«Өгей баласы қолында екенін сылтауратқан»: Қостанайда 30 жастағы ер адам 1,5 миллион теңге талап еткен

Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері анықтағандай, жанжал тек қаржылық емес, сонымен қатар отбасылық сипатқа да ие болған.

Қостанай облысында полиция қызметкерлері ерекше қылмыстық істі тергеуде. Жағдайдың негізгі кейіпкері – Федоров ауданындағы 30 жастағы ер адам, ол 36 жастағы танысынан ірі көлемде ақша бопсалаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері анықтағандай, жанжал тек қаржылық емес, сонымен қатар отбасылық сипатқа да ие болған. Жәбірленушінің бұрынғы әйелі қазір күдіктінің жары, ал 11 жастағы ұлы өгей әкесімен бірге тұрады.

Осы жағдайды күдікті өз пайдасына жаратқан: шілде айында ол баланың әкесіне оның жол-көлік оқиғасына кінәлі екенін айтып, сол сылтаумен 750 мың теңге алған; кейін жаңа сылтау ойлап тауып, баланы полиция ұстады, ал мәселені «шешу үшін» 650 мың теңге қажет болды деген.

Осыдан кейін күдікті 1,5 миллион теңге талап ете бастаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол үздіксіз қоңыраулар шалып, жәбірленушіні «сөйлесу үшін» қалаға алып барған жағдайлар да болған.

Нәтижесінде, ер адам «Бопсалау» бабы бойынша тергеуге алынды. Тергеу жалғасуда, барлық мән-жайлар анықталуда.