Ерлан Қошанов, Парламент Мәжілісінің Төрағасы: Әлемге қажет жаңа ғаламдық келісім

Осы күндері Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы жаһандық күн тәртібінің басты оқиғасына айналғанын көріп отырмыз. Дүниенің әр түкпіріндегі мыңдаған адам осы саммит алаңдарындағы кездесулер мен сөйлеген сөздерге ерекше ден қойып, әлем көшбасшыларынан жер шарын бейбітшілік пен келісімге бастайтын жаңа шешімдер күтті.

Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемде қордаланған проблемаларға тоқталып, басты басымдықтарына назар аударды. Оларды еңсеру үшін жүйелі қадамдар мен тың тәсілдер ұсынды.

Барша жерлестеріміз біздің Президентіміздің сөйлеген сөзін мақтанышпен тыңдады деп ойлаймын. Ол конструктивизммен, дәлдігімен ерекшеленеді. Басынан аяғына дейін бейбітшілік, толеранттылық пен диалог баяндаманың негізгі діңгегі болғаны көрініп тұр. Біздің қоғамымыз үшін бұл қарапайым құндылықтар мен қағидаттар болғанмен, әлем оған зәру болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекет басшыларын келер ұрпақ алдында парасаттылық пен жауапкершілік танытуға шақырды. Халықаралық құқықтың бұзылуы «жаңа нормаға» айналған қазіргі жаһандық дағдарысқа енді көз жұмуға болмайды. БҰҰ басшылығымен жаңа ғаламдық тәртіп моделін бірге іздеуге оралған  жөн. Әлемге сенім мен ашықтыққа негізделген жаңа консенсус қажет. Ол үшін мемлекеттердің бәрі бірігіп, БҰҰ-ны жан-жақты реформалауға кірісуі керек.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға жаһандық мәселелердің салдарымен күреспей,  БҰҰ нақты құралдарға ие болуға тиіс, дағдарыстардың алдын алып, бүкіл адамзаттың бейбіт дамуын қамтамасыз етуі керек екенін дөп басып айтты.

Әрбір айтылған бастама еліміздің барлық деңгейде және халықаралық алаңдарда жүргізіп жатқан байыпты, жете ойластырылған әрі бейбітсүйгіш саясаттың нәтижесі екендігі Президент сөзінің салмағын арттыра түсті.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы БҰҰ мінберінен жаңа идеялар ұсынып, ғалам­дық сын-қатерлерді шешуге қатысты еліміздің стратегиясы туралы айтып берді. Олар климаттың өзгеруі, су тапшылығы, Арал мен Каспий теңіздерінің мәселелері, жасанды интеллектіні енгізу, энергетика мен ауыл шаруа­шылығын дамытуға қатысты жайттар. 

Бұл мәселелер Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары бағдарының негізгі басымдықтарына айналғаны және оның үнемі назарында екені баршаға аян. Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен әрбір Жолдауы жоғарыда аталған бағыттар бойынша елді дамытуға арналған нақты шараларды қамтиды.

Әлем көшбасшыларының басын қосқан жиында жаһандық диалогтың бас­ты тақырыптарының бірі цифрландыруға байланысты сын-қатерлер болды. Президент дәл осы тақырыпта әлемнің ең биік мінберінен сөз сөйлеген күні Мәжілістің «Жасанды интеллект туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдауының символдық мәні зор. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленді. Біздің еліміз   әлемде мұндай заңды қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Ол әлемдік тәжірибені ескере отырып әзірленіп, қазіргі қоғамдағы үрей мен алаңдау­шылықтың бәріне жауап береді. Жаңа заңның прогрессивтілігі мен дер кезінде қолға алынуы еліміздің әлемдік үрдістерге сай дамып отырғанын көрсетеді.

Ең бастысы, жаһандағы алмағайып жағдайда елімізде барлық өзгеріс халықпен бірге жүзеге асырылуда. Біз дамудың демократиялық бағдарын тұрақты түрде күшейттік. Президенттің ауқымды саяси және экономикалық реформалары қоғамның санасын өзгертіп, азаматтардың барлық салада белсенділігін арттыруда. Біздің саяси жүйеміз одан әрі ашық болып, тиімділігі арта түсуде. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы толыққанды іске асты. Заң мен тәртіп принципі барлық деңгейде мүлтіксіз орындалып, заңға бағынатын азаматтардың мүдделерін қорғауда. Реформалар жолындағы келесі маңызды қадам бір палаталы парламент болуға тиіс. Ол елдің саяси өміріне қоғамның бұдан да белсенді араласуын күшейтеді.

 Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның БҰҰ Жарғысын қайта қарау, орта державалардың халықаралық қатынастардағы рөлін күшейту, Қауіпсіздік Кеңесін жаңғырту, ядролық қаруға қарсы кешенді шаралар қабылдау, қазіргі ғаламдық сын-қатерлерді шешу сияқты нақты бастамалары жаһандық деңгейде егжей-тегжейлі талқыланады деп сенемін. Мұның бәрі бұрынғыдан да өзекті. Көптеген елдер мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам қазіргі әлемдік тәртіптің әділетсіздігімен бетпе-бет келіп, осы мәселелерге нақты әрі батыл жауаптар күтіп отыр. Бұл біздің планетамыздың болашағы үшін маңызды мәселе десек, артық айтқандық емес.