Бүгінде Сағыныш Нұрхайдарованың сомдаған рөлдері көрерменге етене таныс. Ол М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Айман, «Абайдағы» Ажар, «Қарагөздегі» Қарагөз, Жәнібек Әлікеннің «Махаббатым сеніндегі» Нұрикамал... Біз Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасымен арнайы кездесіп, сұхбаттастық.
– Сіздің негізгі мамандығыңыз биші екен, актриса жолына қалай келдіңіз?
– Иә, негізгі мамандығым – балет әртісі. 7-сыныптан 9-сыныпқа дейін өнер мектебінде оқыдым. 9-сыныптан кейін колледжге грантқа түстім. Осы мамандықты аяқтап, бір жыл бітірген мамандығыммен жұмыс істедім. Astana musicial театрында жұмыс істеп жүріп, актерлердің жұмыс процесіне қарап, қызығып осы мамандыққа келдім. Актерлыққа қатты қызықтым. Бірақ денсаулығыма байланысты Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсе алмай қалдым. Бір жарым ай бойы қатты ауырып жаттым. Тіпті, дәрігерлер «сен мына түріңмен мүгедек болып қаласың» деп айтқан болатын. Өзімнің қайсарлығыммен, жақындарымның қолдауымен шығармашылық емтиханға дайындалып, грант игері атандым. Бұл мамандықтың арқасында өнердегі армандарым орындалды және орындалмаған армандарым да бар. 3-курс студенті болып жүрген кезімде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының іріктеуінен өтіп кеттім.
– Ата-ананың көпшілігі баласының өнер жолында жүргенін қаламайды. Өнер жолын таңдаған жастар қандай қиындыққа дайын болуы керек?
– Негізі, бұл өте қиын мамандық, әсіресе қыз баласына. Мені қазір көп адам сынға алуы мүмкін. Бірақ өнер жолын бастаған жасқа әу баста ешкім сеніммен қарамайды. Екіншіден, үйдегілер секілді еркелетіп, құшақ жайып қарсы алмайды. Үшіншіден, өзің еңбекқорлық пен батылдық танытып, тәуекел етіп алға жылжуың керек. Себебі бұл салада көре алмайтындар мен аяқтан шалатындар көп. Жасыратыны жоқ, танымал әртіс болғың келсе, «Бәке, Сәке» деген таныстар да болуы керек. Міне, өнерге осындай жолдармен келіп жатқандар да бар. Өз басымнан осындай жағдай өтті. Толықметражды фильмнің іріктеуінен өттім. Қазір түсіріп жатқан да болар. Дегенмен шешуші сәтке келгенде осы мамандықты кәсіби тұрғыда бітірген актрисаны емес, желіде аудиториясы көп блогерді таңдады. Айтайын дегенім, өнер жолын таңдаған жас әділетсіздікке дайын болуы керек. Қыз бала болған соң бірінші, ата-ананың қолдауы, екінші, күйеуіңнің қолдауы маңызды. Егер тәтемнің, әжем мен күйеуімнің қолдауы болмаса, мүмкін театрда жұмыс істемей, сұхбат та бере алмас едім. Бұл мамандық қыз баланың арманы болғаннан кейін өмірінің соңына дейін осы салада нан таба алуы қажет. Бұл жеке ойым.
Театрдың жалақысы бір отбасыны асырауға жеткіліксіз
– Қазір актриса мамандығына сұраныс жоғары. Бірақ бітіргендердің барлығы бұл салада еңбек етіп жүрген жоқ. Неге?
– Әркімнің өз қалауына байланысты деп ойлаймын. Менің бір әріптесім бар, екеуміз бір топта оқыдық. Өте жақсы актер. Бірақ ол оқу бітіргеннен кейін «өнер жолын жалғастырмаймын» деген шешімге келді. Себебі театрдың жалақысы бір отбасыны асырауға жеткіліксіз. 4 жыл оқып, дипломды қолға алғаннан кейін ниеті жоқ болып кететін де адамдар бар.
– Кино мен театрдың қайсысы жаныңызға жақын?
– Қиын сұрақ екен. Бұрынғы Сағыныш болса, киноны таңдайтын еді. Театрда 5 жылдық тәжірбием болғаннан кейін, театр жақынырақ деп айтар едім. Кино – ол өмірлік лотерея. Біздің Бекболат Құрманғожаев ұстазымыз солай айтатын еді. Кино бірде бар, бірде жоқ. Ал театр – өмірлік негіз. Маған кино да, театр саласы да ұнайды. Жаның ауырған сәтте, өмірлік күйзеліске ұшыраған кезде театр жанымды емдейді. Мен оны бұрын түсінбейтінмін. Тұңғыш баламды дүниеге алып келгеннен кейін түсіндім. Жаныма шипа керек кезде сахнаны аңсап тұрамын. Күйзелісімді қойылымдағы ауыр рөл арқылы шығарамын. «Театр адамдары қиял, шетінен ерке. Театр адамдары бала» деп ойлаймын.
– Кішкентай қызым бар деп айтып қалдыңыз. Болашақта қызыңыз сіз секілді өнер адамы боламын десе, қарсы болар ма едіңіз?
– Мен үшін бұл сұрақ өте қиын. Қазір қызым кішкентай. «Баланың қалауын орындау керек» деп ойлаймын. Өсе келе әкесі екеуміз бұл ауыр жол екенін түсіндіреміз. Егер өнерді қатты қалап тұрса, мейлі келсін. Қиындықты көрсін, сынақтан өтсін. Баламызды барынша қолдауға тырысамыз. Негізі, өз қалауым қызым өнер жолын таңдамаса екен деймін. Қызым «шетелде білім алса» деп ойлаймын. Әкесі де тек талантты әнші емес, сонымен қатар актер. Біздің қызымыз менен де, әкесінен де талантты. Оны қазір байқап жүрмін.
– Ал 10 жылдан кейін актриса мамандығының болашағы бар деп ойлайсыз ба?
– Менің ойымша, қазіргіден қарағанда сұранысқа ие мамандық болады. Себебі актерлік мамандық бұрынғыдан қарағанда дамыған. Болашақта «қазақ театры барлық әлемге танылады» деп ойлаймын. Құдай өзі сақтасын, бірақ тағы да карантин, соғыс болып қалса біздің керегіміз болмай қалады. Керек болатын мамандық сол баяғы дәрігер, мұғалім, полиция. Карантин кезінде сол жайлы көп ойландым. Сол кезде өзіме сұрақ қойдым. «Біз сонда сайқымазақпыз ба?» елдің көңіл-күйін көтеретін. Тереңірек ойласам, театр – рухани байлық сыйлайтын, эмоцияны сыртқа шығаратын, жанға тыныштық сыйлайтын жер.
Біз үшін залда көрерменнің болмағаны ауыр
– Бұрынғы заманның және қазіргі заманның актрисасының айырмашылығы неде?
– Қазір заман талабы басқа. Бұрынғы әртістер, режиссерлердің ойлау, білім берулері басқа. Бұл салыстыруға келмейді. Осы кісілердің арқасында театрда жүрміз.
– Өнер адамдары театр мен кинодан бөлек, қосымша іспен айналыса ма?
– Бұл ауқымды тақырып. Біздің елімізде қосымша жұмыссыз өмір сүру мүмкін емес. Әсіресе, бір театрдың жалақысымен. Кез келген актер, актрисаны алсақ, міндетті түрде қосымша жұмысы бар. Қосымша табыс келіп тұрсын деп өзімнің жеке ансамблімді ашсам ба деген ойлар келді. Бірақ ол уақыт, энергия мен көп ақшаны талап етеді. Ал менің барлық уақытым театрда өтуде. Негізі, барлығына үлгеремін деген адам үлгереді. Айтқым келетін дүние театрда билет құны өте арзан, бағаны өсірсе екен деймін. Спектакльге келмейтін де адамдар жеткілікті. Біз үшін залда көрерменнің болмағаны ауыр. Бар қалауым өнерімізді бағалап, сұранысқа ие спектакльдер көбейсе екен.
– Жаңынызға жақын рөл қандай?
– Өткен маусымда 3 спектакльде рөлім болды. Біріншісі, «Қарагөз» спектакліндегі басты рөл, екіншісі – «Фигароның үйленуіндегі» Сюзанна, үшіншісі – «Махаббатым сен» қойылымындағы әйгілі Нұрикамал. Барлығы Қарагөзді таңдайды деп ойлауы мүмкін. Себебі танымал классика және ең көп қойылатын пьесалардың бірі. «Махаббатым сен» спектакльінде 2 сахнам ғана болса да, жүрегіме жақын рөлдердің бірі «Нұрикамал» деп айтатын едім. Себебі бұл рөл менің сол кездегі ішкі жан дүниемді, ешкімге айта алмай жүрген сырымды жеткізді.
– Ауыр рөлден қалай шығасыз? Кейбір актрисаларға рөлден шығу қиынға соға ма?
– Мен үшін ең ауыр рөл – Қарагөз. Спектакльдің театр репертуарында қойылғанына бір жылдан асты. Алматыда да «Қарагөзді» ойнадық. Алматылықтар талғамы өте жоғары халық. «Қарагөз» психикалық жағынан ауыр келетін рөлдердің бірі. Міндетті түрде пьесаны тағы бір оқып шығу керек. Маған Қарагөз рөлінен шығу қиын және оны әріптестерім де айтты. Біртіндеп қу тіршілік басталып, солай рөлден шығамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Аяна ӘБІЛДАШ