Экология саласына жасанды интеллект енгізіледі

Су шаруашылығын цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, экология саласы бойынша ағарту жұмыстарын кеңейту, Каспий теңізі өңірінің экожүйесін сақтау мен қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Бүгін Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұловтың төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Экология, Су ресурстары және ирригация, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Цифрлық даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардағы партия жанындағы өңірлік Экологиялық кеңестердің мүшелері қатысты.

Кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған экологиялық бағыттағы тапсырмаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер: климаттың өзгеру салдарлары, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, суды ұтымды пайдалану, жастарды экологиялық бастамаларға тарту болды.

Жиында Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының салалық басқарма басшылары өз өңірлеріндегі тәжірибе мен ұсыныстарын бөлісті.

Атап айтқанда, су шаруашылығын цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, экология саласы бойынша ағарту жұмыстарын кеңейту, Каспий теңізі өңірінің экожүйесін сақтау мен қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша мынадай басым бағыттар белгіленді:

  • республикалық және өңірлік экологиялық жол карталары аясындағы шараларды күшейту;
  • мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру;
  • көгалдандыру, су үнемдеу және қалдықтарды басқару бағдарламаларына тиімділік көрсеткіштерін (KPI) енгізу;
  • жасанды интеллектті қолдана отырып, су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеу;
  • жастардың экологиялық жобаларын қолдау және «Таза Қазақстан» атты ірі ұлттық бастаманы іске қосу;
  • Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру;
  • «жасыл» және цифрлық экономикаға инвестиция тарту.