Сыр диқандары үшін бұл кезең ала жаздай төккен тердің өтеуі, қайтар сәті саналады. Атыз жағалаған ағайынның биылғы басты мәселесі су тапшылығымен тікелей байланысты болғаны әмбеге аян. Жалпы, жылдағы дәстүрге сай дала еңбеккерлері егін науқанын ерте көктемнен тың серпінмен бастады. Биыл облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себілді. Ал оның 80,9 мың гектары күрішке тиесілі.
Негізінен, Сырдың басты өнімі суды көп қажет ететіні белгілі. Осы ретте биыл дала еңбеккерлерінің шаруасын дөңгелетуіне су тапшылығының салқыны аз тимегені айтылып жүр. Әсіресе, вегетациялық кезеңнің өте күрделі жағдайда өткені көпшілікке мәлім. Соған қарамастан, шаруашылықтар егінді төкпей-шашпай жинап алу қарекетіне кірісіп жатыр.
Шындығында, дарияның қазіргі күйін көрсең көңіл құлазиды. Сираққа да жетпейтін Сыр суы сарқылудың аз-ақ алдында тұр. Су тапшылығын еңсеруде мемлекеттің қолдауы кенде емес. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет резервінен 53 жылжымалы-дизельді насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, насостардың алғашқы легін шаруалар игілігіне пайдаланған. Сонымен қатар су тапшылығын еңсеруде түрлі кешенді шара жүргізілген. Бұл жөнінде «Дала күні – 2025» күрішке алғашқы орақ салу рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысы Олжас Абайұлының, Үкімет мүшелерінің бастамасымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөздер жүргізіп, үлкен қолдау жасалды. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды, 25 дизельді қондырғыны көмекке жеткізіп, екі ай бойы су тапшылығы қалыптасқан аумақтарда уақытпен санаспай жұмыс істеді. Сонымен қатар аймағымызда арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану мақсатында егістікті кезектесіп суару мен қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін барынша шығынсыз сақтауға қол жеткіздік. Дер кезінде қабылданған батыл шешімдер мен жүргізілген келіссөздердің арқасында егіс алқаптары сумен қамтамасыз етілді», – деді аймақ басшысы.
Сырдария өзеніндегі су тапшылығы – облыс қана емес, республика үшін өте өзекті мәселе. Бұл тұрғыда дария деңгейінің жыл санап төмен түсуі, Солтүстік Арал теңізінің сарқылуы экологиялық ахуалдың асқыну қаупін тудырып тұрғаны ақиқат.
Тіршілік нәрінің қазіргі ахуалы алаңдатарлық күйде тұрғанын су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы да жоққа шығармайды. Инспекция дерегіне сәйкес, қазір Шардара қоймасындағы су көлемі 304 млн метр куб мөлшерін құрайды. Оның ішінде, қоймаға түсіп жатқан су көлемі 94,4 м3/сек, төменге тасталып жатқан су көлемі 30 м3/секундқа тең. Ал Көксарай су реттегішіндегі су көлемі 19,68 млн м3 шамасында екен.
«Әсіресе, Сыр өңіріндегі су тапшылығы вегетация кезеңінде қатты сезіледі. Биылғы ахуалдың да алаңдатарлық күйде болғаны белгілі. Нақты кезеңде Қызылорда облысы шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 54 м3 су өтуде. Бұл ретте Қызылорда су торабынан өзеннің төменгі ағысына жіберілген су көлемі 50 м3/секунд болса, Қызылорда су торабына дейін каналдармен алынып жатқан су көлемі 5,02 м3/секунд болып тұр. Сол сияқты Әйтек су торабынан өзеннің төменгі ағысына жіберілген су көлемі 30 м3/секунд, ал Қараөзек арнасымен 20 м3/секунд су жіберіліп жатыр», – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Сейітқасым Абуов.
Жалпы, ежелден Сырдария Қырғызстаннан бастау алып, Тәжікстан, Өзбекстан аумағы арқылы шығыстан батысқа қарай ағып, Арал теңізіне құйылады. Алайда кейінгі жылдары Кіші Арал мен Арал маңындағы көлдерге судың түсу мөлшері кеміп кетті. Мамандар кейінгі 12 жылда теңізге құйылатын су көлемі 27 млрд текше метрден 20 млрд текше метрге дейін күрт азайып кеткенін алға тартып жүр. Ал дерекке сәйкес, Арал теңізін қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін жылына кем дегенде 3 млрд текше метр су қажет екен. Негізінен, Сыр өңірінің экономикалық-экологиялық ахуалы Сырдария өзеніне және Арал теңізінің ахуалына тікелей байланысты екенін ескерсек, жағдайдың күрделеніп тұрғанын аңғару қиын емес.
Ішкі нарықты күрішпен қамтамасыз етуде Сыр өңірінің үлесі басым. Осы орайда күрішті өңір республиканың суармалы суының 30 пайыздан астамын тұтынып отырғаны жиі айтылады. Су мамандары тарапынан тіршілік нәріне тапшылықты тудырмау үшін күріш көлемін азайту және басқа да кешенді шараларды жүзеге асыру жайында пікір бар. Алайда кейбір сарапшылар мұның кері әсері бар екенін алға тартады.
Сырдың топырағы тұзды келеді. Егер күріш көлемін шамадан тыс қысқарту жұмыстары жүргізілсе, инженерлік жерлердің тұзданып, жарамсыз күйге жетуі бек мүмкін. Ал өңірде күріш өсірудің суармалы жерлерді тұзданудан сақтауға септігі зор. Сондықтан Сыр топырағына құрғақшылық, тұздылыққа төзімді дақылдар егу керек. Сонымен қатар жаңбырлатып, тамшылатып суару, жоңышқа сынды дақылдарды егу де маңызды деген пікір қалыптасқан. Осы орайда тіршілік нәрінің тапшылығын болдырмау мақсатында суды үнемді пайдалануға негізделген түрлі тәсіл қолданысқа енгізіліп жатыр. Оның ішінде, суды үнемдеу мақсатында жерді лазерлік тегістеу әдісі тиімділігін көрсетті. Бүгінде өңірде жерді лазерлік тегістеу арқылы суды үнемдеп қана қоймай, жоғары өнімге қол жеткізіп жүрген шаруашылық қатары аз емес. Сол сияқты суаруды автоматтандыру және есепке алу құрылғысын қолданысқа енгізген шаруашылықтар да бой көрсетті. Бұл тұрғыда облыстағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығының жасап жатқан жұмысын ерекше атап өтуге болады.
Су тапшылығына орай тіршілік нәрін үнемді пайлалану тәсілдерін қалыптастыруда Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты маманы көп еңбектеніп жүр. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері күріш өсіруде суды үнемдеудің түрлі тәсілін терең зерттеп жүрген институт бірқатар жаңа сортты қолданысқа енгізді. Соның ішінде, суды үнемдеуге негіз болатын күріштің жаңа сұрыпын ойлап тапқанын сүйіншіледі.
Институт мамандарының мәлімдеуінше, «Сыр сұлуы» деп аталатын жаңа сұрып күріштің өзге түрлеріне қарағанда ерте пісіп, жетілуі арқылы ағын суды үнемдеуге сеп болады. Яғни, қолданыстағы өзге сұрыптар 120 күнде пісетін болса, бұл сұрып 90-100 күнде піседі. Осы арқылы аз судың өзін үнемді пайлалануға жол ашады деген пікірде.
Бұған дейін ресейлік күріш сұрыптарын жиі егіп жүрген шаруашылықтар биылдан бастап жаңа сұрыпты қолданысқа енгізе бастады. Жаңа сұрыптың суды үнемдеп қана қоймай, тұздылыққа, төмен температураға төзімділігімен де ерекшеленетіні айтылады. Институт ғалымдарының 15 жылдық тынымсыз зерттеуінің нәтижесінде, дүниеге келген жаңа сұрып 1 метрге дейін өседі екен. Биыл жергілікті климатқа бейімделген, суды аз қажет ететін күріштің жаңа түрін қолданысқа енгізгендер қатарында Қазалы ауданының үлесі басым. Қазалылық күрішшілер жаңа сұрыпты 781 гектарға егіп, оң нәтиже көрсеткенін айта кеткен абзал.
Жалпы, биыл Сырдария арнасының шамадан тыс тартылып, өзен жағасының тайызданып кетуі көпті толғандырып тұр. Егінді суару маусымы артта қалып, орақ салу науқаны басталса да, дария деңгейінің қалпына келмеуі мамандарды алаңдатып отыр.
Осы орайда өңірде дарияның тартылған табанын құмнан тазалап, тіршілік нәріне толтыруға негізделген бірегей жоба жүзеге асырылғалы жатқаны да мәлім болды. Нақты айтқанда, дария деңгейін көтеру мақсатында үрлемелі су тоспасын салу жобасы әзірленіп жатыр екен. Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан жоба төңірегінде жан-жақты сұрап көрдік.
«Дария деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жөнінде әзірге нақты мәлімет болмай тұр. Жаңа жобаға келер болсақ, әлі де үрлемелі тоспа құрылысы мамандар тарапынан зерделеніп жатыр. Бірақ қаржы қаралған жоқ. Сол себепті тиісті жұмыстар қолға алынбады», – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Мамандар тарапынан жоба мақұлданып, алда су тоспасының құрылысы басталады деген үміт басым. Тың жоба сәтті жүзеге асса, келер жылы үрлемелі су тоспасының құрылысы қарқын алуы мүмкін. Осы арқылы бірінші кезекте жаз айларында Сырдария өзенінің Қызылорда қаласы тұсындағы деңгейін көтеріп, ұстап тұруға сеп болатынына сенім бар.
Қалай десек те, әзірге қаланың қорғаныс бөгетіндегі Сырдарияның демігіп жатқан сұрықсыз күйін жергілікті тұрғындар көріп жүр. Ал су тапшылығының азабын тартып, науқанды әупірімдеп аяқтаған шаруалар күріш жинау жұмысын қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмей аяқтауды көздеп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы