Үкіметте өткен брифингте журналист Қостанай облысы Арқалық қаласында операция кезінде науқастың қайтыс болғанын айтты. Оның айтуынша, дәрігер отаны масаң күйде жасаған, - деп хабарлайды Aykin.kz сайты "Қостанай жаңалықтары" басылымына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, оқиға Қостанай облыстық ауруханасында болған. Нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісінің жасаған операциясынан кейін 61 жастағы науқас операция үстелінде қаза тапқан.
– Баласы әкесінің қайтыс болғанын операция бөлмесіне кіргенде денені жаймаға орап жатқанынан байқаған. Марқұмның туыстары дәрігерді аурухана аумағында тоқтатып алған.
Әсел Оспанова қызының айтуынша, полиция шақыртып, дәрігерді медициналық тексеруге алып кеткен. Онда хирургтің мас болғаны анықталды", - деп жазады басылым.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысында ота кезінде науқастың қайтыс болуына қатысты пікір білдіріп, полицияның нақты мәлімет бермей отырғанын сөз етті.
"Ол жерде Фармацевтикалық бақылау департаменті өкілдері жұмыс істеп жатыр. Облыстық Полиция департаментінде тиісті іс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша түсінік береміз. Полиция департаменті нақты мәлімет бермей отыр, бірақ біз өз тарабымыздан маман тағайындадық", - деді Ақмарал Әлназарова.