CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz стратегиялық маңызды материалдардың экспортына Қытай неге шектеу салғанын түсіндіреді.
Сирек кездесетін металдар бүгінде жаһандық технологияның өзегіне айналды. Олар смартфондардан бастап электр көліктері мен баллистикалық зымырандарға дейін, барлық заманауи электрондық құрылғыларда қолданылады.
Бейсенбі күні (9 қазан) Қытай үкіметі осы стратегиялық маңызды материалдардың экспортын қатаңдату туралы шешім қабылдады. Осылайша, жаһандық технологиялық жеткізу тізбегіндегі өзінің үстемдігін көрсетті.
Жаңа ережелерге сәйкес, енді компаниялар Қытайдан шыққан сирек металдар бар кез келген өнімді экспорттау үшін үкіметтен арнайы лицензия алуы тиіс. Сонымен қатар шетелдік әскерилермен байланысы бар немесе экспорттық бақылау мен санкциялық тізімдерге енгізілген ұйымдарға мұндай рұқсат берілмейді.
Қытайдың үлесіне бүгінде әлемдік сирек металл өндірісінің 70%-ы тиесілі. Билік бұл ресурстарды сауда келіссөздеріндегі басты құрал ретінде пайдаланып келеді.
Оңтүстік Кореяда өтетін Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің алдағы кездесуі қарсаңында Бейжің экспорттық бақылауды күшейтіп, әлемге технологиялық бәсекеде көш бастап тұрғаны туралы саяси сигнал жіберіп отыр.
Қытай сирек кездесетін металдар мен онымен байланысты технологиялардың экспортын қатаң шектеп қана қоймай, өз азаматтарына шетелде пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсатсыз қатысуға тыйым салды. Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің мүмкін болатын кездесуінен бар болғаны бірнеше апта бұрын қабылданды.
Осы мәлімдемеден кейін АҚШ-тағы сирек металдар мен стратегиялық минерал өндіретін компаниялардың акциялары күрт қымбаттаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Трамп әкімшілігінің ішкі өндіріс пен өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық саясатын жеделдетуі тиіс.
Қытайдың сирек кездесетін металдарға экспорттық шектеу қоюы Қазақ елі үшін екі жаңа мүмкіндік туғызады. Бір жағынан, бұл қазақ жерінде сирек кездесетін металл өндірісін кеңейтуге және әлемдік нарықта үлесін арттыруға мол мүмкіндік ашады. Себебі елімізде олардың мол минералдық қоры бар. Екінші жағынан, өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігі экспорттық әлеуетті толық пайдалануға кедергі келтіреді. Бұл жағдай үкіметті еліміздегі қайта өңдеу мен технологиялық өндіріс секторларын дамытуға мәжбүрлеуі тиіс.
Сонымен қатар геосаяси тұрғыда Қазақ елі Қытай мен Батыс арасындағы транзиттік көпірге айналып, өз экономикалық және дипломатиялық салмағын да арттыра алады.
Қытайдың мықтылығы өз экономикалық мүддесін табанды қорғауынан көрінеді, ал зор әлеуеті қолында барды барынша тиімді пайдаланумен жасалады. Үлгі боларлық қасиет.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.