Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бүгін Ақтау қаласында Қазақстанның бастамасымен тұңғыш TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Чемпионатқа Түркі мемлекеттерінен келген техникалық және кәсіптік ұйымдарының студенттері, сарапшылар сала өкілдері қатысуда.
Іс-шараның басты мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде үздік тәжірибені тарату, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жастардың кәсіби әлеуетін арттыру.
Чемпионаттың ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңінің басталуы болды. TurkicSkills чемпионаты — осы жылдың басты оқиғаларының бірі. Бұл алаң жастардың кәсіби шеберлігін көрсетіп қана қоймай, түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды тереңдетеді», – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова.
Чемпионатқа 70-тен астам студенттер мен жас маман және 90 сарапшы қатысуда. Олар инженерия, ақпараттық технологиялар, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету салалары бойынша бақ сынайды.
TurkicSkills чемпионаты 9 қазанға дейін жалғасады.