Әлеуетті арттырған алқалы жиын

Астанада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен бірінші Taldau Forum: Analytics driving change өтті.

Іс-шара Taldau Community-дің бес жылдығына орай ұйымдастырылды. Форум барысында Why Nations prosper: Lessons for Central Asia тақырыбына арналған панельдік сессия өтіп, оған Нобель сыйлығының лауреаты, Массачусетс технологиялық институтының профессоры, экономист Дарон Аджемоглу арнайы мейман ретінде қатысты.

Мәулен Әшімбаев форумға қаты­су­шыларға ілтипат білдіріп, еліміздің күн тәртібіндегі және заң шығару қызметіндегі маңызды мәселелерді бірлесіп жүйелі талқылау, сондай-ақ ортақ ұсынымдар мен талдамалық құжаттар әзірлеу үшін зияткерлік орта қалыптастырудың мәні зор екенін айтты. Палата Спикері бес жыл ішінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдама­сын іске асыру жолында өздерінің тиімділігін дәлелдеген Сенат жанын­дағы сарап­шылар клубы мен Талдау мектебінің жасампаз әрі біріктіруші рөліне де назар аударды.

«Taldau Forum сарапшыларды, аналитиктерді, белсенді кәсіби маман­дарды біріктіретін Taldau Community-дің бес жылдығына орай өткізілуде. Қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде маңызды және кешенді реформалар табысты іске асырылып келеді. Біз теңгерімді және демократиялық саяси жүйе қалыптастырып жатырмыз. Нарықтық экономиканы дамытуға, саяси және қоғамдық институттарды нығайтуға да баса мән беріліп отыр. Бүгінгі пікірталас Қазақстанның зият­керлік және сараптамалық әлеуетін арттыруға, еліміздегі реформалардың күн тәртібін тиімді іске асыруға өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында қатысушылар Қазақстанның дамуына қатысты мәселелерді талқылады және Нобель сыйлығының лауреаты, Why Nations Fail, Narrow Corridor, Power and Progress кітаптарының авторы Дарон Аджемо­глумен перспективалық трендтер жөнінде пікір алмасты.

Профессор Аджемоглу өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан рефор­маларға жоғары баға беріп, саяси және экономикалық институттарды дамы­тудың, адам капиталын тұрақты инвестициялаудың маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол экономиканы жаңғыртуға қатысты бірқатар идеясын ортаға салды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың маңызды кезеңінен өтуде. Еліміздің алдында ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұрған қазіргі талдаудың және сараптамалық қолдаудың сапасы айрықша мәнге ие. Сапалы аналитика – елдің орнықты дамуына арналған тиімді шешімдер қабылдаудың негізі. Осыған байланысты бес жыл бұрын Сенат сарапшылар қауымдастығымен жүйелі байланыс орнатты. Басты мақсат – сарапшылардың жаңа буы­нын қалыптастыру және оларды заң шығару жұмыстарына тарту. Соның нәтижесінде бүгінде сарапшылар клубы, Талдау мектебі, Taldau Talks алаңы, Taldau Run спорт қауымдастығы және серік­тестеріміздің қатысуымен өтетін оқыту семинарлары мен тре­нинг­терден тұ­ратын Taldau интел­лектуалды экожүйесі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата Спикері Талдау мектебінің бесінші легіне ірік­теу басталғанын жариялады. Сондай-ақ қауымдастықтың адалдық, ашық­тық, үнемі өз бетімен жұмыс істеу, жауапкершілік және қоғамдық игілік­ке қызмет ету сияқты құндылықтарға негізделген қағидаларын қабылдаудың маңызды екенін тілге тиек етті. Сенат Төрағасы өңірлерде Taldau Lectures жобасын іске асыру және зерттеулер жүргізіп, жаңа идеялар қалыптас­тыратын алаң ретінде Taldau Lab талдамалық зертханасын құру жөнінде де ұсыныстарын айтты.

Форум аясында елдің өркендеуіне үлес қосу мақсатымен қоғамдастықты дамытуға белсенді атсалысқан сарап­шы­ларға Taldau Awards арнайы сый­лығы салтанатты түрде тапсырылды.

Айта кетейік, Taldau Forum алаңын­да сарапшылардың қатысуы­мен дөңгелек үстел өтті. Онда Мемле­кет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген адам капи­талын дамыту және еліміздегі цифр­лық өзгерістерге қатысты мәселелер сөз болды.

Панельдік сессияға Парламент депутаттарымен қатар отандық және шетел­дік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың және азаматтық қо­ғам институттарының өкілдері қа­тысты.

Сонымен бірге форум аясын­да «Хабар» агенттігінің Телевизиялық мамандықтар академиясының маман­дары шешендік шеберлік және көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша дәріс оқыды. Одан бөлек, Meta компаниясының өкілдері мен белгілі қазақстандық медиа-тренерлер тартымды контент жасау, аудитория­мен байланыс және әлеуметтік желі­лерде жұмыс істеудің тиімді медиа­тетіктері туралы кеңес беріп, өз тә­жірибелерімен бөлісті.