Жасанды интеллект білім, ғылым және экономикаға тың серпін береді

Мәжіліс Төрағасы 2025 жылы ЖИ нарығының көлемі шамамен 740 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл былтырмен салыстырғанда 20 пайызға көп.

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Жиын барысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов елімізге жасанды интеллектінің ұлттық моделі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл модель ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжіліс Спикері жасанды интеллект – әр мәселені егжей-тегжейлі талқылауды, талдауды талап ететін күрделі сала екенін атап өтті. Соған сәйкес, бүгінгі жиынға осы бағытқа жауапты министрлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар, көшбасшы мамандар шақырылды.

Сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы Еуропа заңдары авторларының бірі – Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы Генрик фон Шейл, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов тыңдалымға қатысты. 

– Жалпы қазіргі кезде дүниеде ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі де бірегейі – осы цифрландыру мен жасанды интеллект. Күні кеше өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 80-ші сессиясында да жаһан көшбасшыларының көбі бұл жайтты назардан тыс қалдырған жоқ.

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та осы төңіректе өз ойларын ортаға салып, Қазақстанның болашақ даму бағдарын әлемге паш етті. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауының өзі тұтастай алғанда жасанды интеллект тақырыбына арналуы да бекер емес.

Президент үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша ауқымды міндет қойды. Осылайша, жасанды интеллект  – мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналып отыр, – деді Ерлан Қошанов. 

Мәжіліс Төрағасы 2025 жылы ЖИ нарығының көлемі шамамен 740 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл былтырмен салыстырғанда 20 пайызға көп. 

«Осыған байланысты мемлекеттердің басым бөлігі аталған саладағы зерттеу мен жобаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып отыр. Бүгінде бұл – елдердің бәсекеге қабілеттілігін сақтап, тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басты шартына айналды. Қазақстан да әлемдік үрдістен қалыс қалмауды көздейді», – деп атап өтті Қошанов.

Қазіргі таңда елімізде осы бағытта бірқатар нақты қадам жасалды: «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды, ұлттық ЖИ платформасы іске қосылып, суперкомпьютер жұмыс істей бастады. Сонымен қатар Smart Data Ukimet пен «Астана Хаб» алаңы табысты қызмет етіп келеді.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның цифрландыру саласында жеткен жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, еліміз электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Бұл мемлекеттік басқару саласын цифрландырудың нәтижесі. Сондай-ақ Қазақстан Қытай, Германия және Аустралиядан озып, онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік 10 елі қатарына кірді. 

«БҰҰ сарапшылары да еліміздегі электронды үкіметтің тиімділігіне жоғары баға беріп отыр. Атқарылған осы жұмыстың бәрі өз жемісін беріп, Қазақстанды Орталық Азиядағы ең озық цифрлы елге айналдырды. Британиялық «Оксфорд Инсайтс» компаниясының Елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығы рейтингісінде Қазақстан 188 мемлекеттің ішінде 76-шы орынды иеленуі бұған айқын дәлел. Енді біз жаңа әрі жауапты кезеңге қадам басқалы отырмыз. Ол – жасанды интеллектіні барлық салаға жаппай енгізу кезеңі. Бүгінгі біздің тыңдалымның негізгі тақырыбы да – осы, – деді ол.

Қошанов ЖИ-ді енгізуде үш негізгі бағытты атады. Біріншіден, қауіпсіздік пен этика мәселелері. Бұл саладағы заңнаманы тұрақты түрде мониторингтен өткізіп, жаңа талаптарға бейімдеу қажеттігін ескертті. 

Екіншіден, жасанды интеллект еңбек нарығына тікелей ықпал етпек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кейбір мамандықтарды жаңа технология алмастыра бастады. Дегенмен Мәжіліс Спикері «барлық процестердің драйвері әлі де адам» екенін ерекше атап өтті.

Үшіншіден, білім беру саласында ЖИ-дің мүмкіндігі мен тәуекелін қатар қарастыру қажет. 

«Жасанды интеллект – көмекші құрал, бірақ мұғалімді алмастыра алмайды», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқаруда, табиғи апаттардың алдын алуда жасанды интеллектіні тиімді қолдануға болатынын атап өтті.

Бұл ретте халықаралық ынтымақтастықтың да маңызы зор. Қазақстан БҰҰ аясындағы «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі ғаламдық диалог» бастамасын қолдап отыр. Бұған қоса, AlemAI орталығы мен халықаралық консультативтік кеңес құру жоспарланған.

«Бұл шаралар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, үш жыл ішінде елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Қошанов.