Осы мақсаттағы жүздесулер Түркістан қаласынан бастау алып, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде және Түркістан жоғары медицина колледжінде өтіп, кездесуге оқу орындарының профессорлары, ұстаздар мен студенттер қатысты.
«Мемлекет басшысының Жолдауы – мемлекеттік стратегияның негізі және елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси, технологиялық дамуы бойынша нақтылы жұмыс бағыттарын белгілейді. Бұл саяси құжат сенім мен ашықтыққа негізделіп, онда қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты мемлекеттің саяси ұстанымы жарияланады. Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы, барлық реформа мен өзгерістің алғы шебінде қызмет атқаратын ықпалды саяси күш болып қалыптасты. Жолдау белгілеген басымдықтар бойынша партиямыздың Түркістан облыстық филиалына қарасты 240 бастауыш партия ұйымының барлығында кездесулер өткізіліп, азаматтарды ортақ мақсат аясына топтастыруға күш біріктіріп жатырмыз», – деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.
Президент Жолдауы – басты саяси құжат болуымен қатар, ұрпақпен тілдесудің, жастардың үмітіне үн қосудың маңызды құралы. Ел көшін алға сүйрейтін жас буынның арманы мен мақсаты – мемлекет саясатының өзегіне айналуға тиіс екенін терең түсінеміз. Жолдауда кеңінен айтылған цифрлық өзгерістерді жасаушы, жасанды интеллектіні басқарушы буын – бұл бүгінгі жастарымыз. Цифрландыру ісін ұлттық идеяға айналдыруда, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ретінде қарастыруда жастарға үлкен сенім артылатыны белгілі. Осы мәселелер Түркістан жоғары медицина колледжінің ұстаздарымен және студенттерімен өткен кездесуде кеңінен сөз болды.
Осы тақырып жөнінде ойымен бөліскен Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің философия кафедрасының доценті, PhD доктор Қайнар Қалдыбай бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек, жастарымыз ғылым мен технологияны меңгеруге тиіс деп байыптады. Жасанды интеллект күрделі ғылым болғанымен, жаңа идея мен креативке толы жас толқынның қолында қуатты құралға айналатыны сөз болды. Қазақстан жастары цифрлы технологиялардың негіздерін меңгеріп жатқаны, беделді халықаралық ІТ олимпиадаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргенін алға тартты. Жастар әзірлеген стартап жобалар танылып жатқанына тоқталды.
Жастар сандық дәуірдің сәулетшісі болып саналатыны туралы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті спорт және өнер факультетінің деканы, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Бекахмет Абусейтовтың, «Жастар Рухы» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жұман Жансеріктің және Түркістан жоғары медицина колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, «Достық» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Гүлмира Алдабергенованың хабарламаларында айтылды. Жасанды интеллект пен жастар – қуатты күш екеніне, егер олар бірге әрекет етсе, тек экономиканы емес, бүкіл қоғамды өзгерте алатынына баса мән берілді.
Жиынды қорытындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы «AMANAT» партиясының миссиясы мен центристік ұстанымы барлық ресурсты Президент реформаларын жүзеге асыруға жұмылдыру болатынын айтты.
«Түркістан жоғары медицина колледжі аймақтағы орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын іргелі оқу орны саналады. Президент Жолдауында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынғаны, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілетіні жайлы айтылды. Түркістан облысында осы бағдарлама аясында былтыр 49 нысан пайдалануға берілсе, оның 23-і партиямыздың сайлауалды бағдарламасына енді. Ал биыл бұл бағытта тағы 30 нысан іске қосылады», – деді ол.
Партияның облыстық филиалы медицина ұйымдарының қажетті техникалармен жабдықталуын ерекше бақылауда ұстайды. Өткен аптада өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлының қолдауымен облыстағы жедел жәрдем мекемелеріне 60 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Жаңа автокөліктер өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, жүрек-өкпе реанимациясына арналған жиынтықтармен жабдықталған.
Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасы аясында былтыр Сауран ауданында 200 орындық «Самғау» оңалту орталығы пайдалануға берілсе, биыл тамызда 50 орындық балаларға арналған «Шұғыла» оңалту орталығы іске қосылды. Одан бөлек, Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана мен 80 орындық «Ана мен бала» орталығының құрылысы жүргізілуде. Жоспарда Сарыағаш ауданында 300 орындық жаңа медициналық кешен салу да бар.
Облыстық партия филиалы жанынан құрылған Әйелдер қанатының бастамасымен «Денсаулық керуені» жобасын іске асыруды басталды. Іс-шара аясында біліктілігі жоғары медицина қызметкерлері аудан, қалаларды аралап, азаматтарға тегін медициналық көмек береді.
Партияның Түркістан облыстық филиалына біріккен 85 мыңнан астам партия мүшесінің 9 мыңға жуығы немесе барлық мүшелердің 10,5 пайызы – медицина саласының қызметкері.
Парламент Мәжілісінің және партияның Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен дәрігерлердің имиджін көтеруде «Дәрігер Talks» алаңы жұмыс істейді. Астана қаласында партия Төрағасының қатысуымен өтетін диалог алаңына биыл Түркістан өңірінен жұмысы үздік танылған 5 дәрігер жіберілді. Олар медицина саласын жетілдіру бойынша ұсыныс-пікірлерін Денсаулық сақтау министрі мен Мәжіліс депутаттарына тікелей жолдауға мүмкіндік алды. Түркістан қалалық ауруханасының басшысы Бекзат Берденов белсенді қызметі үшін төсбелгімен марапатталды.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын таппақ. Жолдауда белгілеген нақты міндеттер мен басым бағыттарды әрбір партия мүшесі табанды түрде іске асыруға мүдделі.
Н.ҚАЛМЫРЗАТЕГІ