Соның салдарынан тұрғындар ұзақ жылдар бойына су жылытқыш құрылғысымен жан бағуға мәжбүр болып жүр. Талай жыл халықтың талап-тілегі жергілікті әкімдік тарапынан қолдау таппай, олқылықтың орнын толтыру үшін қыруар қаржы қажеттігі айтылумен шектелді.
Жалпы дерекке сәйкес, Қызылорда қаласы кеңестік кезеңде өзге өңірлер секілді ыстық судың игілігін көріп келді. Ол уақытта көпқабатты үйлердің құбырынан ыстық су сарылдап ағып тұрды. Бұл жайында көзкөргендер әлі күнге дейін аңыз қылып айтып отырады.
«90-жылдарға дейін Қызылорда қаласында орталықтандырылған ыстық су жүйесі жұмыс істеп тұрды. Бізге белгілісі, сол уақытта қаладағы «Запад» шағынауданы мен қазіргі «Универсам», «Болашақ» аумағындағы жаңадан салынған тұрғын үйлерге ыстық су келіп тұрды. Яғни, қала 100 пайыз ыстық сумен қамтамасыз етілмегенімен, ішінара болса да жабдықталғанын білеміз. Тәуелсіздік алған кезден бастап сол кездегі орталықтандырылған ыстық су жүйесінің жұмысы тоқырай бастады. Уақыт өте келе ыстық су берілу мүлде тоқтады. Содан бермен қарай халық ыстық суды пайдаланудың түрлі тәсілімен күн кешіп келеді», – деп еске алады бұл жайында қала тұрғыны Сапар Ерімбетов.
Мамандар пікірінше, 90-жылдардың тоқырау кезеңінде ыстық су жүйесін ұстап қалуға қаржы тапшылығы қолбайлау болғанын алға тартады. Соның салдарынан қаланың бірқатар аумағына ыстық судың берілуі кезең-кезеңімен шектеліп, кейіннен мүлдем тоқтатылған. Содан бері бұл Сыр халқына арманға айналды.
Соған орай жалпы қүны 26,2 млрд теңгеге бағаланған бірегей жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланғаны айтыла бастады. Соның негізінде бірінші кезең бойынша 2024 жылы 185 үйге жабдықтау жұмыстары жүргізілсе, 2025 жылғы екінші кезеңде 250 үй орталықтандырылған ыстық суға қосылу көзделіп отырғаны айтылды. Тиісті жұмыстарды сапалы жүзеге асыруға міндетті операторы ретінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекітілді. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Мелиоратор», «BSG инжиниринг» ЖШС және «Көкшетаугидрогеология» АҚ жеңімпаз мердігерлер деп танылған. Бұл Сыр халқының көпжылғы арманының ақиқатқа айналар сәті таяғанын аңғартқандай болды.
Негізінен, аталмыш жобаға облыс әкімінің ұсынысымен, Мемлекет басшысының қолдауымен былтыр Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінгені мәлім. Соның нәтижесінде жоспарлы жұмыстардың алғашқы кезеңін жүзеге асыруда бірқатар тұрғын үйдің өжірелері судан тазартылып, кептіріліп, тиісті құбырлар тартылған. Бұдан бөлек, пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылғаны айтылды.
«2024 жылдан бастап қаламыздағы 185 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізу жұмысы қолға алынған болатын. Бүгінде қаламыздың сол жақ жағалаудағы 5 көпқабатты үй мен Астана-1 шағынауданындағы 13 көпқабатты үйге, С.Бейбарыс көшесінің бойындағы 9 үйге және Тасбөгет кентіндегі 5 үйге ыстық су берілді. Сондай-ақ Одежда, Автовокзал мен Универсам аумағында 34 үйге, Шұғыла шағынауданындағы 49 үйге және №5 оқу ғимараты маңындағы (КИАП) 6 үйге және Сырдария шағынауданындағы 19 үйге де ыстық су толық іске қосылды. Нәтижесінде, нақты уақытта қаладағы 140 үй тұрғындары ыстық судың игілігін көріп отыр», – деп түсіндірді бұл жайында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Ыстық сумен жабдықтау» басқармасының бас менеджері Оңғар Наят.
Осы ретте, былтырға жоспарланған 185 үйдің бір бөлігінде әлі де ыстық сумен жабдықтау жұмыстары толық аяқталмағаны мәлім болды. Алайда оған алаңдауға еш негіз жоқ екенін алға тартады. Өз кезегінде қалған үйлерге ыстық су жақын күндері қосылатынына сендірді.
«Өздеріңізге белгілі, аталмыш жұмыстарға былтыр Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінді. Соның негізінде қалған 45 көпқабатты тұрғын үй жуық арада толығымен ыстық суға қосылатын болады. Қазір барлық үйдің өжірелеріне құбырлар толығымен тартылды. Ендігі кезекте тек пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнату жұмыстары жасалатын болады», – деді өз сөзінде аталмыш басқарманың бас менеджері.
Мамандар пікіріне сүйенсек, біріншіден, ыстық су жүйесі электрлі су ысытқыш құрылғыларына (Аристон) қарағанда едәуір тиімді. Тұрғындарға ай сайынғы төлем шығыны азаятынын алға тартады. Яғни, электрлі су ысытқыш құрылғысына кететін шығынға қарағанда ыстық су жүйесінен 60 пайыздан астам қаржысын үнемдейтінін айтады. Екіншіден, ыстық су желісіне қосылу әрбір тұрғынның өз еркінде. Орнату жұмыстары тегін жүргізіліп жатқанын да жеткізді. Ең бастысы, ыстық су желісін жүргізуге жоғары сапалы материалдар, еуропалық өндірушілердің жабдықтары қолданылып жатқанын мәлімдеді.
Дей тұрғанмен, халық тарапынан аталмыш жобаға қатысты сын-ескертпелер сирек те болса естіліп қалып жатады. Соның ішінде ыстық судың игілігін алғашқылардың бірі болып сезінген қаланың сол жағалауының тұрғындары базынасын жеткізді. Халықтың пікіріне сүйенсек, қазір аталмыш шағынауданға ыстық су беру тоқтатылған. Мұны мамандар жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының жүргізілуімен байланыстырып отырғанын алға тартады. Сонымен қатар кейбір тұрғындар өжірелеріне қойылған сорғыларының жылға жетпей істен шығып жатқанын қынжылыспен жеткізді. Бұл тұрғындардың ыстық су жүйесінің жабдықтары мен жұмыс сапасына деген сеніміне селкеу түсіріп тұр.
Жалпы, 30 жылдан астам уақыт Сыр халқының арманына айналған ыстық су жүйесін жүргізу жұмыстарының жауапкершілік жүгі ауыр. Тұрғындар санға емес, сапаға көңіл бөлінсе деген пікірде. Сондықтан да тиісті жұмыстардың тыңғылықты жүргізілуі қатаң сұранып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы