Бұрын 2000 жылдары дүниеге келген Z ұрпақты өз бетімен шешім қабылдайтын, әлеуметтік желі буыны дейтін. Ал 2012 жылдардан бері дүниеге келген Alpha ұрпақ тез жалығатын, нағыз смартфонның балаларына айналды. Ал олармен тіл табысу ата-анасы үшін де қиын. Соның салдарынан ба, қоғамда жасөспірімдер арасындағы суицид те азаймай тұр. Ал оған не себеп?
Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, 2023 жылы суицид жағдайы бойынша Қазақстан әлем бойынша 19 орынға жеткен. Соның ішінде, жасөспірімдер арасында 155 суицид жағдайы тіркеліпті. Психологтардың айтуынша, бірінші кезеңде жасөспірімдердің 70 пайызында суицид туралы ой болады. Бұл кезеңде олар психологиялық соққы алған болса немесе күйзеліске түскен болса, суицид жасауға ниеттенеді. Бұл жалғаса берсе, өзін-өзі өлтіру уақыты мен орнын жоспарлай бастайды. Соңы әрекет етуге ұласады. Бұл кезеңдегі баланы сөзбен емдеу мүмкін емес, тіпті оған психолог та көмектесе алмайды.
Кітапқа құмарлық қасіретке айналған
Былтыр қоғам назарын аудартқан оқиға – Алматыда көпқабатты үйдің шатырынан құлап көз жұмған екі жасөспірім қыздың тағдыры. Иә, олар өміріне жауапкершілік ала алмайтын жаста дүниеден озды. Тіпті, жасөспірімдердің суицид жасауға дайындалып жүргенін жақындары білсе де, тосқауыл бола алмас еді. Себебі қыздардың психологиялық жағдайы, жоғарыда атап өткен кезеңдердің ең соңғысында.
– Қызымыздың дүниеден озуы өз еркімен емес, баланың психикасына әсер ететін интернет-технологияның салдарынан болды. Сондықтан мұндай жағдай балаға жасалған қастандық деп есептейміз. Біздің ғана емес, осы жағдай барша қазақстандықтардың басында болуы мүмкін. Бұл – балаға қарсы жасалған қылмыс. Бұл зұлымдыққа нүкте қойылуы керек. Қоғам болып атсалысуымыз керек. Баланың психикасын бұзатын дүниені жасаған жандар жазасын алуы керек, – дейді қарындасынан қапыда айырылған ағасы.
Бір қызығы, екі жасөспірімнен де күйзелістің белгілері байқалмаған. Әрқашан ортасында әзіл айтып, балетке қатысқан. Анасымен де жақын сырлас болыпты.
– Ата-анасы қызға өте жақсы көңіл бөледі. Аниме кітаптарын сүйіп оқыды. Арасында қандай кітап оқып жатқанын айтатын. Оның кітаптарына мән бермегенім өкінішті. Алдын алатын едім, – деп өкінгенін жеткізді оқытушысы.
Осы оқиғадан соң, ата-аналар арасында мына оқулықты балаңыз оқымасын, «қадағалаңыз» деген хабарламалар тарап кетіпті. Онымен қоса, қыздар өлімді романтика ететін кітаптар мен telegram каналдарға тіркелгені анықталған. Ендеше кітап кейде рухани демеу, кейде қауіпке жетелеуші құрал бола алады. Әсіресе, аниме не манга бағытындағы кітаптарда кейіпкерлердің өмірі көбіне шынайыдан алшақ мифке құрылған. Жазушының ойынша, ол тек көркем образ болуы мүмкін, бірақ жасөспірім үшін ол шындыққа ұқсас үлгіге айналады. Анимелік әдебиеттерде кейіпкердің қайта-қайта өліп, тірілуі жасөспірім санасында өмір мен өлімнің құндылығын жеңілдетуі мүмкін. Сондай-ақ кітапта бейнеленген мәңгілік ізденіс, жалғыздық, депрессияны кей балалар өз өмірімен салыстырып, шешімін тек қана қасіреттен көреді.
Ал жаман кейіпкердің романтизациясы зұлымдықты әдемі, әсерлі етіп көрсету арқылы мінезді бұзуы мүмкін. Ересек адам мұндайды оқығанда, оның көркемдік шындық екенін, миф пен метафора екенін түсінеді. Ал жасөспірім бала үшін кітаптағы символика «тура шындықтай» қабылданып, қауіпті ойға итермелеуі ықтимал. Бұл – әсіресе психологиялық тұрғыда әлсіз, жалғыздықты сезінетін балалар үшін маңызды фактор.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Алматыда болған оқушылардың өлімін зерттей келе, трагедияның себебі тереңде болғанын айтты.
– Кейбір қосымшалардың атауының өзі ағылшын тілінен аударғанда «ата-анадан қашып кету керек» деп жазылған. Бала оны ойын сияқты қабылдайды. Басында ойын деңгейінде баланы баурап, кейін балаларды ата-аналарына қарсы қояды. Жасөспірімдердің суицидін зерттей келіп, өзіне қол жұмсаған балалар белгілі бір әдебиетті оқығаны анықталды. Біз сол кітапты іздестіріп, қаладағы кітап дүкендерінен осыған ұқсайтын тағы он шақты кітапты таптық. Мұқабасына, мазмұнына қарасаң, ешқандай қауіп жоқ секілді – махаббат туралы, жастардың арасындағы қарым-қатынас туралы сияқты көрінеді. Бірақ балалар осы кітаптарды оқып, басқа бір ойларға беріліп, ең соңында сол кітаптардың кейіпкерлеріне арналған қосымшаларына кіріп, ақыры өздеріне қол жұмсағаны анықталды. Біз кітап дүкендерінен сол және мазмұны осыған ұқса кітаптарды айналымнан шығардық. Осылайша, осындай әлеуметтік желі арқылы балаларымызға бағытталған астыртын әрекеттің жолын кесіп, эпидемияға айналуына жол бермедік, – деген еді Ерлан Қарин.
Шетелдік әдебиет сүзгіден өте ме?
Қазақстанға кіргізілетін кітаптар мен баспа өнімдері кеден арқылы өтеді. Заң бойынша «экстремизмді, терроризмді, діни араздықты, ұлтаралық жеккөрушілікті насихаттайтын» әдебиеттерге тыйым салынған. Сондықтан діни мазмұндағы кітаптар мен материалдар арнайы теологиялық сараптамадан өтеді. Қазақстанда тіркелмеген діни ағымдардың кітаптарын таратуға рұқсат етілмейді. Ал ресми баспалар шетелдік кітапты қазақшаға немесе орысшаға аударып шығару үшін авторлық құқық иесімен келісімшарт жасайды. Бұл да бір сүзгі ретінде жұмыс істейді, себебі рұқсатсыз шығаруға болмайды. Жалпы алғанда, Қазақстанда шетел әдебиеті еркін келеді, дүкендерде әлемдік авторлардың көпшілігінің шығармасы бар. Бірақ заңға қайшы немесе діни-экстремистік мазмұндағы кітаптарға сүзгі қатаң қойылғанымен, балалар әдебиетінің мазмұнын ешкім қадағалап жатқан жоқ.
Ал кейбір дамыған елдерде балалар әдебиетіне белгілі бір «сүзгі» қойылған. Бірақ ол тікелей цензура емес, көбінесе жас ерекшелігіне сай іріктеу, педагогикалық және психологиялық сараптау түрінде жүзеге асады. Мысалы, Америкада балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар жас деңгейіне қарай қатаң жіктеледі. Мектеп пен қоғамдық кітапханаларда арнайы Advisory Board (кеңесші комиссия) сараптайды. Суицид, зорлық-зомбылық, экстремизм, порнография сынды тақырыптардағы әдебиеттерге жас шектеуі қойылады немесе кітапханалардан алынып тасталады. Еуроодақ елдерінде балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қадағалайтын арнайы институттар бар. Олар қоғамға қауіпті, психикаға зиянды кітаптарды қарастырады. Ал Жапония суицид деңгейі жоғары ел болғандықтан, манга мен анимеге мемлекеттік деңгейде harmful publications (зиянды басылымдар) тізімін жүргізеді.
– Жалпы, Қазақстан – әлем бойынша жасөспірімдер арасындағы суицидте алдыңғы орында. Дегенмен шетел әдебиеті балаларды суицидке итермелейді деу жаңсақ пікір болар еді. Біздің елімізге шетелдік кітаптар емін-еркін келіп, сатылып жатқан жоқ. Тек Ресейден келетін кітаптар нарықта еркін жүр. Себебі көрші мемлекеттен келген шетел әдебиеті орыс тіліне аударылып келеді. Бірақ барлық шетелдік кітап жасөспірімдерді суицидке итермелейтініне сенбеймін. Мен білетін балалар әдебиеті суицидті болдырмау туралы ойға жетелейді. Ал суицид туралы ойлайтын баланың отбасында проблемалар, ортасында әлімжеттік болуы мүмкін. Содан кейін күйзеліске бейім болады, – дейді Steppe and World баспа үйінің басшысы Раиса Қадыр.
Психикалық денсаулыққа ата-ана жауапты
Баспагердің айтуынша, 14 жастан үлкен жасөспірімдер тек балалар әдебиетін емес, ересектердің кітаптарын да оқи бастайды. Біздің төл әдебиетімізде де зорлық, соғыс туралы ауыр тақырыптар бар. Оның барлығын балаға оқыма деп шектей алмаймыз. Баланы суицидке итермелейтін басқа факторлар да бар. Шығармашылыққа жақын бала ата-анасынан, ортасынан қолдау таппаған кезде ішкі күйзеліске түседі. Ондай балалар ауыр тақырыптардағы кітапты оқыған кезде сондай жолға түсіп кетуі мүмкін. Ал психикасы сау бала ауыр әдебиетті ақпарат ретінде қабылдайды. Сондықтан жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау – ең бірінші ата-анасының міндеті.
– Өтпелі шақта жүрген балаға мейірім мен қолдау керек. Ал біздің қоғам баланы «анау қате, мынау болмайды» деп жан-жақтан қысады.
Қоғамда атыс-шабыс, өлімге қатысты жүздеген фильм шығып жатыр. Оны «көрме» деп баланы тағы тыя алмаймыз. Ал психикалық тұрғыда сау бала ондай фильмдерді көрсе де, теріс әсерін қабылдамайды. Қазір әлемде балалардың жаппай мазасыздығы пайда болды. Бұл олардың ешбір шектеусіз, күндіз-түні әлеуметтік желілерді қолдануының салдары. Көптеген мемлекеттер 16 жасқа дейін балаға смартфон беруді шектеп жатыр. Әлеуметтік желі қыз балаларға байлықты, сұлулықты шектес тыс насихаттап, сондай болуды дәріптейді. Салдарынан, жасөспірімдер арасында кибербуллинг ушығып тұр, – дейді Раиса Қадыр.
Ата-аналар арасында «баланың тәрбиесін мемлекет пен мектепке тапсырып қойдық» деген көзқарас жиі кездеседі. Көпшілігі баласының ішкі жан дүниесіне үңілмей, тек материалдық қажеттілігін қамтамасыз етуді басты міндет санайды. Ал шын мәнінде, балаға ең алдымен ата-ананың мейірімі, жылы әңгімесі, көңіл бөлуі қажет. Өкінішке қарай, кей отбасыларда ата-ана баласының күнделікті күйзелісін байқамайды да. Бір мысал – көрші бөлмеде дәрі ішіп, өмірімен қоштаспақ болған баланың әрекетін әкесі білмей, қолындағы телефонға шұқшиып отырған. Бұл оқиға – қазіргі қоғамдағы ең ауыр шындықтың көрінісі. Яғни, баланың ішкі жанайқайы мен көмекке шақырған үнін ата-ананың немқұрайлығы көміп тастайды.
– Ата-ана баласының қандай кітап оқитынын, қандай контент тұтынатынын бақылауы керек. Өйткені жасөспірімдік кезең – құбылмалы уақыт. Бала ересек өмірге аяқ басар кезде ата-ана баласымен жиі сөйлесіп, дос ретінде сырласуы қажет. «Не оқып, не көріп» жүргенін сұрауы керек. Жасөспірімдік шақта балаға түймедей мәселелер түйедей көрінуі мүмкін. Жалпы, ата-ана баласының не істеп жүргенінен хабардар болуға тиіс. Балаға контент ұсынатын платформаларға, кітаптарға сүзгі қажет деп есептеймін. Себебі баланың санасы кез келген ақпаратты қабылдай береді. Қазір кішкентайлардың санасы «Көк трактор», «Маша мен аю» сынды мультфильмдермен уланып қалған. Сондықтан балалардың контентіне белгілі бір деңгейде тексеріс болуға тиіс, – дейді педагог Назым Сапар.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай көбіне «эмоциялық жетімдікке» әкеледі: бала ата-анасының жанында жүрсе де, өзін жалғыз сезінеді. Соның салдарынан, ол қолдау мен түсіністі сырттан іздейді – интернеттен, аниме мен кітаптардан, кейде қауіпті ақпарат көздерінен. Егер ата-ана дер кезінде көңіл бөлмесе, бұл жасөспірімнің психологиялық күйзелісін тереңдетіп, тіпті қайғылы жағдайға жеткізуі мүмкін.
– Мен жекеменшік мектепте істеп жүргенде, оқушыларым соңғы үлгідегі телефон ұстап жүретін. Былай айтқанда, материалдық жағдайлары жоғары болды. Бірақ сөйлесе келе, балалардың ата-анасымен байланысы үзілгенін білдім. Ересектердің баламен позициясы тек «ата-ана» рөлінде қалып қойған. Бірақ ата-ана тек бір формада баласына қарамай, дос ретінде тыңдай алуы қажет. Осы байланысты дұрыстасақ, қоғамда суицид те болмас еді, – деді Назым Сапар.
Кітап – білім мен тәрбие құралы. Бірақ оның мазмұны дұрыс түсіндірілмесе, әсіресе депрессияға бейім жасөспірім үшін қауіпті белгіге айналуы мүмкін. Сондықтан суицидтің алдын алу үшін тек мектеп не мемлекет емес, ең алдымен ата-ананың сенімі мен қамқорлығы шешуші рөл атқарады.
Көктем ҚАРҚЫН