Сәуірде құны құлдыраған «қара алтынның» ахуалы әлі реттелген жоқ. Салдарынан Қазақстан ең басты экспорттық шикізатынан табатын пайданың бір бөлігінен айырылып отыр. Нарықтағы құбылмалы кезең көпке дейін жалғасуы мүмкін бе, жаһандық саясат мұнай бағасына қалай әсер етіп отыр?
Мәселе көлемде емес, бағада
Елдің мұнай өндірісін арттыруға ұмтылысына қарамастан, құн жағынан кем-кетік бар. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы 6 айында еліміздің тауар экспорты былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 2,8 млрд долларға азайып, 36,8 млрд долларды құрады. Астық сатудың артқанын ғана айтпағанда, ел экономикасының тірегі саналатын шикізаттардың саудасы төмендеген.
Тауар экспорты деп жалпылама атау бергенімізбен, оның жартысынан көбі мұнай екені анық. Сондықтан жаһандық нарықта «қара алтын» құны төмендесе, Қазақстанның тауар экспорты да ақшалай мәнде азая береді. Биыл жартыжылдықта мұнай сату 2,5 млрд долларға (19,5 млрд долларға дейін) кеміді, былтырғыға қарағанда 11,4 пайызға аз.
Қаңтар мен наурыз аралығында еліміздің өзге мемлекеттерге мұнай жеткізуі 2,5 млн тоннаға төмен түсті. Азия бағытында үлкен шығынға ұшырады, Қытайға импорттау 86,4 пайызға, Сингапурға сату 75,8 пайызға азайды. Оңтүстік Корея, Үндістан және Бруней Қазақстан мұнайын сатып алуды тоқтатты.
Көп өтпей Қытай мен Сингапур бағытында сауда қайта жанданды. Оңтүстік Корея, Үндістан және Брунейге шикізат жеткізіле бастады. Қазақстан компаниялары алғаш рет Пәкістанға мұнай жөнелтті. Бұған қоса, біржылдық үзілістен кейін Панамаға қайта оралды. Еуропа одағы, яғни Қазақстан мұнайының шамамен 65 пайыздан астамын тұтынатын негізгі серіктес сатып алу көлемін 3 пайызға арттырды. Соның арқасында ғана мұнай жеткізу былтырғы көрсеткіштен небәрі 1,9 пайызға қысқарған еді.
Бірақ экспорттың төмендеуі қазір артық қор жиналу қаупін тудырып тұр. Оның үстіне, Теңіз кен орнында биыл қаңтарда іске қосылған үшінші буын өндірісі жылына 12 млн тонна мұнай қосатынын ескеру керек. Қаңтар-маусым айларында мұнай өндіру 11,5 пайызға өсті. Шілдеде Қазақстан Ресей мұнайынан бас тартқан Германияға экспортты арттыруды жоспарласа, тамызда «ҚазМұнайГаз» Хорватия арқылы Мажарстанға алғашқы партияны жеткізді.
Шикізат өндіру мен оның көлеміне қатысты позитивті тұстар болғанымен, тауар экспортының құн жағынан төмендеуіне тікелей баға әсер етіп отыр. Сәуірде басталған құнсыздану әлі жалғасып келеді. Мысалы, тамыздың ортасына қарай 2025 жылдың қазан айы үшін мұнайдың бір баррелінің фьючерсі 66-67 доллардан белгіленді. Баға осы деңгейде қалса, онда мұнайдан түсетін табыс былтырғыдан сөзсіз төмен болады.
Биыл республикалық бюджет «қара алтынның» бір баррельін 75 доллар деп бекіткені есімізде. Ал доллар курсы 470 теңге деңгейінде болады деп ескерілді. Бірақ доллар әлдеқашан 540 теңгеден асып жығылды. Бұдан кейін Үкімет мұнай бағасын 60-55 долларға дейін төмендеген жағдайда даму сценарийін шұғыл дайындап жатқанын мәлімдеумен шектелді.
Ресейлік мұнай нарыққа қалай әсер етеді?
Биыл сәуірде Goldman Sachs ұйымының сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың соңында барреліне 40 доллар болуы мүмкін екенін болжаған. Ал Ұлттық банк сол кезде мұнай бағасының төмендеуі мен теңгенің әлсіреуін АҚШ-тың салық саясатымен түсіндірді. Дегенмен мұнай бағасының тағдыры түгелдей АҚШ көшбасшысы Дональд Трампқа немесе саясаттағы түрлі шиеленіске тікелей байланыспайтын іспетті. Әлемдік мұнай нарығындағы басты ойыншылар – Парсы шығанағындағы монархиялар, әсіресе Сауд Арабиясы рөл ойнайды. Олар қазір ОПЕК+ секілді бірлестік аясында тәртіп орнатып, барлық қатысушының белгіленген квоталарды сақтауына күш салып жатыр. Қазақстан да жыл сайынғы өндірісті 100 млн тоннаға жеткізгісі келгенімен, осы бірлестік аясында өндірісті айтарлықтай арттыра алмай отырғаны рас.
Биыл АҚШ пен Ресей Украинадағы қақтығысты тоқтату және санкцияларды алып тастау мәселесі жөнінде бірнеше келісімге келуге ұмтылғанын білеміз. Сол кезде жаһандық нарық келісімдердің нәтижесіне алаңдаумен болды. Себебі АҚШ пен Ресей бір көзқарасқа тоқтай алса, нарыққа ресейлік «қара алтын» оралып, мұнай бағасы одан әрі төмендеу мүмкін екені болжанған. Әйтсе де, саясаттанушы Ғазиз Әбішев ресейлік мұнайға салынған санкциялар алынып тасталған күннің өзінде, «қара алтын» құны одан әрі құлдырамайтынын айтады.
– Мәселе мынада: санкциялар, 60 доллар деңгейінде белгіленген баға шегі (қазір 47 доллар) жасанды түрде ресейлік мұнайдың бағасын төмендетіп отыр. Ресейді демпинг жасауға, яғни арзанырақ сатуға мәжбүрлейді. Бұл амал бір жағынан өндірісті ұлғайтып, валюталық кірісті жоғары бағадан емес, үлкен көлемнен табуға итермелейді. Мысалы, қазір олар Үндістанға мұнайды арзан бағамен сатып отыр.
Егер ресейлік мұнайдан санкциялар бір сәтте алынып тасталса, бұл баға шегінің жойылуына әкелуі мүмкін. Ресей мұнайды үлкен жеңілдікпен емес, нарықтық бағамен сатып, өндірісті күштеп арттыруды да тоқтатар еді. Осылайша, нарыққа керісінше бағаның нығаюы бағытында әсер етуі ықтимал. Бұл – өзара ықпал ететін екі фактор. Қайсысы басым болатынын мен дәл айта алмаймын, – дейді сарапшы.
Ғ.Әбішевтің сөзінше, санкция астындағы Иран заңсыз жолмен үлкен көлемдегі мұнайды Қытайға немесе басқа елдерге өте арзан бағамен сатса, қандай да бір валюталық түсім алу үшін көлеңкелі жолды қолданса – бұл да нарыққа қысым түсіреді. Сосын сатып алушылар да нарықтық бағамен мұнай сататын санкциядан тыс елдерден емес, көлеңкелі нарықтағы арзан мұнайды таңдауға бейім болады.
– Қазір ОПЕК+ пен араб мемлекеттерінің іс-әрекеттері жақсы рөл ойнап отыр. Америкада шельфтік мұнай игеріліп, атом электр стансалары салынып, баламалы энергия көздері дамып жатыр. Сондықтан барлық мұнай-газ өндіруші елдердің алдында «алдағы онжылдықтарда энергия өндірудің жаңа ғылыми жолы ашылып, мұнайға деген сұраныс күрт төмендеп кетпей ме?» деген стратегиялық дилемма бар. Егер ондай жағдай бола қалса, оны ұзақ уақыт сақтап, кейін ешкімге керегі болмай қалғанша, мұнайды қазір капиталға айналдырған тиімдірек, – деп түйіндеді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Екі түрлі таңдау бар
Ал мұнай бағасының төмен болуы қысқамерзімді перспективада алдымен мемлекеттік бюджет кірісінің азаюына соқтырады. Себебі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, экспорттық баж салығы және мұнай компанияларынан түсетін дивидендтер кемиді. Ал валюталық түсімнің қысқаруы теңгеге девальвациялық қысым түсіріп, саланың инвестициялық белсенділігіне кері соғуы мүмкін.
– Мұнай бағасының төмендеуі ОПЕК+ ұйымының шешіміне байланысты. Әйтпесе, болжамдарда айтылған 40 доллар деңгейіндегі баға ең алдымен АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіретін компанияларға ауыр соққы болар еді, өйткені АҚШ-та өндірілетін мұнайдың шамамен 70 пайызы дәл осы тақтатас мұнайы.
Бағаның төмендеуі қысқамерзімді сипатта болғанымен, Қазақстан үшін қауіп барын білдіреді. Бюджет кірістері мен экспорт түсімінің негізгі көздері әлі де шикізат жеткізуге тәуелді, әсіресе Каспий құбыры арқылы. Бірақ бұл жағдай тек қауіп емес, сонымен қатар стратегиялық бетбұрыс жасауға мүмкіндік, – дейді мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов.
Сарапшының ойынша, бағаның төмендеуі ел ішінде өңдеу саласын жедел дамытуға түрткі болуы керек. Қазақстан шикі мұнайды, пропан-бутанды немесе полиэтиленді экспорттай беруіне болмайды.
Біріншіден, әртүрлі мұнай сорттарын өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керек. Екіншіден, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық беру арқылы шағын тоннажды мұнай-химия өндірісін жолға қойған абзал. Пластик, қаптама, бұйымдар, құрылыс материалдары, машина жасау компоненттерін шығару мақсатында терең газ-химия өндірісін салу да бір бағыт. Бұның бәрі жұмыс орындарын ашып, қосымша салықтар түсіріп, қайта өңделген өнімнің экспортына жол ашар еді.
– Қысқамерзімді ауытқу бюджет пен Ұлттық қор кірісіне әсер етеді десек те, Ұлттық қордың дәл осындай сәттер үшін құрылғанын ұмытпау керек. Ол тек жинақтауға емес, жағдайды реттеп отырушы. Алайда қор құрылымдық реформаларды қолдау үшін пайдаланылуға тиіс. Мысалы, импортты алмастыру, индустрияландыру, өңдеу, дайын өнім экспортын дамыту секілді салаларға. Бұл тұрғыда біз тек «қалай аман қаламыз» деген сценариймен шектелмей, «қалай пайда көреміз» деген сценарийге көшуіміз керек, – деп топшылады Асқар Исмаилов.
Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасының әлі де шикізатқа тәуелді екенін ешкім жасырмайды. Негізгі капиталға тартылған инвестицияларда әлі де тау-кен саласының үлесі көп. Одан арыла алмайтынымыз белгілі, алдағы уақытта сирек металдардың өндірісі де артады. Сондықтан Үкімет бюджетті салықтық түсімдер арқылы молайтуды ғана ойламай, дайын өнімдердің өндірісін жолға қойғаны жөн.
Мадияр ТӨЛЕУ