Ол Премьер-министр мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында монополист компаниялар инфрақұрылымның тозуын әдейі сақтап отырғанын сөз етті. Өйткені ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілсе, жиі жөндеу қажеттілігі азайып, олардың тұрақты табысы қысқарады. Депутат бұл жағдайдың халыққа қосымша салмақ салып отырғанын атап өтті. Біз депутатпен осы мәселенің мәні мен оның іске асуына кедергі болып отырған жайттар жайында әңгімелестік.
– «Инвестицияларға айырбастау тарифі» принципі енгізілгенімен, тарифтерді ұстап тұру саясаты да сақталуда. Осы өзара қарама-қайшы жағдайдың салдары туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– «Инвестицияларға айырбастау тарифі» принципі мен тарифтерді ұстап тұру саясатының қатар жүруі, шын мәнінде, қайшы жағдай туындатады. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұл жаңа саясаттың басты мақсаты – табиғи монополиялар өз табысының елеулі бөлігін инфрақұрылымға қайта инвестициялау. Яғни, тариф арқылы алынған кірістердің белгілі бір бөлігі тікелей жаңғыртуға жұмсалуға тиіс. Осылайша, тұтынушы төлеген әрбір теңге тек қызмет үшін емес, сол қызметтің сапасын арттыруға да бағытталады деген сенім қалыптасады.
Алайда іс жүзінде тарифтерді ұстап тұру саясаты жария етілді. Бұл инфляцияға қарсы шара ретінде түсіндіріледі. Бірақ нәтижесінде монополист компаниялар, бір жағынан, инвестиция салуға міндеттелсе, екінші жағынан, олардың табысы шектеліп отыр. Осындай екіұшты жағдай монополистердің ынтасын төмендетеді. Олар шығынды өз қалтасынан емес, түрлі қосымша қызметтердің бағасын көтеру арқылы жабуға тырысады.
Қарап отырсақ, бұл үрдістің салдарын қазір де сезініп отырмыз. Мәселен, компаниялар үшін негізгі пайда тарифтен емес, өздеріне тиесілі қосалқы фирмалар арқылы жасалатын әртүрлі «күрделі жөндеу» жұмыстарынан түсіп отыр. Сол үшін олар инфрақұрылымды толық жаңартуға құлықсыз. Өйткені одан кейін жөндеу жұмыстары азаяды, ал бұл олардың табысын қысқартады. Ал жиі-жиі жөндеу жасай берсе, тұрақты табыс тауып отырады.
2017 жылы реттелмейтін қызметтерге тыйым алынып тасталғаннан кейін бұл мәселе тіпті ушыға түсті. Нарықта қысу, пломбалау, қосу секілді ұсақ қызметтердің 750-ден астам түрі пайда болды. Олардың бағасы жыл сайын күрт өсіп отыр. Мәселен, Астанада жылу жүйесін сығымдау құны кейінгі төрт жылда екі есе қымбаттап, метріне 1 033 теңгеге жетті. Қызылордада электр қуатына қосылу бағасы 52%-ға, Көкшетауда суға қосылу 68%-ға өсті. Осы қызметтердің бағасы ел бойынша орта есеппен жылына 50%-ға қымбаттап отыр, бұл – жалпы инфляция деңгейінен әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Мәселенің тағы бір қыры – монополистер шағын және орта бизнеске қысым көрсетеді. Олар жалған сылтаулармен инфрақұрылымға қосылудан бас тартып, қосымша кедергілер жасайды. Бұл экономикалық белсенділікті тежейді және кәсіпкерлер үшін үлкен шығындарға әкеледі.
Мемлекет басшысы «тұтынушыларды монополистермен бетпе-бет қалдырмау керек» деп нақты тапсырма бергенімен, Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарапынан протекционизм белгілері байқалуда. Көптеген жағдайда комитет бастамаларды қолдаудың орнына, керісінше, монополиялардың мүддесін қорғайды деген пікір қалыптасқан. Бұл қоғамда әділетсіздік сезімін туғызып қана қоймай, аталған саясаттың тиімділігіне күмән тудырады.
Бір сөзбен айтқанда, «Инвестицияларға айырбастау тарифі» мен тарифті ұстап тұру саясатының қатар жүргізілуі табиғи монополияларды жаңғыртуға деген ынтаны төмендетіп отыр. Олар өз табысын ашық инвестицияларға емес, қосымша қызметтерге бағыттауда. Нәтижесінде, инфрақұрылым ескіруде, баға өсуде, ал тұтынушылар мен кәсіпкерлер қосымша шығынға батуда. Сондықтан бұл қайшылықты жағдайды шешпейінше, ұлттық жоба да, тариф саясаты да күткен нәтижеге жеткізбейді.
– Энергетика мен коммуналдық саланы жаңартуға бөлінген 13 трлн теңгенің ашық әрі тиімді жұмсалуы үшін қандай бақылау жолдарын ұсынар едіңіз?
– Бұл саланы жаңартуға бөлініп отырған 13 трлн теңге – ел тарихындағы ең ірі инвестициялардың бірі. Мұндай қомақты қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуы – тек Үкіметтің ғана емес, бүкіл қоғамның мүддесі. Өйткені бұл қаржының қалай игерілетіні тек инфрақұрылымның қазіргі жағдайына ғана емес, халықтың тұрмыс сапасына, шағын және орта бизнестің дамуына, жалпы экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Қаражаттың ашық жұмсалуы үшін ең алдымен жобалардың барлық кезеңі қоғамға қолжетімді болуға тиіс. Инвестиция қайда бағытталады, қандай компаниялар жұмыс атқарады, келісімшарттардың шарттары қандай – осының барлығы жария түрде көрсетілуі қажет. Бұл жерде тек ресми есеп берумен шектелмей, деректердің онлайн режимде қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Яғни, азаматтар өз қаласында қандай жұмыстар жүріп жатқанын, оған қанша қаражат бөлінгенін көріп отыруға тиіс.
Сонымен қатар инвестицияның тиімділігін арттыру үшін тәуелсіз бақылау тетіктерін енгізу қажет. Бұл тек мемлекеттік органдардың бақылауы емес, сарапшылар қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың, тіпті тұтынушылардың қатысуымен жүзеге асқаны жөн. Өйткені бізде есепте бар, іс жүзінде жоқ жұмыстар жиі кездеседі. Осы олқылықтардың алдын алу үшін азаматтық қоғамның бақылауын күшейту керек.
Жаңғырту жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлу де басты міндеттің бірі. Себебі инвестиция тек құбырды ауыстыру немесе желіні жөндеумен шектелмеуге тиіс. Біз бұл қаржыдан ұзақмерзімді нәтиже күтеміз. Яғни, бүгін жасалған жұмыс ертең қайтадан жөндеуді қажет етпеуі керек. Ол үшін әрбір жоба нақты техникалық талаптарға сай орындалғаны абзал. Сондай-ақ мердігерлердің жауапкершілігі күшейтіліп, сапасыз жұмыс жасаған компаниялар нарықтан аластатылуы керек.
Бақылаудың тағы бір маңызды бағыты – қаржыны игеру барысындағы ашық есеп беру жүйесі. Бұл жерде жылына бір рет жасалатын формалды есеп жеткіліксіз. Жұмыс жүріп жатқан әр аймақта нақты кесте мен қаржының жұмсалу динамикасы көрсетіліп отырса деймін. Халық қанша қаражаттың қайда кеткенін, қандай нәтиже беріп жатқанын ай сайын көре алса, сенім де артады.
Сонымен қатар бұл инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін ғылыми-техникалық сараптама енгізу қажет. Жаңғырту кезінде ескірген әдістер емес, заманауи технологиялар қолданылса игі. Бұл болашақта шығынды азайтып қана қоймай, инфрақұрылымның сапасын ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді.
Қысқасы, 13 трлн теңгені ашық әрі тиімді игеру үшін осы аталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асырсақ, халықтың тұрмыс сапасы артып қана қоймай, ел экономикасының да жаңа деңгейге шығуына жол ашамыз. Сондықтан жауапты тұлғалар жиналған қаражат халықтың қалтасынан төленіп отырғанын ешқашан ұмытпауы керек.
– Депутаттық сауалыңызда шағын және орта бизнеске жасанды кедергілердің қойылуы жөнінде пікір айттыңыз. Бұл мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасалуға тиіс?
– Шағын және орта бизнес – ел экономикасының тірегі. Ол жұмыс орындарын ашады, бәсекелестікті дамытады, халықтың табысын арттырады. Бірақ, өкінішке қарай, кәсіпкерлердің дамуына кедергі болып отырған факторлардың бірі – инфрақұрылымға қосылудағы жасанды тосқауылдар. Бұл кедергілер тек экономикалық өсімді тежеп қана қоймайды, сонымен бірге азаматтардың кәсіп ашуға деген ынтасын азайтады. Егер біз шынымен де кәсіпкерлікті дамытамыз десек, бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек.
Көптеген кәсіпкерден келіп жатқан шағымдар бар. Олар электр желісіне, сумен немесе жылумен жабдықтау жүйесіне қосылу кезінде негізсіз құжат талап етілетінін, ұзақмерзімдік келісімдерге қол қоюға мәжбүр болатынын, кейде тіпті қосылудан ашық бас тарту жағдайлары болатынын айтады. Мұндай әрекеттердің барлығы – монополист компаниялардың өз мүдделерін қорғауының айқын көрінісі. Нәтижесінде, жаңа кәсіпорындар іске қосылмайды, инвестиция келмейді, ал халық сапалы қызметке қол жеткізе алмайды.
Бұл жағдайды өзгерту үшін ең әуелі рәсімдерді барынша жеңілдету қажет. Кәсіпкерге инфрақұрылымға қосылу кезінде нақты талаптар қойылуға тиіс және ол талаптар баршаға ортақ болуы керек. Қосымша құжаттар мен ұзақ бюрократиялық рәсімдер кәсіпкердің уақытын да, қаражатын да ысырап етеді. Сондықтан қосылу процесін толық цифрландыруды ұсынамыз. Яғни, кәсіпкер барлық өтінімді онлайн беріп, оның қай сатыда тұрғанын кез келген сәтте көре алуы керек.
Сонымен қатар қызмет көрсету мерзіміне нақты шектеулер енгізу маңызды. Кәсіпкер өтінім бергеннен бастап белгілі бір уақыт ішінде жауап алуға тиіс. Егер белгіленген мерзім сақталмаса, монополистік компания жауапкершілікке тартылуы керек. Бұл жерде тек айыппұлмен шектелмей, компанияның нарықтағы беделіне де әсер ететін қатаң шаралар қарастырылуы қажет.
Жасанды кедергілерді жоюдың тағы бір тетігі – шағын және орта бизнеске арнайы қолдау тетіктерін енгізу. Мысалы, жаңа кәсіп бастағандарға инфрақұрылымға қосылу жеңілдетілген тариф бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл бизнестің алғашқы қадамдарында үлкен көмек болар еді. Әсіресе, аймақтардағы кәсіпкерлер үшін мұндай қолдау аса маңызды.
Бақылаушы органдардың рөлі де ерекше. Қазір кәсіпкерлердің арыз-шағымдары көбіне созылып кетеді немесе елеусіз қалады. Сондықтан арнайы тәуелсіз арбитраждық жүйені енгізу қажет. Бұл жүйе кәсіпкерлердің шағымдарын жедел қарап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Егер монополист компанияның кінәсі дәлелденсе, ол кәсіпкерге келтірілген шығынды өтеуге тиіс.
Тағы бір маңызды қадам – осы саладағы ақпараттың толық ашықтығы. Қай компания қанша кәсіпкерді қосқан, қаншасына бас тартқан, ол бас тартулардың себептері қандай – осының бәрі жария болуы керек. Егер деректер ашық болса, артық талаптар мен жасанды кедергілерді жасыру мүмкін болмайды.
Шағын және орта бизнеске жасанды тосқауылдар қою – тек кәсіпкердің емес, бүкіл елдің дамуына кедергі. Біз осыны анық түсінуіміз керек. Егер бизнеске жол ашсақ, ол халыққа жұмыс береді, салық төлейді, жаңа өнім шығарады. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарамай, жүйелі шешім қабылдау қажет. Кәсіпкер үшін ең бастысы – әділдік пен ашықтық. Біз осыны қамтамасыз ете алсақ, онда Қазақстан экономикасының да болашағы жарқын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ЕРКІН