Іс-шарада азаматтық қоғам институттары, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар жиналды. Басқосуда мамандар азаматтық қоғамның дамуы және жаңа технологиялар, цифрлық трансформация және жасанды интеллект мүмкіндіктері жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ форум ашық диолог, еркін пікір, тәжірибе алмасу алаңына айналды. Пленарлық отырыс аясында спикерлер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тиімді әріптестіктің маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, ашық та шынайы диалог – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Биыл еліміз үшін ерекше мәні бар маңызды мерекелер Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіту, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосу жолында азаматтық сектордың рөлі айрықша. Қала өмірін жақсартуға жан-жақты үлес қосып жүрген мыңдаған белсенді азаматтың еңбегі – еліміздің жарқын болашағына бағытталған ортақ күшіміздің айқын көрінісі», – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.
Сонымен қатар ол бүгінде Астанада 3 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік аясында шамамен 100 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, екі мыңнан аса қоғамдық маңызды іс-шара өткізілгені туралы айтты.
– Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Joltap жобасы жастарды цифрлық және еңбекке қатысты кәсіби дағдыларға үйретсе, «Замандас» жобасы жастарға тәлімгерлер мен психологтардың қолдауын ұсынады, ал «Жасыл ел» экологиялық акциясы жастарды еңбекке баулиды», – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, елордада 10 аула клубы жұмыс істейді, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар және еріктілердің қатысуымен қалада кең көлемді көгалдандыру, абаттандыру акциялары жүргізіледі. «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» секілді жобалар арқылы өскелең ұрпақты жауапкершілікке, еңбекке құрмет және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы идеологиялық жұмыстар жүзеге асырылады. Қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарылып жатқан бұл жұмыстардың артында адам өмірі мен қала тіршілігін жақсарту, азаматтық қоғам және инклюзивті орта қалыптастыру секілді міндеттер тұр.
Мәселен, есірткі қылмысының цифрлық картасының пилоттық нұсқасын жасап, қазір азаматтық белсенділікті арттыру бағытында да көптеген жобаға бастамашы болып келе жатқан Esbol қорын атап өтсек болады.
– Біздің Esbol қоры қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқықбұзушылыққа жол бермеу, заң мен тәртіп қағидасын қорғау бағытында жұмыс істейді. Әсіресе, цифрлық карта пилоттық жобасы аясында әкімшілік және қылмыстық бұзушылықтың жүздеген, мыңдаған қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы, кез келген инновацияға мемлекеттен қолдау қажет болады. Мысалы, бұл картаны бізге 8-9-сынып оқушылары ұсынды. Олардың идеялары бізге ұнады, жобаны қаржы құю арқылы қолдадық. Нәтижесінде, есірткі қылмысымен күрес, азаматтық белсенділікті арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүзеге асып жатыр, – деді Esbol қорының төрағасы Жандос Ақтаев.
Сондай-ақ «Жас ұлан» ұйымы төрағасының кеңесшісі Динара Сәдуақасова өскелең ұрпақтың қабілет-қарымын дөп басып, жастарды ұлттың рухани құндылықтарымен сусындатып, адамгершілік-гуманизм идеяларына қанықтырып өсіру бастамалары жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.
– «Жас ұлан» ұйымының міндеті – жас ұрпақтың зерде-интеллектуалдық қабілетін дамыту және оларды отансүйгіштікке, еңбекке баулу, қоршаған ортаға мейірімді, жанашыр тұлға ретінде қалыптастыру, рухани құндылықтар мен салауатты өмір салтын үйрету. Сондай-ақ балалардың жеке тұлға ретінде қоғамға араласуына, олардың дауысын естуге назар аударамыз. Бірге жобалар жасап, олардың мүмкіндіктерін ашуға және болашақта адами капиталдың дамуына өз үлесін қосуына ықпал етуді мақсат тұтамыз, – деді ол.
Тақырыптық сессия шеңберінде цифрлық трансформация дәуіріндегі ҮЕҰ-ны қолдау тетіктері, қаржылық тұрақтылық және мемлекетпен өзара іс-қимылдың жаңа формалары мен киберқауіпсіздік және әлеуметтік кәсіпкерлік мүмкіндіктері, азаматтық белсенділікті арттыру, қоғамдық бақылау және жергілікті қауымдастықтарды біріктіру мәселелері талқыланды және бірқатар ұсыныс қабылданды.
Форум аясында инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды және шағын гранттар байқауы мен әлеуметтік жобалар бейнебайқауының жеңімпаздары марапатталды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ