Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп тапсырған елді жаңа экономикалық модельге көшіру ауқымды міндеті осы арқылы ғана мүмкін болмақ. Жаңа инвестициялық цикл әрбір салынған қаржының тиімділігін еселеп, өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар жергілікті бюджеттерді толықтыруға қызмет етуге тиіс. Бұл орайда Ақмола облысында қолға алынған цифрландыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жобалары аса үлкен қарқын алғанын атап өткен жөн.
Инвестиция тартудағы серпін
Кейінгі жылдары Ақмола облысы тұтас ел бойынша ең қарқынды аймақтардың біріне айналды. Мәселен, жыл басынан бері ғана өңір экономикасына 456 млрд теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артқаны байқалған. Өңірде жалпы құны 248 млрд теңгені құрайтын 226 жоба жүзеге асып, оның нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Аймақтық инвестиция тарту орталығы – Aqmola Invest ірі инвесторларды сүйемелдеу жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Орталық мәліметінше, қазір оның портфелінде құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 39 жоба қолға алынды. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі Dalian Hesheng Group, YDA Group, Atasu Group, сондай-ақ отандық Terracottas компаниялары кірген. Облыстағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына өңдеу өнеркәсібінің өрлеуі зор септігін тигізді. Статистикалық деректерге сенсек, өнімдерді өңдеу өнеркәсібінің үлесі жылдан-жылға арта бастағаны байқалады. Мәселен, 2020 жылы 22,9 пайыз болса, былтырғы көрсеткіш 26,6 пайызға жеткен. Сонымен қатар өнімдерді өңдеудің өндірістегі үлесі 81 пайызға көтерілгені анықталды.
Осы жылы да аймақта құны 14 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа жоба жүзеге асырылып жатқаны аймақ экономикасының ілгерілеуіне жол ашқаны сөзсіз. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында жұмысын бастап үлгерген QAZAQ FOOD MARKET ЖШС-на тиесілі ірі жарма өндіретін зауыт, Целиноград ауданындағы «Сев-Регион Строй» ЖШС-ның алюминий прокатын шығаратын кәсіпорны, сондай-ақ Қазақстан Аграрлық Инновациялық Корпорациясының мұрындық болуымен ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын өндірістік цех іске қосылған.
Құзырлы сала мәліметтері бойынша алдағы жылы Степногорскідегі тау-кен химия комбинатында да сирек кездесетін металдар өндірісі кеңейтілмек. Бұл жоба еліміздің стратегиялық шикізаттық әлеуетін нығайтып, экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік бермек. Ақмола өңірі алтын қоры жағынан да республикада көш бастап тұр. Аймақтағы тау-кен металлургия кешені жалпы өңдеу саласының 50 пайызына дейін жеткен. Бұған осы аймақта орналасқан Altyntau Kokshetau, RG GOLD, «АК Алтыналмас» сияқты алпауыт компаниялар өндіріс көлемін жыл сайын ұлғайтуы себеп болған. Бүгінде облыс елімізде өндірілетін алтынның 27,5%-ын беріп отыр. Сонымен қатар биыл бірінші жартыжылдықта елде өндірілген «Доре» қоспасының 59,2 пайызы, өңделмеген алтынның 93,3 пайызы Ақмола облысына тиесілі екені белгілі болды.
Президент Жолдауында индустриялық аймақтардың мультипликативтік әсері де ерекше аталды. Бұл орайда аграрлық өңірден аграрлы-индустриялды аймаққа айналып үлгерген Ақмола облысында негізгі 4 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Оның ішіндегі ең ірісі – Аршалы ауданындағы республикалық маңызы бар AQMOLA аймағы. Мұнда жалпы құны 1,2 трлн теңгеден асатын 7 жоба қолға алынған. Бұл жобалардың арқасында аймақта 4,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік берген.
Өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының да тынысы ашылып, тұрақты әрі сапалы энергиямен қамтамасыз ету жобалары іс жүзінде жүзеге асырылып отыр. Атап айтқанда, Степногорск жылу электр орталығы ауқымды реконструкциядан өткізу қолға алынса, облыс орталығы – Көкшетауда қуаты 240 МВт электр және 520 Гкал жылу энергиясын өндіретін газ-көмірлі жылу-электр орталығының құрылысы басталған. Бұл жоба шаһарды толыққанды жылумен қамтып, халықтың әлеуметтік сұранысын толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар өңірде 19 жасыл энергетика жобасы сәтті жүзеге аса бастағаны рас. Оның ішінде 17 жел электр стансасы, бір күн және бір биоэлектр стансасы қалыпты жұмыс режимінде энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын бұл нысандар бүгінде Қазақстандағы «жасыл» энергияның 23 пайызын өндіруге жол ашқан.
Әлеуметтік сала және тұрғындардың әл-ауқаты
Президент Жолдауында аталған аса маңызды салалардың бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту. Аталған мақсатта бюджеттен 34,2 млрд теңгеге 88 су құбыры мен кәріз нысаны жаңғыртылып жатыр. Нәтижесінде, тозығы жеткен желілердің үлесі төмендеп, қосымша 20 мың тұрғын сапалы ауызсумен қамтылмақ. Газдандыру жобалары да қолға алынып, аймақтағы 65 мың адам табиғи газға қол жеткізбек.
Аймақта цифрлық басқару жүйелері де енгізіліп, Aqmola Region Score платформасы арқылы аудандар мен қалалардың тиімділігі онлайн өлшеніп жатқанын атап өткен жөн. Жақын жылдары өңірдің «цифрлық егізі» жасалып, жасанды интеллектіге негізделген басқару үлгісі қалыптаспақ.
Жолдауда көтерілген міндеттердің іс жүзінде жүзеге асырылуына ұрпақтар сабақтастығын қолға алған ардагерлер де үн қосып отыр. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен «Қоғамдық келісім» мекемесінде Жолдаудың мазмұнын талқылау жөнінде өткен пленумда 118 мың ардагерді біріктіретін ұйымның өкілдері Президент қойған міндеттерді жүзеге асырудағы өз үлестерін айқындап берді.
– Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық елге айналуға тиіс. Ол үшін «Цифрлық кодекс» қабылданып, әр салада нақты қадамдар жасалуы қажет», – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов.
Ақмола облысының бүгінгі беталысы – Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың жарқын көрінісі. Инвестиция тарту, өндіріс пен энергетиканы жаңғырту, көлік дәліздерін кеңейту, цифрлық трансформация – барлығы да өңірдің болашағын айқындайтын аса маңызды басымдықтар болып отыр. Ең бастысы, бұл қадамдардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, сонымен қатар елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы