Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген стратегиялық міндеттердің облыста жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Заманауи үдерістерге сай, салаларды цифрландыруға баса назар аударылып отыр.
Табысты агроөнеркәсіп кепілі
Сандық технологиялар, әсіресе аймақтың басты экономикалық драйвері ауыл шаруашылығында кеңінен қанат жайғанын атап өткен жөн. Мәселен, Есіл ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов жергілікті шаруалармен кездесіп, ауыл шаруашылығындағы цифрландырудың нақты жемістерін атап өтті.
– Digital Aqmola орталығы сіздердің иеліктеріңіздегі алқаптарды цифрлап, жасанды интеллект құралдарын толыққанды қолдануға мүмкіндік береді. Бұл – уақыт талабынан туған қажеттілік әрі болашаққа жасалған үлкен қадам, – деді Ақмола өңірінің басшысы.
Расында да, жаңа цифрландыру технологияларының арқасында мұндағы шаруашылық серіктестіктердің табыстылығы едәуір артты. «Дихан+» ЖШС жасанды интеллектіні пайдаланып, астық дақылдарын өсіруде бұрынғы жылдармен салыстырғанда, аса жоғары өнімділікке қол жеткізсе, «Заречный» серіктестігі барлық егістік алқабын толық цифрландырған алғашқы кәсіпорындардың бірі болып отыр. Ал өңірдегі көкөніс өнімдерін шығарумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі «Органико» ЖШС дәстүрлі дәнді дақылдардан бөлек, картоп, сәбіз, тіпті жылыжайда қияр өсіруді жолға қойып, өз өнімін облыстан тыс аймақтарға экспорттауда.
Іс жүзінде мұның барлығы мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екені даусыз. Шаруалар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қажетті көмектерге ие болып жатқанын атап өткен жөн. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында шаруалар арзан жанармай мен тыңайтқышқа, сондай-ақ жаңа техникаға қол жеткізген. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығына 118 млрд теңге көлемінде несие берілсе, соның 47 млрд теңгесіне озық техника сатып алыныпты.
Өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сенсек, биылғы егін науқаны тарихтағы ең ауқымды науқанға айналмақ. 5,5 млн гектарға дәнді дақыл егіліп, қазір соның 4 млн тоннадан астамы орылып, элиталық бидайдың алғашқы партиясы шетелге жөнелтілгені мәлім болды.
– 151 мың тонна жоғары сапалы бидайымыз Италия мен Бельгия нарығына жол тартты. Бұл – ақмолалық астықтың әлемдік деңгейде мойындалуының айқын көрінісі», – дейді облыс әкімі.
Сонымен бірге Балтық порттарына тасымалданатын әр тонна астыққа да мемлекет тарапынан 30 мың теңге субсидия берілмек. Фермерлердің шығынын азайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті жаңа деңгейге көтеретін тетік екені сөзсіз.
Жалпы, Ақмола облысы – өткен жылы да ел бойынша мемлекет алдындағы барлық міндеттемесін толық орындаған жалғыз өңір. Соның нәтижесінде астықты аймақтың аграрлық саласын одан әрі дамыту мақсатында бюджет қоржынынан 243 млрд теңге қаржы бөлінді.
Жолдау – дамудың айқын бағыты
Көкшетауда өткен облыстық актив жиынында да өңір басшысы Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басты басымдықтарға тоқталды. Оның ішінде, макроэкономикалық тұрақтылық, инвестициялық саясатты қайта қарау, цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру, әлеуметтік қолдауды жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ заң үстемдігін нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы баян етілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтің айтуынша, биыл аймақ экономикасына 456 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл сома былтырғыдан 1,5 есе көп. Қазірдің өзінде өңірде 226 жоба жүзеге асырылып, 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Аграрлық саламен қоса, аймақта индустриялық өндіріс көлемін де арттыруға көңіл бөлініп, 7 бірдей ірі жобаның құрылысын бастау жоспарланыпты.
Сала басшыларының мәліметінше, аймақта алғаш рет майлы дақылдардың жалпы өнімі 650 мың тоннадан асты. Ал ет өндірісі – 7 пайызға, сүт – 4 пайызға өскені аталды. Бұған қоса, ауыл шаруашылығындағы жалақы деңгейі 26 пайызға көтерілгені мәлім болды. Бұл – фермерлердің еңбегінің әділ бағалануының нақты айғағы болса керек.
Мемлекет басшысы Жолдау жолдарында елдің инвестициялық жобаларға да баса назар аудару қажеттігін қадап айтқан. Аймақта іргелі инвестициялық жобалардың да қарқыны жоғары. Мәселен, Есіл ауданында бүгінде 1,7 млрд теңгенің 6 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып отыр. Олардың қатарында құрама жем зауыты, майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны, қуаттылығы 100 мың тонна болатын жаңа элеватор бар. Қытайлық инвесторлармен бірлескен жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейте түспек. Жаңа кәсіпорындар құрылысымен қатар, ауылдағы су жүйелерін қайта жаңғырту, ескі үйлерді реновациялау және тұрғындарға қолжетімді баспана салу мәселелері де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
– Жолдауда әділет, даму және оптимизм басты құндылықтар ретінде көрсетілген. Осы құндылықтарды әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналдыруымыз қажет. Сонда ғана біз аймақтың да, елдің де тұрақты өркендеуін қамтамасыз ете аламыз, – деді өңір басшысы.
Облыстың ардагерлері, кәсіпкерлері мен шаруалары да бұл пікірді қуаттап отыр. Олардың айтуынша, мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана Ақмола өңірі жаңа жетістіктерге жетіп, ел экономикасының алдыңғы сапында қала бермек. Бұл орайда заманға сай цифрландыру технологиялары мен жасанды интеллектіге басымдық берілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы