CNBC телеарнасы америкалық еңбек нарығындағы көңілсіз статистиканы жариялады. Себебін Aikyn.kz түсіндіреді.
АҚШ-тың еңбек нарығы қазірдің өзінде біршама шиеленісті болып көрінеді. Жаңа қызметкерлерді жалдау рекордтық деңгейде төмендеген. Challenger, Gray & Christmas кадрлық компаниясының деректеріне сәйкес, биыл жұмысқа қабылдау өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 58%-ға қысқарған. Биылғы жұмысқа қабылдану көрсеткіші 2009 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскен.
Алайда жұмыссыздық деңгейі Чикаго Федералдық резервтік банкі жинаған жаңа деректерге сай 4,34% деңгейінде сақталған. Бұл жағдайды ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл «әлсіз жұмыс істейтін және төмен жұмыспен қамтылған экономикаға сәйкес» деп сипаттаған.
Бұл Еңбек министрлігінің ресми деректері емес. CNBC әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді біріктіріп, жалпы жағдайды көрсеткен. Бізді таңғалдырғаны қор нарығының бұның бәрін көтеріңкі көңіл күймен қабылдап, едәуір өсіп, жаңа рекордтарды бағындыруы. Бұған әлемдегі ең қымбат компания – Nvidia да қосылды. Чип өндіруші барлық рекордтарды жаңартты.
Intel де 2021 жылғы ең жоғары деңгейінен әлі алыс болғанымен, соңғы айда табысты келісімдер сериясының арқасында инвесторларға 50% пайда әкеліп, өсім көрсетті.
Fundstrat талдау бөлімінің басшысы Том Ли жыл соңына дейін S&P 500 индексі 7000 пунктке жетуі мүмкін деп болжайды. Оның айтуынша, нарықтар әлі де тыныш, сондықтан егер нарықтағы оптимистік ойыншыларға (бұқалар) елеулі тосқауылдар кездеспесе, бұл межеге одан да ертерек жетуі ықтимал.
Экономикалық әліпбе
АҚШ-тағы қор нарығы – жаһандық экономиканың негізгі индикаторы. Бүгінгі инвесторлардың оптимистік көңіл күйі технологиялық компанияларға, әсіресе жасанды интеллект пен жоғары технология секторының жағдайына байланысты. Бұл үрдіс Қазақ еліне де жанама әсер етеді. Қалайша?
Мұнай мен шикізат бағасының тұрақтылығы америкалық экономиканың жағдайына тікелей байланысты. Егер АҚШ-тағы қаржы нарығы тұрақталса, дамушы елдерге, соның ішінде Қазақ еліне де капитал тарту мүмкіндігі артады. Сонымен қатар технологиялық компаниялардың өсуі мемлекетіміздің ЖИ мен цифрландыру бағытындағы бағдарламаларын іске асыруға қажетті шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнатудың әлеуетін күшейтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.