Ол жазған өлеңдер мен әндер күні бүгінге дейін көптің жадында. Ақын жайлы естеліктердің мәні бөлек. Биыл ақынның туғанына 75 жыл толады. Мерейтой аясында жұбайы Манат апа ғұмырының 55 жылын ақынмен бірге өткізген күндерін тебірене еске алып, ақынның асыл бейнесі мен адами болмысын, әдеби ортаның ыстық-суығын, дос-жаранмен өткізген шуақты шақтарын шынайы әңгімелеп берді.
– Несіпбек аға бір сұхбатында: «Ақынның әйелі ақын болмаса да, ақындыққа жақын болады. Күнде өлең оқи берсе, келмей, қиыспай тұрған жерін біліп алады. Әрине, өлең жазған соң ең әуелі әйеліңе оқисың, қабырғаға оқымайсың ғой... Мен өзі 18 жасымда, 1968 жылы үйленгем...» деп айтады. Сіз сол кезде қанша жаста болдыңыз?
– Ағаң екеуміз құрдаспыз. Мен де сол жастамын. Біз Тарбағатайда бір ауылда, бір мектепті бітірдік. Бірақ ағаң менен бір жыл кейін бітірді. Мектеп бітіріп, Семейге оқуға кеткен едім. Ағаң артымнан келіп, алып кетті. Ауылда екеуміз бір жылдай тұрдық. Сосын ол Алматыға оқуға түсті. Сөйтіп, Алматыдағы ғұмырымыз басталды.
– Аға сізге сезімін қалай білдірді?
– Ол кездерді қыз балалар өте тұйық болатынбыз. Ер баламен сөйлесуге ұяламыз. 7-сыныптан бастап өлеңмен хат жаза бастады. Хатын оқимын, жауап бермейтінмін. Маған жіберген өлеңдерін қайда қоярымды білмеймін. Жыртып тастауға тағы қимаймын. Өзінен кейін оқитын төменгі сыныптың балаларынан беріп жібереді. Көрші үйдің кішкентай баласы бар еді. Сол – негізгі хат тасушы. Кейде, мектептен шыққан кезде аңдып тұрады. Көп жағдайда хатқа жауап бермейтінмін. Бір өкінетінім, сол хаттарды сақтай алмадым. Қазір кейбірі есімде де жоқ.
– Алматыға бірге келдіңіз. Үй-жай жоқ. Пәтер жалдайсыздар. Ол кезде аға студент болды ма?
– Біз Алматыға келгенде күз айы болатын. Тұрсын ағаларың (Жұртбай) бар, үшеуміз Алматының бір шетінде тұрамыз. Қазіргі Ақсай, бұрынғы Дружбада бір бөлмелі пәтер жалдадық. Тұрсын ол кезде әлі үйленбеген, үйден кісі үзілмейді. Студенттер, құрдастары, ауылдан келімді-кетімді кісі бар, аядай бөлме бәрімізге жететін.
– Тұрсын аға екеуі бала кезден дос болды ма?
– Екеуі де шығыс жақтың тумасы. Ерте кезден араласты. Әлі күнге дейін достығымыз үзілген жоқ. Бір-бірімізбен туыстай болып кеттік. Балаларымыз да бір-бірімен жақын араласады. Жүрсін Ерман, Жанболат Аупбаев – жақын достарымыз. Олар да сол студенттік шақтан бері бірге келеді. Жәнібек Кәрменов ол кезде жасы үлкен, үйге жиі келіп тұратын. Әдемі қоңыр дауысымен ән шырқағанда бәріміз ұйып тыңдайтын едік. Жәнібек Алматыға ертерек келген, КазГУ-ге жақын маңда пәтері болды. Сонда да біздің үйімізден шықпайтын еді. Біз де анда-санда барып, Жәнібектің анасының шайын ішіп қайтамыз. Сырбаз, жақсы адам еді. Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали ағалармен жақын араласты. Ағаларымыздай болған жандар еді. Олар да Несіпбекке көп қамқорлық танытты. Сол бір бөлмелі пәтерімізге кім қонақ болмады дейсіз. Кіл мықтылардың бәрі дәм татты. Университетте кураторы болған Әбілфайыз Ыдырысов аға мен жеңгей де жақсы кісілер еді. «Қыз Жібектің» ариясын айтып, концерт беретін. Адамгершілігі жоғары жақсы адам еді марқұм.
– Несіпбек аға үйдің үлкені болыпты. Білуімізше, аға көп ағайынды, әке-шешесін де кейін қалаға көшіріп алған дейді.
– Несіпбек – 9 ағайынды, өзі үйдің үлкені. Атамыз жалғыз бала болыпты. Өзі пәтерде жүрсе де, екінші курста оқып жүргенде ауылдан Алматының маңайына көшіріп әкелді. Басында Ұзынағашта тұрды, кейін Тұздыбастауға орналастырды. Олар мал бағып жүрген кісілер ғой, ауылдан ұзап шықпаған. Тұрсын күлетін: «өзің студентсің, қалай көшіріп әкеліп жүрсің?» деп. Пәтерде жүрсе де, бауырларының бәрін жеткізді.
– Несағаның алғаш өлеңіне баға беріп, газетке жариялаған Мұқағали Мақатаев екен. Бұл туралы естеліктерінде де жиі жазады. Мұқағали ағамен де жақын аралас-құралас болдыңыздар ма?
– Бетпе-бет кездескеніміз болмаса, бір дастарқанда отырған жоқпын. Редакцияда істейтін кезінде көп көріп, араласып жүретін. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі ағалармен де жақын араласты.
Исраил Сапарбаев жиі кеп тұратын. Шымкенттен келгенде, бірінші үйге соғатын еді. Кіші қызымыз туғанда есімін Исраил аға «Айжүрек» деп қойды. Ол кезде мұндай есім ешкімде жоқ, қырғызда «Айчөрек» деген бар екен.
– Қасым (Аманжолов) ағаны ерекше қадір тұтқанын жазғаны бар. Ол кісіні көре алған ба?
– Жоқ, ол кісінің өлеңдеріне ғашық боп, құмартып өскен. Оның үстіне, Қасым ағасы ғашық болған қыздар мектепте сабақ беріпті. Мұның да Қасым ағаны жақсы көруіне септігі тиген секілді. 3-курста оқып жүргенінде «Балдырған» журналында жұмыс істеді. Мұзафар Әлімбаев жұмысқа алды. Түске дейін сабаққа барады, түстен кейін жұмыс істейді. Онда біздің балаларымыз бар. Мұзағаң да – ағаларыңның өмірінде ерекше ізі қалған жақсы адамдардың бірі.
– Ең жақын достары кім?
– Жүрсін Ерман, Тұрсын Жұртбай, Жанболат Аупбаев. Профессор Құныпия Алпысбаев ағаларыңмен жақсы араласты. Қажытай аға Ілиясов бар. Ол кезде үлкен-кішіге қарамайды. Бәрі бірдей араласатын. Баянғали Әлімжановпен бауыр боп араласты. Кейде олар таңғы сағат 3-4-те де келе беретін. Таңды таңға жалғап, әңгімелеседі. Марқұм Асқар Егеубаевпен бірге бір пәтерде тұрдық. 3-4 отбасы болып, бірге тұрған кездеріміз де бар. Жаспыз ғой, бірақ олар ішімдікке жоқ болды, есесіне шахмат ойнап, әңгімелесіп отыратын.
– Несағаның айтқаны бар: «Ақын деген – көңіл күйдің адамы. Мұңайып отырсаң, мұңды өлең туады, шаттанып отырсаң, шаттық өлең туады» деп. Сондай сәттері көп болды ма?
– Әрине. Ақын деген қызық халық қой. Көңіл күйі құбылып отырады. Бірде жайраңдап отырады да, кейде мұңайып қалады. Мінезі жылдам, тез ашуланып, тез қайтады.
– ХХ ғасырдың 60-70-жылдары әдебиетке келген қаламгерлердің бағына сай қаламақы өте жақсы болды. Несағалардың заманы тәуелсіздік алған 90-жылдарға тұспа-тұс келді. Сол кездері қайтіп күн көрдіңіздер? Кітап сатып байыған жоқсыздар ма?
– Жалақымен күн кешті ғой. Алғашқы жылдары айлық аз болған соң кешкісін көлігімен кісі тасиды. Жалғыз жүруден қорқады: бір күні ұлын, бір күні қызын отырғызып алатын. Кейде мені ертіп алады. Ұсақ тиын-тебенін бермей кететін адамдар да болды. Күнделікті тіршілік қой, бірақ жұмысын да, өлеңін де тастамады.
– Ақындардың жазу стилі қызық қой. Аға өлеңді қай кезде жазатын еді?
– Көбіне түнде жазады. Көп аударма жасады. Науаидың өлеңдерін аударды. Соның көбін түнде істеді. Өйткені күндіз жұмыс істеді. Ағаң өте қонақжай адам еді. Үйімізден кісі арылмайтын. Көрші орыс апай бар еді. Сол кісі мені көрген сайын: «Үйлеріңе кісі көп келеді. Қалай асырайсыңдар?» деп күлетін. Қонақтарды жайғастырып барып таңға дейін жазумен отыратын. Науаидің өлеңін аударып, таңғы 5-те бітіргенде қатты қуанып еді.
– «Үйден кісі арылмайтын» дейсіз. Шығармашылық адамдары жиі келе ме?
– Қаламгер достары, жолдастары, ақын-жазушы інілері көп қой. Туыстар да жиі келеді. Кімді таниды, соның бәрін ертіп келе беретін.
– Несіпбек аға бір сұхбатында: «Менің әйелім өлеңдерімнің алғашқы оқырманы болып келе жатыр. Кейде дұрыс емес жерін түзейтін де болып алды» деп айтады.
– Ондай жас кезімізде болды. Бірақ кейінгі жылдары маған келіспей, «өй, сен» деп шыға келетін болған соң қойдым ғой. Басында түзей қалсам, қабылдап жүретін. Кейінгі кездері көбірек поэма жазды. Ал мен қысқа өлеңдерін оқитынмын.
– Алматыдан Астанаға көшулеріңізге не себеп болды?
– Ол кезде біраз әдеби орта сиреп қалды. Көбі Астанаға көшіп кетті. «Ел Астанаға көшіп жатыр, біз жұртта қалып қойған адам сияқтымыз ғой» деп едім, «Ой, не істейсің, жүре берейік» деді. Көктем уақыты еді, аяқ астынан Астанаға кетті. Сол жолы Астанаға көшетін боп шешім қабылдап келді. Сөйтсек, Иманғали «Астанаға кел» деп шақырыпты. 1 мамыр кезі еді, бірден тіркеуден шығып, көшіп кеттік. Ақселеу аға Еуразия университетінде жұмыс істейтін еді, сол кісінің қасына барып, жұмысқа тұрды. Кейін Сәкен Сейфуллин мұражайына директор болды. Мұражайда 10 жылдан астам жұмыс істеді.
– «Соңғы 7-8 жылда жазылған өлеңдерімнің көбі ешқайда жарияланған жоқ. Кейде қалың қағаздың арасынан тауып алып, қуанып жүрем. Жазамын да тастай салам. Әнеу күні біраз өлеңімді тауып алдым. Сөйтсем, жазғам да ұмытып кеткем. Түнімен жазып-жазып, бір жерге қоя салғам, солай қалған. Солардың бәрін жинасам бір кітап шығатын түрі бар. Мен кітап шығару жағына келгенде салақ адаммын» дейді. Ағаның еш жерде жарияланбаған өлеңдері көп пе?
– Жарыққа шықпаған өлеңдері жоқ. Бәрі жарияланды деп ойлаймын. 10 томдық жинағын шығарамыз деп ойлап едік. Оған биылғы 75 жылдығына үлгермеді.
– Қолжазбалары, естеліктері қалды ма?
– Иә, қолжазбалары бар. Кейінгі жылдары машинкамен басатын болды. Көп кітабын мектептерге өзі бар кезде беріп жіберген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен «Хамса» деген аударма кітабы шықты. Науаидің шығармаларын қазақшаға аударған жалғыз қазақ. Әлішер Науаидың 5 хамсасы бар, соның үшеуін аударды. «Ләйлі-Мәжүн» жеке кітап болып шыққалы жатыр.
– Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған танымал ән көп. Елге белгілі әншілер орындап жүр. Ағаға сөз жазуға ұсыныс көп түсетін бе еді?
– Ағаң бірінші әнді тыңдайтын.Содан кейін ғана сөзін жазады. Тұрсынжан Шапайдың әндеріне көп жазды. Қағазға жазады, ұнамаса жыртып тастайтын. Кейін қайта отырады. Жолдың бойында, көлік ішінде шығарған сөздері де бар. Қазір кей әндерді Рамазан Стамғазиев орындап жүр. Одан бөлек, әншілердің орындауында айтылып жүрген әндер көп. Жинақтап қарасақ, 67 ән бар екен. Мұның бәрі қазір жиі орындалып жүр.
– 22 қыркүйек – ағаның туған күні. 75 жылдығына орай іс-шаралар өткізіле ме?
– Балалары естеліктер жинағын құрастырып жатыр. Жылдың аяғына дейін тұсаукесері өтетін болады. Әзірге жоспар көп. ҚазҰУ конференция өткіземіз дейді. Осында өзі жұмыс істеген Еуразия университетінде де бір іс-шаралар өтетін сияқты. Өзі 10 жыл қызмет атқарған Сәкен Сейфуллин мұражайына шақырып жатыр.
– Көп ақын-жазушы күнделіктерін, естеліктерін мемуар қылып, жариялап кетті. Несіпбек аға күнделік жазатын ба еді?
– Ол кісінің жазбасының бәрі – өлең. Мұқағали ақын айтқандай: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шапан жауып өзіне қайтарды». Мақалалары, баяндамалары «Сарайымнан шыққан сөз» деген кітабында жинақталып басылды.
– Ұрпақтарының арасында атасы секілді өлеңге құмар жан бар ма?
– Өлең жазатындай әлі ешкім жоқ. Кейінгі ұрпақтарының арасынан шықпаса. Үлкен атамыз аңшы, атақты балуан болған кісі екен. Семейден шыққан Айбек Нұғымаров деген жігіт бар, сол кісі бізге жиеншар боп келеді. Сол секілді ұрпақтарының арасында кейін ақын шығып жатса, құба-құп! Маңайында жүрген талай ініге қамқор болды. Сол інілері ағаларын ұмытпай, хабарласып тұрады. Ағаң екеуміз 55 жыл бірге тұрдық. Аяқасты ауырып, мені тастап кете барды...
Ұрпағы бар, хабарласып тұратын қаламдас іні-қарындастары бар, халқына қалдырған ұлы мұрасы бар, сол жанға қуат береді.
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ