Экологиялық бастамаға қатысушылар алдымен Түлкібас ауданына тоқтады. Құрамында депутаттар, партия мүшелері, «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері бар топқа жергілікті тұрғындар қосылды. Айта кетейік, эстафета бағдарының 400-ге жуық шақырымы Түркістан облысының аумағына тиесілі. Яғни, іс-шара осы облысқа қарасты Түлкібас, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында ұйымдастырылады.
Осылайша, эстафета аясында Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов ескерткіші алаңында жергілікті жастар қауымымен кездесу өтті. Жүзден астам жас азамат бас қосқан жиында қоршаған орта адамзат баласының ең қастерлі құндылығы екені айтылды.
«Біз – тәуелсіз елдің ертеңін арқалаған жас ұрпақпыз. Сондықтан еліміздің әр бұрышы таза, әрбір көшесі көрікті, әр үйдің ауласы жарық, табиғаты жасыл болып тұруы – біздің қолымызда. Табиғатқа, тарих пен мәдениетке, қоршаған ортаға ұқыпты қарау – тек ересектердің ғана емес, ең алдымен біздің, жалынды жастардың қасиетті парызы. «Taza Qazaqstan» – жүрегіміздегі тазалыққа, жауапкершілікке, ісімізді адалдыққа бастайтын жол. Бұл – әрқайсысымыз үшін өмір мәніне айналуға тиіс», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.
Эстафета әрі қарай Тараздан Шымкентке дейін 200 шақырымға жуық жол жүріп өтті. Бұл жолда күн сайын көлік ағыны толастамайды. Соған байланысты, жол жиегінде қоқыс та көп жиналып қалады. Эстафета тек ауқымды экологиялық қозғалыс емес. Ол «Жасыл күн тәртібі» жолында мемлекеттің, қоғамның және жастардың күш-жігерін қалай біріктіруге болатынының жарқын үлгісіне айналды. Бір күнде акцияның 200-ден астам қатысушысы 30 тоннаға жуық қоқыс жинады. Жалпы, үш күнде рухтастар Жамбыл облысы аумағындағы 6 аудан мен 1 қаланы басып өтіп, 500 шақырым жол жүріп, оның барысында 90 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Жиналған қалдықтар арасында пластикалық бөтелкелер, сөмкелер, шыныдан жасалған заттар, орамалар және бірреттік ыдыс-аяқтар бар. Қайта өңдеуге болатын барлық зат бірден сұрыпталды: пластик, қағаз және шыны. Белсенділер атап өткендей, тазалық – тазаланған жерде емес, оған жол берілмеген жерде. Сондықтан эстафетаның міндеті – қоғам назарын экология мәселесіне аудару, жаңа әдеттерді қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін орнықтыру.
Жолай экологиялық керуенге жергілікті тұрғындар да қосылды. Көлік жүргізушілері не болып жатқанын білу үшін арнайы тоқтап, кейбіреулері тіпті қолұшын созды. Бұл – нақты іс кез келген сөзден артық екенін көрсетті.
«AMANAT» партиясы тұрғындарды туған жерді түлетуге үлес қосуға және экологиялық эстафетаның белсенді мүшесі болуға шақырады. Біздің таңдау – Таза Қазақстан!
Елнар ЕЛТАЙ