Нашақорлықпен күрес күшейеді

Қарағандыда бір ай ішінде нашақорлықтың алдын алудың үш жылға арналған Жол картасы әзірленеді. Сонымен қатар өңірдегі тәжірибе алдағы уақытта бүкіл республикаға таралмақ. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен республикалық Аналар кеңесінің семинарында айтылды.

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Салауатты сана» жо­басы аясында қолға алынды. Енді Қарағанды жастарының ара­сын­да нашақорлық пен есірткі қыл­мысының алдын алу мақ­са­тын­да фронт-кеңсе жұмысын бас­та­ды. Оның негізінде лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық жә­не есірткіге тәуелділік сынды әлеу­меттік мәселелер қамтылған.

Фронт-кеңсе облыстық Жас­тар ресурстық орталығының базасында ашылды. Мұнда наша­қор­лықпен күреске және денсаулыққа жауап­кершілікпен қарауды қа­лып­тас­тыруға бағытталған тренингтер, кез­­десулер, акциялар мен форумдар ұйымдастырылады. Жаңа фронт-кеңсе Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 30 жылдығына орай өткен республикалық Аналар кеңе­сінің семинарында таныстырылды.

– Қарағанды облысы наша­қор­лық проблемаларын шешудің орталығына айналады. Мұнда тұр­мыстық зорлық-зомбылық пен есірткі қылмысына қатысты ма­ман­дарды даярлайтын Ішкі істер министрлігінің академиясы, сон­дай-ақ адамның қанындағы кез кел­ген есірткі затын анықтай ала­тын бірегей зертханасы бар ме­дицина университеті жұмыс іс­тей­ді, – деді Қазақстан халқы Ассам­блеясына қарасты респу­бликалық Аналар кеңесінің тө­райы­мы Нәзи­па Шанаи.

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев нашақорлықпен күрес от­басынан және қоғамнан бастала­тынын атап өтті. Кездесудің басты мақ­саты –  нашақорлыққа қарсы нақ­ты шараларды әзірлеу.

– Мемлекет басшысы Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында сөй­леген сөзінде «есірткі – ұлт ден­сау­лығына төнген тікелей қауіп» еке­нін айтты. Бұл дертпен күрес ауру­ханаларда да, соттарда да емес, ең алдымен отбасында, мектепте, бала тұлғасы қалыптасатын ортада басталады. Басты қару – жаза емес, дұрыс бағдар қалыптастыру: рухани даму, спорт, шығармашылық пен мейірім. Өңірде Футбол академиясы салынуда, шахмат қозға­лысы дамып келеді, «Кітап оқитын ұлт», «Тұлпар мініп, ту алған» жо­ба­­лары жүзеге асырылуда, Community-орталығы ашылды, грант­­тық бағдарламалар мен «Жасыл ел» қозғалысы жұмыс істейді. Мұ­ның бәрі жастарға жаңа мүм­кін­діктер ашып, олардың ел үшін маңыздылығын сезінуге көмек­те­седі, –  деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы­ның хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова нашақорлықпен күрес тек құ­қық қорғау органдарының міндеті ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасыны нығайту және жас­тарды тәрбиелеу екенін атап өтті.

Қарағанды облысы бойынша Ме­дициналық және фармацев­ти­калық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова ең өткір мәселелердің бірі – дәріханалық на­шақорлық пен оны жоюға ба­ғыт­­талған мемлекеттік бақылау ша­­ра­ларын сөз етті.

– Денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше сын – рецепт  арқылы берілетін дәрілердің дәріхана же­лісі арқылы қолжетімді болып тұруы. Оларды медициналық не­гіз­сіз, мақсатсыз пайдалану халық­ты жасырын түрде есірткіге тәуелді ету нысандарына айналды. Ең осал топ – жасөспірімдер мен жастар. Ана­лар кеңесінің бастамасымен 2023 жылғы сәуірден бастап «Трамадол» есірткі тізіміне енгізілді. Ке­лер жылы шамадан тыс қолдан­ған кезде қатты тәуелділік тудыратын басқа да дәрілерді сол тізімге енгізу жоспарланып отыр, – деді Ольга Смирнова.

Бұдан бөлек, Қарағанды облы­сында «Жасыл сертификат» жобасы іске қосылды. Ол тәуелділік ту­дыратын, рецепт арқылы бері­летін дәрілердің маманның нұс­қауын­сыз сатылуына қоғамдық ба­қылауды қарастырады.

Семинарға Президент Әкім­шілігінің, Бас прокуратураның, ІІМ-нің, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің өкіл­дері, Мәжіліс депутаттары, ана­лар кеңесінің, ҮЕҰ мүшелері мен сарапшылар қатысты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы