Сарайшық ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық орындардағы күмәнді мазмұндағы граффитиді бояп, жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық насихатының алдын алу бойынша рейдтік іс-шара өтті.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында өткен рейдке депутаттар, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар ұйымының мүшелері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасырын жарнамалар, граффитилер көбінесе көпірлердің астында, тұрғын үйлердің қасбеттерінде, трансформаторлық қосалқы станцияларда салынады. Сондықтан мұндай қалтарыстардағы жазуларды өшірудің өзіндік себептері бар.
«Бүгінгі шараның басты мақсаты – қала көшелерін күмәнді мазмұндағы жазулардан тазарту ғана емес, сонымен қатар құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу. Көше қабырғаларындағы мұндай граффитилер кей жағдайда заңға қайшы үгіт-насихатқа, жастардың теріс бағытқа бет бұруына себеп болуда. Сондықтан біз тек бояп, тазалап қана қоймай, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Қала – бәріміздің ортақ үйіміз, оны таза әрі қауіпсіз ұстау – әрбір азаматтың міндеті», – деді Сарайшық аудандық полиция басқармасының номері 68 полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты полиция майоры Нұрлан Жұмаділов.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордада есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасуда. Құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер өткізіп, оқу орындарында профилактикалық кездесулер ұйымдастыруда, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру туралы тапсырмасы аясында жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау іс-шарасы ұйымдастырылуда. Бұл жолы Арқар көпірінің астындағы түрлі жазуларды және есірткі қылмысын насихаттайтын жасырын жарнамаларды өшіру акциясы өтті. Қазір ең өзекті проблемалардың бірі – синтетикалық наркотиктің таралуы. Сондықтан да біз оның алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол тек қана жазуларды өшіру секілді акциялармен тоқтамайды, идеологиялық тұрғыда да жастармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оған полиция мен прокуратура өкілдері де қатысады. Өйткені кейбір жастар ақпараттың жеткіліксіздігінен қиын жағдайларға ұшырап қалып жатады, – деді Астана қалалық мәслихат депутаты Мағзұм Арсланбек.
Сарайшық аудан аумағында бұған дейін «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Назар аударыңыз, балалар!», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, жастар және жасөспірімдер арасында құқықтық тәртіпті сақтау бойынша акциялар өткен-ді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ