Қолма-қол ақшамен сауда жасау азайды

Қазақстанда 2025 жылдың 6 айында қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі 100,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 20 пайызға артты.

Ұлттық банктің мәліметінше, барлық транзакцияның 98 пайызы қолма-қол ақшасыз форматта жасалған, ал QR-код арқылы төлемдер POS-терминалдарды басып озды.

Ұлттық банктің төлем жүйе­лері арқылы жалпы 746 трлн теңгеге 54,6 млн операция жасалыпты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көлемі бойынша 9,2 пайызға, саны жағынан 34 пайызға көп.

Бірінші жартыжылдықта халық төлем карточкалары мен банктердің мобильді қосымшаларын белсенді қолданған. Әр қазақстандыққа орта есеппен төрт төлем картасынан келсе, оның екеуін тұрақты қолданады.

Сонымен бірге халықаралық ақша аударымдары қысқарды: шетелге жіберілген қаражат көлемі 16 пайызға азайып, 321 млрд теңгені құрады. Қазақстанға түскен аударымдар да 105 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Ал төлем ұйымдарының айналымы өсіп, 4,6 трлн теңгеге жетті. Ең көп сұранысқа ие қыз­мет – онлайн төлемдерді өңдеу. Дегенмен Ұлттық банк заң бұзған бірнеше ұйымды тіркеуден шығарып, айыппұлдар салды.

Қаржы нарығының қауіпсіздігі үшін қашықтан сәйкестендіру сервисі мен Антифрод-орталық белсенді жұмыс істеп тұр. Алты айда 23,5 млн биометриялық тексеру жүргізіліп, 2,3 млрд теңгенің алаяқтық транзакциясы бұғатталған.