40 жыл еңбек етіп, марапат алмаған теміржолшы

Оның қоржынында Жаңа-Семей жол дистанциясы, Семей магистральдық желі бөлімшесі басшылығынан алған алғыс хаттар, грамоталар, дипломдардан басқа жоғары наградалар жоқ.

Күректей қырық бір жыл табан аудармастан теміржолда тер төгіп, адал еңбек етіп жүрген теміржолшының бірі – Махмұт Шаранов. Еңбек жолын сонау 1984 жылы Жарма стансасында 1-ші дәрежелі жол монтерінен бастаған ол қазір де жұмысын осы жерде механикалық-шеберлік цехында 6-шы дәрежелі тракторшы болып жалғастыруда, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның қоржынында Жаңа-Семей жол дистанциясы, Семей магистральдық желі бөлімшесі басшылығынан алған алғыс хаттар, грамоталар, дипломдардан басқа жоғары наградалар жоқ. Бірақ бұл оның жоғары білікті маман екеніне қылау түсіре алмайды.

Адал еңбек – ардың ісі қағидасы, оның өмірлік ұстанымы. Қашанда барға қанағат, жоққа сабыр еткен қарапайым еңбек адамының өзіндік жүріп өткен еңбек жолы бар. Жарма стансасына жол монтері болып жұмысқа тұрған Махмұтты жарты жылға жетер жетпес уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге алып кетеді. Екі жылдан соң елге оралған ол Шар локомотив депосына машинист көмекшісінің дублері болып жұмысқа тұрып, кейін машинист көмекшісі болады.

Алайда, ол бір жылдан соң Жарма жол дистанциясына жол монтері қызметіне қайта оралады. Бір кездері теміржолдан тыс басқа бір кәсіпорында жұмыс істеп көргенімен, үйреніп қалған теміржолға қайтып келеді. 

Аягөз стансасында вагон жинау цехында слесарь, тракторшы, көпір цехының жасанды құрылыс жөндеушісі, жол монтері сияқты түрлі қызметтер оның түрлі салада тәжірибе жинап, бесаспап маман ретінде шыңдалуына септігін тигізді.

Әріптестері Махмұт Шарановтың өз ісіне тиянақты, еңбекте адал, жауапкершілігі мол азамат екенін айтады. Ал Махмұттың өзі болса, еңбектің өзгелер алдында еленіп-еленбегені маңызды емес, өзінің ары алдында таза болуы үшін адал еңбек ету маңыздырақ деп санайды.