Сонымен қатар Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығына байланысты тапсырмалар айрықша маңызға ие болмақ. Өйткені ел экономикасының басты тірегі – ауыл еңбеккерінің маңдай тері мен жердің несібелі ырысы.
Ақмола облысы осы бағытта айтарлықтай ауқымды істерді жүзеге асырып келеді. Соның нақты мысалдарын Жарқайың мен Есіл аудандарындағы кездесулер мен жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуынан, өңірді цифрлық жаңғырту жобаларынан анық көруге болады.
Агроөнеркәсіп ілгері басты
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Жарқайың ауданы тұрғындарымен кездесуінде ең әуелі орақ науқанының уақытылы өтуі өңірдің басты міндеті екенін қадап айтты. Шындығында, бұл аудан – Ақмоланың негізгі астықты аудандарының бірі. Мұнда егіс алқабы 695 мың гектарға жуықтап, облыстағы жалпы егіс алқабының 12,6 пайызын алып жатыр.
Астықты өңірдің басты экономикалық драйвері – ауыл шаруашылығын әртараптандыруға баса назар аудару. Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 7 есеге ұлғайып, 13 мың гектарға жетті. Мал шаруашылығында «Темірлан» ЖШС сүт-тауарлы фермасы 410 басқа кеңейтілді. Биыл 2,8 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба атқаралып, сүт фермасы, астық қоймасы, мал шаруашылығы базасы құрылып, 55 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жалпы, Ақмола өңірінде биыл ауыл шаруашылығына 242,7 млрд теңге қарастырылған. Оның 63,3 млрд теңгесі – субсидиялар, қалғаны жеңілдетілген несиелер мен инвестицияға бағытталып отыр. Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы бойынша – 13,3 млрд теңге, «Кең дала-2» – 104,7 млрд теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламалары бойынша 2,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Соның арқасында биыл аймақ 7 млн тоннаға жуық астық жинап, рекорд тіркемек. Ал майлы дақылдардан алғаш рет 650 мың тонна өнім алу көзделген.
Салаға тартылған инвестиция көлемі жыл басынан бері 60,5 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан 1,5 есе артқаны мәлім болды. Ауыл шаруашылығы техникасы да жаңартылып биылдың өзінде 1 430 техника алынып, 47 млрд теңге жұмсалды.
Ақмола облысы алдағы 10 жылда әлемдік астық өңдеушілердің үздік ондығына енуге ұмтылуда. Бұл үшін Қытайдың «Далянь» компаниясымен бірлескен астықты терең өңдеу зауыты салынбақ. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд доллар. Зауыт жылына 3 млн тонна астықты өңдеп, глютен, крахмал, тыңайтқыш шығарады.
Сонымен бірге 963 млрд теңге болатын 86 инвестициялық жобаның пулына жол ашылмақ. Нәтижесінде, сүт өндірісі – 1,5 есе, ет – 1,2 есе, жұмыртқа көлемі 13 пайызға артады.
Аймақта астық экспорты да дамып келеді. Эстонияның Muga Grain Terminal компаниясымен келісім негізінде биылғы жылдың 8 айында ғана 155,6 мың тонна бидай шетелге жөнелтілген. Қатар еліне қой етін әуе арқылы экспорттау тәжірибесі жолға қойылыпты.
Дегенмен шешуді қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Жайылым тапшылығы, тұрғын үй құрылысының баяулығы, жолдар мен көпірдің тозуы, дәрігерлердің жетіспеуі сияқты халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер де айтылды. Әкім олардың бәрін бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Ауылдың дамуы тек егін және малмен өлшенбейді. Халық үшін ең әуелі сапалы медицина керек. Осыған орай Есіл ауданының Ақсай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Ол Ақсай, Орловка және Бұзылық ауылдарының 1 266 тұрғынына қызмет көрсетпек.
Жаңа нысанда физиотерапиядан бастап күндізгі стационарға дейін қызмет етеді. Ауыл тұрғыны Мақсұт Молдарахымның сөзінше, бұрынғы амбулатория тар әрі суық болған. Енді барлық жағдай жасалып жатқанына ризашылығын айтып отыр.
Бұл – Ақмола облысында мемлекеттік «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында салынған екінші амбулатория. Бұған дейін тұрғындар 60-жылдары салынған ескі ғимаратта емделген еді.
Digital Aqmola: өңірдің цифрлық болашағы
Ақмоланың дамуында инновациялық өзгерістер де ерекше орын алады. Өңірге ресми сапармен ат басын тіреген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Aqmola орталығында өңірді цифрлық жаңғырту жоспары жайында тың деректерге қанықты.
Бұл жоба көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік, экология және денсаулық сақтау салаларына біртұтас орталықтандырылған мониторинг жүргізбек. Ең бастысы, үш жыл ішінде Ақмола толық цифрлық өңірге айналады.
Мәселен, «Дихан-Плюс» қожалығында жасанды интеллект негізінде агрожүйе сынақтан өтті. Ол өнімділік пен кірісті арттыруға септігін тигізеді. Президентке әлеуметтік инфрақұрылым, жаңа ЖЭО құрылысы, газдандыру, спорттық және медициналық нысандар жөнінде мәлімет берілді.
Қосшы қаласына жаңа жоба негізінде табиғи газ қосылды. Ұзындығы 409 шақырымдық магистраль сағатына 32 800 текше метр көлемінде газ жеткізеді. Жобаның жалпы құны – 11,4 млрд теңге.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы – Ақмоланың ғана емес, бүкіл елдің стратегиялық күші. Табыстың артында мемлекеттік қолдау, жаңа технология, еңбекқор диқан мен малшы тұр. Ал Президенттің Жолдау жолдарында жүктеген нақты тапсырмалары алдағы меженің айқын бағдары болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы