Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі биылғы жылдан бастап әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа кезеңін бастады. Бұл отбасыларға көмек көрсетудің инновациялық үлгісі саналатын FSM Social ақпараттық жүйесінің енгізілуі. Жаңа жүйенің басты мақсаты – жылдам әрекет ету және тиімді көмек көрсету.
FSM Social жүйесінің ең үлкен артықшылығы – қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде жәрдемдесу. Бұрын мұндай отбасылардың мәселесін анықтау мен қолдау көрсету бірнеше мекеме арқылы ұзаққа созылатын болса, енді бұл жүйе барлық процесті автоматтандырып, нақты және жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Жүйені іске асыру мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және пробация қызметінің мамандарынан құралған мобильді топтар құрылды. Арнайы оқыту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде 200-ден астам маман мобильді топ құрамында жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар министрлік тарапынан 552 әлеуметтік қызметкер FSM Social платформасында жұмыс істеу бойынша кәсіби даярлықтан өтті.
Қазір 242 мемлекеттік мекемеден 1 310 қолданушы жүйеде тіркеліп, отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау қызметтерін цифрлық форматта жүзеге асыруда. FSM Social жүйесі іске қосылған сегіз айдың ішінде Отбасын қолдау орталығы арқылы 6 917 отбасыға түрлі бағыттағы 10 501 қызмет түрі көрсетілген. Оның ішінде 2 304 отбасы жүйе арқылы тіркелсе, тағы 455 отбасы туралы ақпарат басқа мемлекеттік мекемелерден келіп түскен хабарламалар негізінде түсіпті. Жүйеде барлығы 2 220 азамат туралы мәлімет тіркелген. Солардың 1 849-ы орталыққа өз еркімен келіп, әлеуметтік, психологиялық немесе құқықтық кеңес алған. Ал 455 отбасы FSM Social жүйесі арқылы көмек сұраған. Олардың 203-іне нақты қолдау шаралары көрсетілсе, 152 отбасының мәселесі қаралып жатыр.
Бұл көрсеткіштер FSM Social жүйесінің тиімділігін айқын дәлелдейді. Енді отбасы мүшелерінің проблемалары көп кешіктірілмей, нақты уақыт режимінде анықталып, тиісті мамандарға бағытталады. Мұндай тәсіл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, балалар мен аналардың құқығын қорғауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Отбасын қолдау орталығы тек материалдық көмекпен шектелмейді. Мұнда қызметкерлер отбасы мүшелерінің психологиялық жағдайына терең мән береді. Жыл басынан бері 460 адам орталықтың кәсіби психологтарымен жеке терапиялық кездесулер өткізді. Бұл азаматтар өз өмірінде жаңа бағыт тауып, отбасы ішіндегі қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар 213 азамат неке бұзу, алимент өндіру, балаға қамқоршылық орнату, тұрғын үй мәселесін шешу және әлеуметтік төлемдер рәсімдеу сынды түрлі бағытта құқықтық кеңес алған. Орталық мамандары аналарға арналған 141 іс-шара ұйымдастырып, оған 1 380 ана қатысқан. Мұндай кездесулер аналардың өзара тәжірибе алмасып, рухани тұрғыда қолдау табуына мүмкіндік берді.
Тұрғын үй мәселесі – көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған аналар үшін маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда орталық «Отбасы банк» АҚ және Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасымен бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 2 127 ана тұрғын үй бағдарламалары жөнінде ақпарат алып, 1 131 ана kezekte.kz порталына құжатын тіркеген. Соның нәтижесінде 27 ана мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер кілтіне ие болды. Бұл орталық жұмысының нақты нәтижесінің айғағы.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Бүгінге дейін полиция инспекторларының жолдамасымен 356 адам орталыққа келген. Оның 178-і агрессор ретінде тіркелген. Атап айтқанда, олардың ішінде Абай ауданынан – 35, Әл-Фараби ауданынан – 25, Еңбекші ауданынан – 37, Қаратау ауданынан – 38, Тұран ауданынан 43 адам бар. Келушілердің 170-і ер адам, ал 186-сы әйел болған. Зорлық-зомбылық фактілерінің 160-ы ерлі-зайыптылар арасындағы дау, 18-і туыстар арасындағы кикілжің, 17 жағдай алкогольдік ішімдік әсерінен, ал 1 жағдай жыныстық зорлық-зомбылықтан туындаған.
Психологтар мен заңгерлердің араласуымен 86 отбасы қайта татуласып, ал 92 отбасымен профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Бұл отбасылық жанжалдарды реттеу ісінде орталықтың үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін көрсетеді. Биылғы жылдың 19 мамыры мен 8 тамызы аралығында Д және Е санатындағы отбасылардың жағдайын нақтылау мақсатында 1 840 отбасы тексерілді. Соның нәтижесінде 659 отбасынан сауалнама алынып, нақты қолдау шаралары қолға алынды. Ал 1 181 отбасының көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталды. Бұл деректер әлеуметтік саясатты нақтылауға және көмекті мақсатты бағыттауға жол ашады. Қазір орталық аналарды кәсіпке бейімдеу мақсатында 7 бағыт бойынша қысқамерзімді тегін курстар ұйымдастырды. Олардың қатарында киім пішу және тігу, құрақ көрпе жасау және қолөнер, компьютерлік сауаттылық, шаштараз ісі, SMM және әлеуметтік желіні басқару, маникюр мен педикюр, дефектолог және логопед көмекшісі мамандықтары бар.
Курстарға 861 ана қатысып, олардың 197-сі оқуды аяқтап, кәсіби дағдыларға ие болды. Кейбіреулері жеке ісін бастап, шағын кәсіп иесі атанып отыр. Бұл – әлеуметтік қолдаудың ең тиімді түрлерінің бірі.
Шымкент қаласындағы отбасын қолдау орталығы – тек әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме емес. Бұл – қиын жағдайда қалған жандарға сенім, үміт және жаңа өмірге жол көрсететін орталық. FSM Social ақпараттық жүйесі әлеуметтік қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтеріп, барлық мемлекеттік құрылымның өзара іс-қимылын біріктіріп отыр. Әрбір отбасының мәселесіне жедел назар аудару арқылы қалада отбасы институтын нығайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдық тұрақтылықты сақтау ісіне зор үлес қосуда. Алдағы уақытта жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және қоғаммен тығыз байланыс орнату арқылы бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жетілдірілмек.
Н.НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы