Салада инвестициялық жоба көп
Кезекті брифингте Сәрсен Абайұлы Шымкент қаласындағы агроөнеркәсіп кешені бойынша айтарлықтай өсім көрсетіп отырғанын жеткізді. 2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 29,2 млрд теңгені құрап, былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштің негізгі үлесі мал шаруашылығына тиесілі – 23,1 млрд теңге.
Салада өнімділікті арттыру мақсатында шаруаларға айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бойынша 16 тауар өндірушіге 479 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде, сүт өндірісі 4,8 пайызға өсіп, 13,2 мың тоннадан асса, құс жұмыртқасы 18,3 пайызға көбейіп, 4,5 млн данаға жетті. Қаладағы мал басы да тұрақты артып келеді, жылқы саны 3,7 пайызға өсіп, 20,8 мыңға жетсе, құс саны 14 пайызға артып, 1,2 млн басқа тіркелді.
«Егін шаруашылығында да оң нәтижелер бар. Биыл 23 мың гектар алқапқа дақылдар егілді. Қолайсыз ауа райына қарамастан, шаруалар 66 мың тоннаға жуық өнім жинап алды. Сондай-ақ қаладағы 100 гектар жылыжай кешендерінен жылына 15 мың тоннаға жуық көкөніс өндіріледі. Биыл жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығына 863 млн теңге, мал шаруашылығына 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Брифингте инвестициялық жобалар барысында да айтарлықтай көрсеткіш бар екені айтылды. Қалада қуаттылығы жылына 8,5 мың тонна болатын екі тауарлы сүт фермасы мен көкөніс сақтау қоймалары салынып жатыр. Сонымен қатар жылына 50 мың тоннаға дейін шұжық өндіретін ет өңдеу зауыттары іске қосылмақ. Түркия мен Польша компаниялары жалпы аумағы 800 гектарды қамтитын заманауи жылыжай жобаларын қолға алған.
Ветеринария саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Қызмет процестері электронды жүйелер арқылы цифрландырылып, малды бірдейлендіру мен ветеринариялық анықтамаларды беру автоматтандырылған. Ветеринар мамандар жаңа автокөліктермен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жалақылары кезең-кезеңімен өсірілуде. Сонымен қатар 2026–2027 жылдары 6 ветеринариялық бекет салу жоспарланған. Жалпы алғанда, Шымкенттің агроөнеркәсіп кешені өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жобаларды іске асырып, халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында тұрақты дамып келеді.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 333 грант берілген
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерімен кездесу барысында қаладағы әлеуметтік саладағы жұмыстарды да тізбектеп өтті. Бүгінде әлеуметтік санаттағы тұрғындарды қолдау мақсатында 333 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген. Биылғы екі лек бойынша өткізілген конкурсқа барлығы 1 756 өтініш түсіп, оның ішінде 336 үміткердің жобасы мақұлданып, 333-іне қаржы аударылған. Екі адамның есепшоттары бұғатталуына байланысты гранттан бас тартылған.
«Бірінші лекте 134 адам (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), екінші лекте 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті. Грант иегерлерінің қатарында көпбалалы отбасылар – 192, мүгедектігі бар азаматтар – 51, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 9 адам бар. Жобалар негізінен қызмет көрсету (151), өндіріс (53), кондитерлік және нан өнімдері (37), тігін (35), жартылай дайын өнімдер (24), мал және құс шаруашылығы (12), жиһаз өндірісі (4), сондай-ақ фаст-фуд, ыстық тағам, кофе сияқты басқа бағыттар (17) бойынша іске асырылуда», – деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың жеке кәсіп ашуына, табысын арттыруына және жаңа жұмыс орындарын құруына жол ашпақ. Қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуын Еңбек мобильділігі орталығы жанынан құрылған мониторинг тобы қадағалайды. Мақсатсыз пайдаланылған жағдайда қаражат мемлекетке қайтарылуға тиіс.
Жаңа жұмысқа мүмкіндіктер артты
2025 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша, Шымкент қаласында өнеркәсіп кәсіпорындары 812,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 15,8 пайызға артық. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы көлемнің 89 пайызын құрап, 724,2 млрд теңгеге жетті. Қала өсім қарқыны бойынша республикада алғашқы үштікке енді. Әсіресе, химия өнеркәсібі – 2,5 есе, машина жасау – 2 есе, сусын өндірісі – 81,2%-ға артқан.
Қалада бүгінде жалпы аумағы 1 276 гектарды қамтитын жеті индустриялық аймақ бар. Мұнда 446 жоба жүзеге асырылып, құны 685,9 млрд теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» және арнайы экономикалық аймақтарда ірі зауыттар іске қосылып, жаңа инвестициялар тартылып жатыр. Мәселен, QazAlPack зауыты алюминий қаптамаларын шығарып, 30 млрд теңгелік жоба аясында 112 адамды жұмыспен қамтыды. Ал ZeineP компаниясы медициналық бұйымдар өндірісін жолға қойып, 80 жаңа жұмыс орнын ашты. Жалпы, 2025 жылдың жеті айында қала экономикасына 425,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 314,9 млрд теңгесі – жеке қаржы.
«Енді алдағы бес жылға жоспар да ауқымды. 2025–2030 жылдары 4,9 трлн теңгенің 211 жобасы іске асып, 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тек биылдың өзінде 65,7 млрд теңгенің 22 жобасы жүзеге асып, 1 200-ден астам жұмыс орны пайда болады. Жаңа зауыттар газобетон, құрылыс материалдары, қағаз және тұрмыстық бұйымдар шығарумен айналысады», – деді қала әкімдігінің ресми өкілі журналистерге берген сұхбатында.
Шымкенттің индустриялық аймақтары алдағы уақытта да кеңейіп, металлургия, мұнай-химия, тамақ және құрылыс саласында жаңа кәсіпорындар бой көтеремек. Бұл бастамалар қала экономикасын нығайтып қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға және Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.
Сонымен қатар биыл Шымкент қаласына келетін туристер саны да артқан. Жыл басынан бері 243 мыңға жуық турист келсе, оның басым бөлігі – ішкі туристер. Ал 15,5 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Сәйкесінше, қаладағы орналастыру орындарының саны 159-ға жетіп, төсек-орын қоры 34 пайызға артқан. Қызмет көрсету көлемі былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға өсіп, 6,3 млрд теңгеден асты. Туризмді дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып, соңғы бір жылда 7 жаңа қонақүй ашылып, тағы төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жалпы, 14,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 240 тұрақты жұмыс орны құрылуда. Бұған қоса, «халықаралық деңгейдегі Hilton қонақүйінің құрылысы басталып, 2026 жылы ашылады» деп жоспарлануда. Табиғи аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында Omir Shymkent глэмпинг жобасы қолға алынды.
Брифингте туристік инфрақұрылымды жақсарту үшін 17 бағыт бойынша маршруттар қызмет көрсетіп жатқаны да сөз болды. Сонымен бірге Шымкенттен Сиань, Будапешт, Мюнхен, Шанхай, Каир, Сеул, Үрімші және Баку қалаларына жаңа әуерейстері ашылған. Қалада туристерге қолайлы жағдай жасау үшін Visit-shymkent.com порталы, QR-кодтар мен 2ГИС жүйесіне енгізілген нысандар да қолжетімді. Жыл сайынғы гастрономиялық, көше тағамдары фестивальдері мен dronе-show секілді имидждік іс-шаралар Шымкентті туристер үшін тартымды ете түсуде. Бұған қоса, этноауылды жаңғырту, гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы аумағын туристік дестинацияға айналдыру жұмыстары жоспарланып отыр.
Қаланың креативті индустриясы да қарқын алып келеді. 2025 жылы ашылған Shymkent Creative HUB орталығы шығармашылық жастардың алаңына айналып, түрлі мастер-класс пен семинарға жол ашты. Бүгінде қалада 2 мыңнан астам креативті кәсіпкер тіркелген, ал салаға қолдау көрсету үшін арнайы ассоциация жұмыс істейді.
Сыртқы байланыстар бағытында да ілгерілеушілік бар. Жыл басынан бері 26 дипломатиялық кездесу өткізіліп, Франция, Қытай, Қырғызстан және Болгариямен жаңа серіктестік жобаларға қол қойылды. Парижде «Шымкент күндері» ұйымдастырылып, Пловдив қаласымен бауырластық байланыс орнатылды. Осылайша, Шымкент туризмді дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және креативті индустрияны өркендету арқылы өзінің мәдени, экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттырып келеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы