Көлігіңіз қыс мезгіліне дайын ба?

Полиция қызметкерлері қыс мезгілі жақындап қалғанын еске салып, көліктің дайындығына көңіл бөлу қажет дейді.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына көлік құралдарын қысқы маусымға дайындау қажет екенін еске салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жазғы дөңгелектерді уақытылы қысқы дөңгелектерге ауыстырудың, сондай-ақ автокөліктің техникалық жағдайын, әсіресе тежегіш жүйесін, жарық беру құралдарын және аккумуляторды тексерудің қажеттілігін түсіндіруде. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.

Полицейлер жаяу жүргіншілерді де сақтық шараларын естен шығармауға шақырады. Жолдан өткен кезде абай болыңыздар, қараңғы уақытта жарық шағылғыстырғыш элементтерді қолданыңыздар — бұл сізді жүргізушілер үшін көзге бірден түсетін етіп, өміріңіз мен денсаулығыңызды сақтап қалады, – делінген полиция ескертуінде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.