Заңсыз лотерея ұйымдастырған 79 адамды жауапқа тартты – Елнұр Бейсенбаев

Премьер-Министр Олжас Бектеновке Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев заңсыз лотерея ұйымдастырғандар туралы депутаттық сауал жолдады.

Қазақ «Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс» дейді. Бірақ бүгінде ақшаға келгенде арды аттап кететіндер, байлыққа бұқараны алдап жететіндер аз емес. 

Ойыннан ойын шығарып, оны желіге жүктеп халықты тақырға отырғызуды табыстың көзі қылғандарды ауыздықтау үшін «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы» Заң жобасы жазылғанын білесіздер. Мәжілістің депутаттары бастамашы болдық. 

Соның нәтижесінде, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 миллион теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша, өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лотерея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 миллион теңге айыппұл салынды. 

Адамды алдауды меңгергендердің заңды айналып өтуге тырысқан әрекеттеріне тоқталсам. 

Біріншіден, кейбір әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жатыр. Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігуде. 

Мысалы, оқырмандар саны 3 миллионды құрайтын Дархан Жолшыбеков darhanzholshybekov аккуанты арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған. 

Ал оқырмандары саны 6,9 миллионды құрайтын supermamasitа аккаунты арқылы Байтуғаева Әлия бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған. 

Жалпы оқырмандары 13 миллионды құрайтын Justking31 және AminaXO Instagram аккаунттарының иелері Нұртаза Нұрбек және Амина зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 миллиард теңге сомасында қаржы жинаған.