Монополистер коммуналдық секторды жаңарту сылтауымен бағаны негізсіз көтерген – Елнұр Бейсенбаев

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгінгі Мәжіліс отырысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке еліміздегі коммуналдық қызметте тариф мәселесінің әлі жүйеленбегенін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутаттың айтуынша,  Мемлекет басшысы Үкіметке табиғи монополистер субъектілерінің баға белгілеу және тарифтер мәселелерімен жүйелі түрде айналысуды тапсырған. Сонымен қатар  меншік иесі инвестициялардың едәуір бөлігін өз қаражатынан салатын «Инвестицияларға айырбастау тарифі» саясатына көшу қажеттігін атап өткен. 

–  Осы тапсырманы орындау үшін Үкімет ауқымды инвестициялары 13 трлн теңгеден асатын энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру туралы жария етті. Алайда бір мезгілде инфляцияға қарсы саясат шеңберінде тарифтерді ұстап тұру туралы мәлімделді. Мұндай қайшылық осы бастамалардың ашықтығы мен тиімділігіне қатысты маңызды сұрақтар тудырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы талап еткендей, меншікті қаражатты емес, реттелмейтін қызмет түрлері есебінен монополистердің инвестициялық шығыстарды жабу тәуекелдерін тудырады. Бұған табиғи монополиялар субъектілерінің Ұлттық жобаға қатысуға қызығушылығын жоғалтуы дәлел болып саналады, өйткені олардың негізгі табысы реттелетін тарифтегі пайда есебінен емес, аффилиирленген компаниялар арқылы тұрақты «күрделі жөндеу» есебінен қалыптасады.

Осылайша, табиғи монополиялар субъектілері инфрақұрылымның тозуының жоғары деңгейін сақтауға тырысады, өйткені ауқымды жаңарту жиі жөндеу қажеттілігін азайтады және олардың кірістерін азайтады. 2017 жылы реттелмейтін қызметке тыйым салуды алып тастау қызметтерді ұсақтауға (қысу, пломбалау, қосу және т.б.) және бағаны негізсіз көтеру құралына айналған осындай жұмыстардың 750-ден астам түрін құруға әкелді. Мысалы, Астанада жылумен жабдықтау жүйелерін сығымдау құны 2019 жылдан 2023 жылға дейін 100%-ға өсті (метріне 481 теңгеден 1 033 теңгеге дейін). Қызылордада электр қуатына қосылу бағасы 52%-ға өсті. Көкшетауда сумен жабдықтауға қосылу құны 68%-ға өсті. Мұндай қызметтер бағасының жыл сайынғы орташа өсуі ел бойынша 50%-ға жетеді, бұл инфляцияның жалпы деңгейінен едәуір асып түседі.

Сонымен қатар  монополистер шағын және орта бизнес субъектілері үшін жасанды кедергілер жасау және олардың жалған сылтаулармен инфрақұрылымға қол жеткізуден бас тарту арқылы жағдайды теріс пайдаланады.

Мемлекет басшысының «тұтынушыларды монополистермен бір-бірден қалдырмау» тапсырмасына қарамастан, біз Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарапынан протекционизмді байқап отырмыз. Осы саладағы кез келген тәртіп бастамаларын бұғаттау монополиялардың мүдделерін қолдау туралы негізделген болжам тудырады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Мәжіліспен бірлесіп, тұтынушыларды қорғау және инвестициялардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін табиғи монополиялар субъектілері қызметінің өзге де (реттелмейтін) түрлеріне бақылау мен реттеуді заңнамалық енгізуді пысықтау қажет.

Нақты бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін ұлттық компаниялар бойынша қосымша мысалдар бөлек берілетін болады.