Шығыста туризмді дамыту үшін тау шаңғысы курортын салу қажет – депутаттар

Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласын қолдауға ерекше назар аударғанын еске салып, Шығыс өңірінің әлеуеті халықаралық деңгейде туризмді дамытуға жеткілікті екенін атап өтті.

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Ұлықбек Тұмашинов, Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров және Мақсат Толықбай Премьер-Министр Олжас Бектеновке Шығыс Қазақстан облысындағы туризмді дамыту мәселесіне байланысты депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласын қолдауға ерекше назар аударғанын еске салып, Шығыс өңірінің әлеуеті халықаралық деңгейде туризмді дамытуға жеткілікті екенін атап өтті.

Туристік маршрут және қазіргі жағдай

Өңірде туристік бағыт Өскеменнен басталып, Ұлан және Самар аудандарын қамтиды. Бұқтырмадағы жаңа көпір арқылы Күршім, Тарбағатай, Зайсан аудандарына жетіп, одан әрі Марқакөл көлі мен Қатонқарағайға жалғасады. Депутат Ұ. Тұмашиновтың айтуынша, 2025 жылы бұл бағытпен саяхаттаған туристер саны өткен жылмен салыстырғанда бес есе артқан.

Бірақ туризмнің дамуына кедергі болып отырған мәселелер де бар:

  • қонақүй, тамақтану және сервис сапасының төмендігі;
  • экологиялық қауіп-қатерлер (қоқыс, өрт қауіпсіздігі);
  • ұлттық парктер мен қорықтардың сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігі.
"Жергілікті халық туризмнен  табыс көзі бар екенін түсініп,  саяхатшыларға үйлерін жалға беруде, қосалқы ауылшаруашылық өнімдерін (қымыз, бал, құрт, май т.б.) сатып  қосымша қаражат табуда. Бюджетке салық  түсімі  артуда. Бірақ бұл жеткіліксіз", – дейді депутат Ұлықбек Тұмашинов.

Тау шаңғысы туризмі

Депутаттық сауалда Алматы тау кластерімен қатар, Шығыс Қазақстанда да тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігі айтылды. Глубокое ауданы мен Риддер қаласының климаты тау шаңғысы курорттарына қолайлы. Депутаттар бұл жобаларды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы қаржыландыруды ұсынды.

Сонымен депутаттар Үкіметке мынадай нақты ұсыныстарды қарастыруды сұрады:

  1. Шығыс Қазақстандағы туристік бағыттарды дамытуға арналған жол картасын қабылдау;
  2. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін енгізу;
  3. Зайсан-Үрімші бағытын ашу мүмкіндігін зерделеу;
  4. Марқакөл мен Зайсанда демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды қолдау;
  5. Глубокое және Риддерде тау шаңғысы курорттарын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы қаржыландыру.