«Бала-шағамның суретін көрсетіп, қорқытты»: лудоманияға қарсы заң жобасымен айналысқан депутатқа қысым жасалған

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың өзі айтты.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі  «AMANAT» партиясы  фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев журналист Айкерім Есенәліге берген сұхбатында лудоманияға қарсы заң жобасымен жұмыс барысында лоббизм мен кедергі келтіруге талпынғандар туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Депутат сұхбатта: «Жабық форматтағы телеграм арналарда, атышулы каналдарда шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылды. 90-жылдардағыдай қара күртелі жігіттермен сөйлесуге тура келді, бала-шағамның суретін көрсетті, сондайға дейін барды, мен құқық қорғау органдарын іске қосамын дедім»,  дейді депутат.

Заң жобасымен жұмыс процесінде букмекерлер тарапынан лоббидің «шақыртау шегі» көрініс тапқанын жеткізді.

Айта кеткен жөн, лудоманияға қарсы заң жобасы 2 жыл талқыланған еді. Бір жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес, 21 жасқа толмағандарға құмар ойын ойнауға тыйым салынады. Ел тұрғындары бәс тігуге өзіне онлайн түрде  шектеу қоя алады.

Сұхбат барысында Мәжіліс депутаты бір палаталы Парламентке қатысты эксперттік талдауын, депутаттардың халықты қабылдауы сияқты өзекті мәселелерге де тоқтала кетті. Елнұр Сабыржанұлы отбасы институты мен бала тәрбиесі, әйелдердің саясаттағы рөлі туралы да пікірін ортаға салды.