«Ішкиімсіз барып, терезеден аңдыған»: Атырау облысында әйелді қорлаған еркекке іс қозғады (ВИДЕО)

Видеоға қарап отырып, еркектің қандай әдепсіз қылықтар жасағанын байқауға болады.

Атырау облысында алғаш рет Қылмыстық кодекстің жаңа бабы – сталкинг бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты azh.kz сайтына сілтеме жасап.

Оған себеп – Құрманғазы ауданында бір ер адамның ауыл тұрғынын аңдып, үйінің терезесінен сығалап, ұятсыз әрекеттер жасағаны түсірілген бейнежазба.

Оқиға 19 қыркүйекте болған. Бақылау камералары ер адамның сол әйел тұратын үйдің ауласына кіріп, ішкиімсіз жүргенін, сосын әйелді терезеден қарап, бақылап қарағанын тіркеп алған. Фото мен видео WhatsApp-та тарап кеткен. Бастапқыда полиция оқиғаны ұсақ бұзақылық ретінде бағалап, әкімшілік сот оған 60 сағат қоғамдық жұмыс тағайындады. Бірақ жәбірленуші қосымша дәлелдер ұсынғаннан кейін іс қайта сараланып, ҚК-нің 115-1-бабы «Сталкинг» бойынша қозғалды.

Әйелдің туысының айтуынша, бастапқыда ер адамның жыныстық сипаттағы әрекеттері ескерілмеген: жыныс мүшелеріне қол тигізу, ішкиімді шешу және тұрақты түрде аңду. Сондай-ақ ол оқиға жарияланған соң өзге жәбірленушілер де осы ер адамнан зардап шеккенін хабарласқанын жеткізді.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда сталкинг туралы бап 16 қыркүйектен бастап күшіне енген. Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар және 50 тәулікке дейін қамау көзделген.