Сарсаңға салған самокат

Биыл Алматыда жыл басынан бері жол ережесін бұзған электросамокаттар мен электр велосипед жүргізушілеріне қатысты 12 мыңға жуық оқиға тіркелген.

Бүгінде Алматыда самокат тізгіндеушілерге қатысты айтылар сын азаяр емес. Себебі кейінгі уақытта жаяу жүргіншілерге арналған жолда жүйткіп өтетін самокатшылар саны артқан. Бұл шаһар тұрғындарының да наразылығын тудырды. Көшенің қақ ортасында жылдамдықты асыра айдайтындар көбейген сайын, адамдардың жаяу жүргіншілер жолында емін-еркін жүруі қиындай түскен.

20 мыңнан астам самокат қолданыста жүр

Биыл Алматыда жыл басынан бері жол ережесін бұзған электросамокаттар мен электр велосипед жүргізушілеріне қатысты 12 мыңға жуық оқиға тіркелген. Алматы қалалық Полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, самокатшыларға қатысты 300-ден астам келеңсіз жағдай тіркеліп, оқиға салдарынан 312 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш қаладағы инфрақұрылым мәселесінің қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді.

Қазір Алматыда 20 мыңнан астам самокат қолданыста жүр. Самокатшылар жоғары жылдамдықпен жол қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, қос дөңгелекті техниканы көрінген жерге бейберекет тастап жатады. Бұл тұрғындардың қозғалысына айтарлықтай ыңғайсыздық тудырады. Қала билігі енді бұл мәселемен күресу үшін арнайы тұрақтар орнатпақ. Бұл бастама қоғамдық тәртіпті сақтап, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін самокаттардың ретсіз орналасуын азайтуды көздейді. Қазірдің өзінде шаһарда 10 тұрақ орны белгіленген. Мұндай тұрақ орындары негізінен адам көп шоғырланған көшелерде орнатылған. 

89 шақырымдық велоинфрақұрылым пайдалануға берілген

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Жандос Қуанышбекұлының дерегінше, сайлауалды бағдарлама аясында Алматыда жалпы 89 км велоинфрақұрылым қолданысқа берілген (веложолақ – 25,15 км, веложолдар – 63,8 км). Ал 2025 жылы қосымша тағы да 29,6 км салу жоспарланған, оның ішінде веложолдар – 22,6 км. Дәлірек айтсақ, Саин көшесінің бойында – 6,4 км, Абай даңғылының бойында – 1,2 км жаңа веложолақ салынады. Бұл қадам самокат пен велосипед пайдаланушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Электросамокат тақырыбы Алматы қаласы үшін аса өзекті. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының алаңында бірнеше мәрте қаралып, қала әкімдігі, полиция, операторлар мен тұрғындардың қатысуымен ашық талқылаулар жүргізілді. Мақсатымыз – тұрғындардың қолайлы қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін үйлестіру. Айта кетерлік жайт, партиямыздың сайлауалды бағдарламасында «Сапалы инфрақұрылым» атты бағыт бар. Осы бағыттағы «Қолайлы көлік жүйесі» бөлімінде веложолақтар мен веложолдардың құрылысын бақылау және дамыту мәселелері нақты көрсетілген, – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Жандос Нәдіров.

«Веложол мен тұрақ стансасына жету уақыты 5 минуттан аспауы тиіс»

Урбанист Гүлмира Байғабұлова шаһарда орналастырылған тұрақтар самокат қозғалысын ретке келтіру үшін әлі де жеткіліксіз екенін айтты. Маманның пікірінше, алдағы кезеңде тұрақтар саны көбейіп, олар қаланың барлық ауданына теңдей бөлінуі тиіс.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, самокаттарды әр 400-700 метр сайын қойылатын стансаларға шоғырландыру тиімді. Бұл ретте қолжетімділік қағидаты сақталуы шарт: веложол мен тұрақ стансасына жету уақыты 5 минуттан аспауы тиіс. Сонымен қатар самокатты бейберекет тастаған жағдайда айыппұл немесе қосымша ақы сияқты тетіктер енгізілуі қажет. Бұл тәртіпті ғана емес, құрылғыны тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастырады. Алматы қаласында самокаттарға арналған алғашқы 10 тұрақ орнатылды. Әрине, бұл жеткіліксіз. Қалаға мұндай тұрақтардың мыңдаған түрі қажет. Дегенмен, бастама ретінде бұл дұрыс әрі уақытылы қадам деп санаймын, – деді ол.

Маман өз сөзінде электросамокаттарды қоғамдық көлік жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастыруға келісетінін жеткізді. Десе де, самокатты қоғамдық көлікпен интеграциялау үшін мынадай талаптарды ескеру маңызды.

Электросамокат қаланың «соңғы шақырымдық» мобильділігін шешетін құрал, сондықтан оны қоғамдық көлік жүйесінің бөлігі ретінде қарастыруға болады. Бірақ мұнда негізгі шарт – олар тек арнайы дайындалған инфрақұрылымда қолданылуы тиіс. Самокатты қоғамдық көлікпен интеграциялау үшін мынадай талаптар қажет: велоинфрақұрылымға толық көшу, жаяу жүргінші жолынан толықтай шығару, жылдамдықты шектеу, жас ерекшелігін бақылау және т.б. Бұл шаралар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және Президент айтқан «әрбір өмір қымбат» қағидатын жүзеге асырады, – деді урбанист Г. Байғабұлова.

Естеріңізде болса, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында электросамокат қозғалысын реттеуге байланысты заңнамалық өзгерістер нәтижелі болмағанын айтып, Үкіметке мәселені қайта қарауды тапсырған еді. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы