Мерекелік жиынға қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты жиынды ашқан Гүлжан Сүгірбаева алдымен отбасының қоғамдағы орны мен мән-маңызына тоқталды.
«Отбасы – мемлекет пен қоғамның басты тірегі. Әр шаңырақта ұлттық дәстүр сақталып, бауырмалдық пен сыйластық орнықса, еліміздегі бірлік пен ынтымақ та нығаяды. Әрбір әулеттің тарихы – ел тарихының бөлшегі. Біз өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейміз. Ұрпақ тәрбиесі аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті», – деді ол.
Жиын барысында қатысушыларға отбасы құндылықтарын сақтаудың, жас ұрпаққа өнеге көрсетудің маңызы кеңінен түсіндірілді. Шара барысында алдын ала іріктеуден өткен отбасылар түрлі номинация бойынша марапатталды.
«Азамат тәрбиелеген отбасы» атағы қоғамға адал қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулетіне табысталды. Бұл әулеттен шыққан таеквондошы Дастан Нәжімханов еліміздің намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүр. «Күміс кереге» номинациясына 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар әулеті лайық деп танылды. Ал «Алтын шаңырақ» марапатын 50 жыл бір-біріне серік болып, берекелі ғұмыр кешіп келе жатқан Үсенбековтер әулеті иеленді.
Әр отбасының өмірлік ұстанымы – әділдік пен ізгілікке тәрбиелеу, еңбекқорлыққа баулу және ұлттық дәстүрді ұрпаққа аманаттау. Олар қоғамдық істерге белсене араласып, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді.
Жартығасырлық отбасылық өмірді артқа тастаған Өмірбек Үсембек пен жұбайы Роза Әлімбекқызының өнегелі ғұмыры көпшілікке үлгі болды. Олар ұрпағын адалдыққа, еңбексүйгіштікке, дәстүрге құрметпен қарауға баулып келеді.
«Біз үшін ең үлкен марапат балаларымыздың адал, еңбекқор болып өсуі. Осындай құрметке ие болғанымыз сол тәрбиенің жемісі. Құндылықтарды сақтап, ұрпаққа жеткізу әр ата-ананың борышы», – деді Өмірбек ақсақал.
Салтанатты кеш барысында үздік әулеттердің өмір жолынан сыр шертетін бейнематериалдар көрсетіліп, олардың тәлімді тәжірибесі жастарға үлгі етілді. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы