Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, жасанды интеллект жүйесіне өзге өңірлер сынды жамбылдықтар да жүйелі көшуде.
– Өңірде жасанды интеллектіге негізделген жобалар, инфрақұрылымдық жаңғырту, кадрмен қамтамасыз ету және халыққа алғашқы медициналық көмекті жеделдету бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл ақпан айынан бастап Жамбыл облысында ЖИ технологияларына негізделген телерадиология жобасы іске қосылды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен WDSOFT компаниясы бірлесіп, ТМД елдерінде баламасы жоқ бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйені қалыптастырды. 22 медициналық мекеме бір желіге біріктіріліп, радиологиялық зерттеулер орталықтандырылған форматта жүзеге асуда, – дейді басқарма басшысы Сержан Назарбек.
Маманның сөзінше, қазір жасанды интеллектінің көмегімен диагноз дәлдігі артып, емделушілердің өмір сүру сапасы мен ұзақтығы жақсарып жатыр. Бұдан бөлек, 2023–2027 жылдарға арналған ұлттық кешенді жоспар аясында машиналық көру және когнитивті технологиялар енгізілуде. x-Eye Mammo сүт безі қатерлі ісігін, x-Eye Toraks өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект, тіпті 1 мм көлеміндегі түзілістерді де көре алады. Ал адам көзі әдетте 5 мм-ден үлкенін байқайды екен.
Осылайша, өңір медицинасы ЖИ-мен жұмыс істеуге толықтай бейімделуде. Ол ауруды ерте анықтап, лайықты ем-дом қабылдауға жол ашады. Алайда бұл жасанды интеллект дәрігерлерді толықтай алмастыра алады деген сөз бе? Медицина ғылымының докторы, профессор Сағындық Ордабековтің айтуынша, ЖИ-дің тиімді де, тиімсіз де тұстары бар.
– Қазір жаңа технологиялардың медицина саласында тигізіп жатқан пайдасы орасан. Егер заманауи құрылғылар болмағанда мидың қатпар-қатпар қуысында не болып жатқанын білмес едік. Дәл сондай ішкі құрылыста, бауыр мен бүйректің, өкпе мен жүректің жағдайын бақылауға мүмкіндік тумас еді. Бірақ бір ескерерлігі, ЖИ-ді де адам басқарады. Ал басқара алмаса оның арты түрлі жағдайға апарып соғуы мүмкін, – дейді.
Сарапшының ойынша, ЖИ-мен бірге келген жаңалықтың бірі – электронды медициналық карталар. Алайда білім саласындағы электронды күнделік тәрізді бұл да талай дәрігердің өкпе-ренішін тудыруда. Бұл карталар науқас туралы егжей-тегжейлі мәліметті сақтап, тіпті бақылап, көріп отыруға мүмкіндік береді. Бірақ оның қиыншылығы жоқ емес. Мәселен, дәрігер науқас қабылдауға арналған уақытының көп бөлігін әлгі картаны толтыруға, компьютерге енгізуге жұмсайды. Міне, жаңа технологиялық медицинаның бір кемшіл тұсы – осы.
Медициналық бейнелеуде ЖИ құралдары компьютерлік томография, рентген сәулелері, магнитті-резонанстық томография (МРТ) және басқа да радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай қалуы ықтимал.
Сағындық Ордабеков жетілдірілген жасанды интеллект дәрігерлерді күнделікті қайталанатын ұсақ шаруалардан босататынына сенімді. Яғни, ЖИ-дің көмегімен дәрігер науқастарға көбірек көңіл бөле алады. Жасанды инттеллект дәрігердің жұмыстан шаршауын баяулатып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады. Бірақ науқасқа ең бірінші керегі ЖИ емес, дәрігер.
– Ауруға шалдыққан науқас үшін ең бастысы – адам көңілі. Оларға жаны ашитын, қалай қиналып жүргенін түсінетін дәрігер қажет. Дүниеде сырқаттан жаман нәрсе жоқ, мұндай сәтте адам өзін жалғыз сезінеді. Ал оны ойлайтын дәрігер болмаса, жағдай тіпті күрделенеді. Сол себепті денсаулық сақтау саласында алдымен адамгершілікке көңіл бөлуіміз қажет. Ал ЖИ-де адамдық сезім болмайды. Сондықтан қаншалықты тиімді болғанымен, оның дәрігер мен науқастың қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшы.
ЖИ-дің медицинада қолдануға қатысты тағы бір мысалды келтірсек, рентгенологтар көп уақытын науқастардың рентген кескіндерін зерттеуге жұмсайды. Бұл мамандық иесіне біліктілігін жетілдіру үшін көп жыл қажет. Соның өзінде де ауруды анықтау қиынға соғатын жағдайлар кездеседі. Өз көзқарасын дәлелдеу мақсатында дұрыс байлам жасамау немесе немқұрайды қарау секілді адамға тән қасиеттердің кесірінен қателіктер жіберілуі мүмкін. Ал ЖИ-дің сараптамалық бағдарламасы сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді.
Негізі, ЖИ мен дәрігердің үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Мәселен, ЖИ онкологиялық ауруды тексеруден өткізгеннен соң «мына науқасты химиотерапиямен емдеудің тиімділігі – 97 пайыз, сәулелік терапияның тиімділігі – 78 пайыз, дәрі-дәрмекпен емдеу – 56 пайыз» деп дәрігерге бағыт береді. Кейде қолданылатын дәрі-дәрмектің дозасына дейін көрсетеді. Тіпті, қарастырылып отырған ем-домның неше жылға дейін сәтті болатынын да айтып береді. Алайда әрі қарай емдеу тактикасын дәрігердің өзі шешеді.
ЖИ көмегімен жұмыс істейтін медициналық құрылғылардың ішінен электрокардиография аппаратын ерекше атап өтуге болады. Ұлыбританияның BTL компаниясы өндірген ЭКГ аппараттары науқастың жүрек ырғағын тері арқылы тіркеп, оның нәтижесін лента бетіне шығарып қана қоймай, патологиялық ауытқуы бар-жоғына талдау жасап, қағазға басып шығарады. Бұл ЭКГ-ні талдаушы функционалдық диагностика дәрігерінің жұмысын біршама жеңілдетеді.
Хирургия саласында 2000 жылы АҚШ-тың Intuitive Surgical компаниясы шығарған Da Vinci ЖИ көмегімен жұмыс істейтін робот-хирург пайдаланылса, нейрохирургияда «гамма-пышақ» көмегімен күрделі оталар жасалып жатыр. Бұл да ЖИ мен дәрігердің үйлесімді жұмысының көрінісі.
Жүрек мониторлары сияқты медициналық құрылғылар өмірлік маңызды белгілерді бақылай алады, ал ЖИ осы құрылғылардан деректерді жинап, сепсис сияқты күрделі жағдайларды анықтайды. Мәселен, жапондық ғалымдар IBM бағдарламасы көмегімен шала туған нәрестелерді болжау үшін ЖИ үлгісін әзірлеген. Ол 75 пайыздық дәлдікті көрсеткен.
Тағы бір тың жаңалық, жыл басында Қытайдың Хэньан қаласында науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллект жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан. Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберген. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарыпты.
Міне, байқағанымыздай, жасанды интеллектінің медицина саласындағы рөлі маңызды. Алайда «ақылды» технологияның өзін адам ақылмен пайдалану керек. Ең бастысы, жасанды интеллект қаншалықты дәлдікпен диагноз қойса да, адам өмірі мен денсаулығына келгенде дәрігердің шешіміне жүгінгеніміз абзал.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы