дамытуға 2026 жылы –  263,5 млрд теңге қарастырылған,  деп нақтылады министр.